Басты бет » Денсаулық » Адам өмірінің зергері

Адам өмірінің зергері

Әлем дәрігері

Бірер күннен кейін жиырма төртінші туған күнін атағалы отырған елордамыз саяси орталық болумен қатар,астаналықтар мен оның қонақтары үшін сапалы қызмет көрсетіп келе жатқан әлеуметтікнысандарымен де танымал. Осыдан тура он төрт жыл бұрын, 2008 жылы, тәуелсіз еліміздің астанасының он жылдық мерейтойы қарсаңында Астана медициналық кластері аясында құрылған Ұлттық ғылыми нейрохирургия орталығының басты ерекшелігі — науқастарға 24 сағат бойы жоғары білікті медициналық қызмет көрсетумен қатар, ғылыми жаңалықтарымен әлемдік нейрохирургия саласының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанмекеме. Бүгінгі мақаламыздың басты кейіпкері —осыОрталықтың жобалануынан бастап іске қосылуы, одан әрі қысқа мерзімде жобалық қуаттылығына жетіп, халықаралық деңгейде танылуының бастауында тұрған Қазақстанның Еңбек Ері, әлемге танымал нейрохирургғалым, қайраткер Серік Ақшолақов. Қашан көрсең де, жүзінен жылылықтың, мейірімнің сәулесі шашылып тұратын, аса сезімтал азамат, мәнді де мағыналы ғұмырының бір белесіне шыққанСерік Қуандықұлының дара жолының кейбір сәттеріне тоқталғым келеді.

1952 жылғы 3 шілдедеҰлы Отан соғысының ардагері, ұшқыш офицер Қуандық Ақшолақовтың шаңырағында ақ түйенің қарны жарылып, жары Сағынай Жалмұратқызы Серік есімді ер баланы дүниеге әкеледі. Серік балалық шағынан Ақтөбе өңіріне белгілі емші-сынықшы, балгерлік қасиеті бар нағашы атасы Жалмұрат ақсақалдың тамыр ұстау, шөппен емдеу сынды ем-домдарын көріп өседі. Жазу-сызуды білмейтін емші атасы өз кезегінде зерек немересіне келген сайын кітап оқытып, ризашылықпен батасын береді. Есейе келе СерікҚуандықұлы дәрігер мамандығын таңдауының басты себебі—нағашы атасына еліктеуден болғанын айтады. Сонымен қатар темірдей тәртіпке тәрбиелеген асқар тау әкесі мен адамгершілік пен мейірімділікті бойына сіңірген ұстаз анасының өсиет-ақылдары оның үлкен жүректі дәрігер-ғалым болуына ықпал еткені сөзсіз.

Отандық медицинаның дамуында алпыс жылдан астам тарихы бар Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының орны бөлек. Аталған білім ордасының жоғары жетістіктерге жетуіне академик Шарманов, Дайыров, Смағұлов сынды ел азаматтары аянбай еңбек етті. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының 1975 жылғы түлегіСерік Ақшолақов та туған жеріне қызмет етуді өзіне мақсат етіп қойған еді. Дегенмен кез келген адамның өмір жолында тағдыршешті оқиғалар болады. Солардың бірі  бүгінгі кейіпкеріміздің басынан өтті. Ол —сол жылдары Кеңес Одағы бойынша нейрохирургия саласын ғылыми дамытумен айналысқан бірден-бір ұйым — Н.Н.Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтының директоры, белгілі ғалым Александр Коноваловтың Ақтөбе облысына іссапармен келуі.  Бір апта бойы жанында жүрген жас маман Серік Ақшолақовқа А.Коновалов күтпеген ұсыныс айтады: «Қазақстан үшін аса қажет нейрохирургия саласын дамыту қажет. Саған нейрохирург болуды ұсынамын». Осы әңгіменің мәнін жете түсінген Серік жасы үлкен мәскеулік ғалымның ақылын тыңдап, облыстық аурухананың травматолог дәрігерлігінен нейрохирургболыпауысады. Бұл 1978 жыл еді. Ал тура үш жылдан соң Серікті профессор А.Коноваловпен қауыштырған тағы бір оқиға болады. Бұл жолы Серік Ақшолақов Н.Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына түсуге жалғыз жолдамаға ие болып, Мәскеуге келеді. Келген бойда институт директорының қабылдауына кіреді. Жылы қабылдаған Александр Коновалов аспирантураға түсуге келген қазақстандық дәрігерге мынадай кеңес береді: «Серік! Сен нейрохирург болғың келе ме әлде ғалым болғың келе ме? Егер кәсіби нейрохирург болғың келсе аспирантурадан бұрын біздің институттың екіжылдық клиникалық ординатурасын бітіргеніңді қалар едім».Бұған дейін травматология және ортопедия мамандығы бойынша клиникалық ординатураны ойдағыдай аяқтап, енді аспирантураға түсіп, ғылыммен айналысуға бет бұрған азамат үшін практикалық нейрохирургиямен айналысу  күтпеген ұсыныс болды.Дегенмен қазақ жастары қашанда үлкеннің сөзін жерге тастамаған ғой. Осы дәстүрмен Серік Қуандықұлы институт директорының кеңесімен келіседі. Алғашқы оталарын беделді Н.Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтының қабырғасында жасаған Серік Ақшолақов уақыт өте жоғары деңгейлі практикалық нейрохирург ретінде қалыптасу үшін екі жыл да аз екеніне көзі жетеді.

Қысқа мерзімде Қазақстаннан келген дәрігер талпынысымен, еңбекқорлығымен институт нейрохирург ғалымдарының сүйіспеншілігіне ие болып, аспирантураға түседі. Ғылым жолында да Серік Қуандықұлының жолы болды. Ширек ғасыр бойы Н.Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтының онкологиялық клиникасын басқарған жылдары базальдық нейрохирургтар мектебін қалыптастырған әлемдік деңгейдегі атақты практикалық нейрохирургтардың бірі Сергей Федоров (1925-1995) ғылыми жетекші ретінде бекітіледі.Серік Ақшолақов әкесіндей болып кеткен мәртебелі ұстазының үмітін толық ақтап, кейін осы институтта докторлық диссертациясын да қорғады. Бұл туралы ресейлік профессор-нейрохирург Л.Лихтерман былай дейді: «Серік әлемдік маңызы бар бірегей диссертация жазды, өйткені ол әлемде жоқ деректерге қол жеткізді. Серік көрнекі, ірі нейрохирург Сергей Федоровтың шәкірті болды, ол оның алғашқы ұстазы, бағы еді. Ұстазы Серіктің туа біткен хирургиялық, мануалдық, зияткерлік қасиеттерін тереңдетіп дамытты».

Серік Қуандықұлы Мәскеуде өмірінің он бес жылын өткізіпті. Бұл жылдар екі баланың әкесі, отбасылы Серік үшін оңай болған жоқ. Осы арада Сәкеңнің мақсат етіп қойған игі істерінің жүзеге асуына қолайлы жағдай жасаған, жарты ғасыр бойы жанында жүрген қосағы,мамандығы дәрігер Баян Төлеуқызын ерекше атағым келеді. «Алғаның жақсы болса, бұл дүниенің шырағы» дегендей, Төлеу Алдияров сынды еліне аянбай қызмет еткен асылдың сынығыБаян Ақшолақова оғаншын сүйген жары ретінде жігер беріп, отының басындағы қолдаушысы бола білді.

Бәрімізге белгілі, ел тәуелсіздігін алғаннан кейін бұрынғы Кеңес Одағының әр жерінде түрлі салада қызмет істеп жүрген отандастарымыз туған еліне деген перзенттік парызын орындау туралы ойлана бастады. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың өзі сол жылдары елге қызметке шақырылды. Осы көшпен бірге бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған Серік Ақшолақов та Қазақстанға оралды. Ол өткен ғасырдың 60-жылдарында негізі қаланған Алматыдағы дәрігерлер білімін жетілдіру институтында кафедра меңгерушісі ретінде Е.Азарова, Ә.Бірімжанова, В.Эйгинсон сынды нейрохирург ғалымдардың жолын жалғастырды. Профессор С.Ақшолақовтың елге оралғанда алғаш байқағаны, сол кезге дейін Қазақстан аумағында нейрохирургия ғылымы бойынша бірде-бір диссертациялық жұмыс қорғалмапты. Осы мәселені шешуді бірден қолға алып, нәтижесінде бірінші клиникалық ординатура, кейін диссертациялық кеңес ашылып, он жыл ішінде оның жетекшілігімен 21 кандидаттық, 4 докторлық диссертация қорғалады.Осылармен бірге елімізде нейрохирургия мәселелері бойынша іргелі монографиялар да шығарыла бастайды. Сәл алға жылжып айтар болсақ, Серік Қуандықұлының жас ғалым шәкірттері 2008 жылы ашылған Ұлттық ғылыми нейрохирургия орталығы ұжымының негізгі кадрлық құрамына енді.Бүгінге дейін С.Ақшолақовтың авторлығымен 300-ден аса ғылыми еңбек жарияланды, оның 13-і монография, 80-і шетелдік журналдарда жарық көрді. Сондай-ақ ол —13 патенттің авторы.

С.Ақшолақов практикалық нейрохирург ретінде өзінің басты дәрігерлік миссиясын ғылыми жұмыспен ұштастыра білді. Алматының Қалқаман ауданында орналасқан №7 қалалық аурухананың нейрохирургиялық бөлімшесіне барып, күрделі ота жасағаннан кейін сауығып кеткен жандар аз емес. Менің ойымша, дәл осы жылдары медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Ақшолақовтың ойында республикалық деңгейдегі дербес нейрохирургиялық ғылыми орталық құру жоспары пісіп жетілді. Осы идеяның тезірек жүзеге асырылуына тәуелсіздігіміздің жарқын жетістіктерінің бірі астанамызды Алматыдан Ақмолаға ауыстыру себеп болды.

Мемлекет тарапынан елордамызда Ұлттық ғылыми нейрохирургия орталығын салу жөнінде шешім қабылданғаннан кейін Серік Ақшолақов Америка Құрама Штаттарында, Батыс Еуропа елдерінде орналасқан заманауи, алдыңғы қатарлы нейрохирургия орталықтарының барлығын дерлік аралап, олардың қызметімен, технологиялық артықшылықтарымен жан-жақты танысты, олардың озық үлгілерін жинақтап, құрылыс жобасына енгізді. Сонымен қатар ұжымды жасақтау мәселесімен де тыңғылықты айналысты.

Нейрохирургия орталығы жұмысын бастағаннан кейін оны жобалық қуатқа шығару оңай болмады.Алғашқы жылдарықиын кезеңдер болды, күрделі оталарды Серік Ақшолақов өзі ғана жасады. Дегенмен дана Абайдың:

«Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық қылған жалықпас,

Үйретуден балаға», — деген мағыналы сөздерін басшылыққа алған  профессор С.Ақшолақов терең білімін, бай тәжірибесін, күрделі ота жасаудың қыр-сырларынорталықтың жас нейрохирург дәрігерлердің бойына сіңіруден жалықпады. Осы жылдары30-дан астам жас маман АҚШ, Италия, Швейцария, Аустрия, Германия, Израиль және Ресейдегі жетекші клиникалардың базаларында 3 айдан 6 айға дейінгі оқулардан өтті. Сонымен қатар шетелдік озық клиникалардан тәлімгерлер шақырылып, олардың тәжірибесін игеру де дәстүрге айналған.Аталған іс-шаралар қысқа мерзімде өз нәтижесін берді. Серік ағасының «шекпенінен шыққан» шәкірттердің кәсібилігі тез өсіп, бүгінде бірқатары Ұлттық   ғылыми нейрохирургия орталығының маңызды учаскелеріне жетекшілік етуде. Олардың қатарында А.Досқалиев, Н.Рыскелдиев, Т.Керімбаев, В.Алейников, Ж.Байтұрлин, С.Кәрібай, А.Нұрпейісов, Ғ.Өлеңбай, Д.Телтаев, М.Тілеубергенов, Н.Әбішев, Н.Сығай және басқалары бар.

Ұлттық Орталықтың маңызды бағыттарының бірі — ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу. Қазіргі кезеңдегі Орталықтың ғылыми әлеуеті мынадай: 2 дәрігер — медицина ғылымдарының докторы, 17 дәрігер — медицина ғылымдарының кандидаты және 1 биология ғылымдарының кандидаты болса, 6 дәрігер — PhD докторы, қалғаны —магистрлер.Дәрігерлердің көпшілігі ағылшын тілін жетік меңгерген, халықаралық конференцияларда, семинарларда Қазақстанды сенімді түрде танытуда. С.Ақшолақовтың пайымдауынша, «нейрохирург дәрігердің міндеті ота жасау арқылы ісікті алып тастау ғана емес, сонымен қатар ісіктің пайда болу себептерін анықтап, алдағы уақытта олардың алдын алу бойынша ұсыныстар енгізу». Бұл міндет —ғылыми-зерттеу жұмыстарын сапалы жүргізіп, оның нәтижелерін халықаралық ғылыми жиындарда жария ету арқылы жүзеге асары сөзсіз. Осы бағытта Серік Ақшолақовтың бастамасымен Ұлттық ғылыми нейрохирургия орталығы қабырғасында аса маңызды жиындар, съезд, конгресс, симпозиумдар өтуде. Олардың қатарында Қазақстан нейрохирургтарының I, II, III, IV съездері, Нейрохирургиялық қоғамдардың Бүкіләлемдік Федерациясының (WFNS) білім беру курстары, Нейрохирургиялық қоғамдардың Еуропалық Федерациясының білім беру курстары, Халықаралық нейрохирургтар форумы және әлемнің 56 елінен 700 шетелдік маман қатысқан нейрохирургтардың Х Азиялық конгресі. Осындай нәтижелі халықаралық ынтымақтастықтың арқасында Қазақстан Дүниежүзілік нейрохирургиялық қоғамның, Еуропалық нейрохирургтер қауымдастығының, Азиялық нейрохирургтер конгресінің мүшелігіне өтті. «Елдестірмек—елшіден»  дегендей, аталған халықаралық басқосулар медицина мәселелерін талқылағанмен, стратегиялық тұрғыда елшілік миссиясын орындайтынын атап өткім келеді.

Сонымен қатар Орталықта С.Ақшолақовтың жетекшілігімен бұрын-соңды Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда болмаған 70-ке жуық нейрохирургиялық технология тәжірибеге енгізілді. Осы арада әлемдік нейрохирургия қауымдастығын елең еткізген соңғы ғылыми жаңалыққа ғана тоқталғым келеді: Орталықта радиохирургиялық емдеудің «Алтын стандарты» болып табылатын Гамма-пышақ заманауи кешені арқылы ауыртпалықсыз, бассүйегінің трепанациясын қажет етпейтін оталарды жасау қолға алынды.  Бүгінгі таңда әлемде 400-ге жуық Гамма-пышақ қондырғылары бар екенін, оның жартысы АҚШ пен Жапонияда орналасқанын ескерсек, бұл Қазақстан нейрохирургиясының әлемдік деңгейге жеткенін танытады. Сондай-ақ Қазақстан— осындай жоғары технологиялық жабдықтары бар ТМД аумағындағы үшінші, Орталық Азияда жалғызмемлекет.

Әлемдік нейрохирургия ақсақал ғалымдарының Ұлттық   ғылыми нейрохирургия орталығы мен оның басшысына берген бағасын келтіргім келеді:

А.Коновалов, профессор: «Серіктіңтума дарынының, медицинаға деген махаббатының, нейрохирургияға шексіз берілгенінің, еңбекқорлығының, парасатталығының нәтижесінде керемет нейрохирургиялық орталық құрылды».

А.Потапов, профессор: «Серіктің орасан зор еңбегі бірегей Орталықты ашуында. Ол кәсібилігі жоғары деңгейдегі қазақ нейрохирургтарынан тұратын керемет ұжым қалыптастырды. Оларды жұмылдырып, Орталықты заманауи деңгейге көтерді». 

Л.Лихтерман, профессор:«Сергей Николаевичтің шәкірті Серік Ақшолақов Қазақстанның заманауи нейрохирургиясын құрды, Астанада ғылыми республикалық орталық ашып, өз шәкірттеріне Федоров дәстүрлерін дарытуда».

В.Хачатрян, профессор: «Қазақстан нейрохирургиясы әлемдік деңгейдегі ең үздік деген елу клиниканың қатарына енеді деп ойлаймын. Серіктің бірегейлігі оның әрі хирург, әрі азамат ретінде бүтін тұлға болғандығында. Ол мықты ұйымдастырушы, ол мақсат қойғанда біз нәтиже қандай боларын сезіп отырамыз».

Осылайша«Көз — қорқақ, қол — батыр» дегендей, қысқа мерзім ішінде қыруар жұмыс атқарылып, Серік Қуандықұлының биік беделі мен адал абыройының, ұйымдастырушылық дарынының нәтижесінде Ұлттық ғылыми нейрохирургия орталығыамерикалық және еуропалық стандарттар бойынша табысты қызмет көрсетуде. Ең бастысы — С.Ақшолақов басқарып отырған Орталық ұжымы көп жылдар бойы еліміздің шалғай аудандарынан дертіне шипа іздеп келген науқастардан бастап шетел азаматтарына дейін жоғары санатты медициналық тегін көмек көрсетіп, оның ішінде мидың кеңспектрлі ісіктерін, мидың және жұлынның қан тамыр ауруларын, Паркинсон ауруы мен өзге қозғалыс бұзылыстарын,жүйке жүйесінің әртүрлі аурулары бар балаларды нейрохирургиялық емдеу, инсульт, ота жасаудан кейінгі кешенді оңалту арқылы құлантаза айықтыруда, оларға мыңдаған адам алғысын білдіруде.Орталықта жыл сайын шамамен 4-4,5 мың ота жасалатын болса, бүгінге дейін қаншама адамның өмірі ұзарды десеңші! Осы азаматтардың қатарында өзімнің де бар екенімді, Орталықтың Серік Қуандықұлы бастаған нейрохирург-дәрігерлерінің жоғары деңгейдегі қызметін алғанымды әрдайым мақтанышпен еске аламын.  Осы нәтижелі еңбек — Қазақстанның Ата Заңында жарияланған әлеуметтік мемлекет екендігін іс жүзінде дәлелдеуде.

Серік Ақшолақовтың тәуелсіз Қазақстанымыздың медицина саласын дамытудағы ерен еңбегі елге еленді, мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Оның дәлелі — «Парасат» ордені, «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары атағына ие болып, «Алтын жұлдыз» айрықша белгісі мен «Отан» орденімен марапатталуы. Серік Қуандықұлына «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында берілуінде символдық мәні бар. Өйткені Қазақстан нейрохирургия ғылымының әлемдік деңгейге көтеріліп, озық дамыған елдер деңгейінде нейрохирургиялық көмек көрсете алуы — тәуелсіздігіміздің жарқын көрінісі, егеменді елдің жеңісі, ата-бабамыздың асыл арманының орындалуы.

Серік Қуандықұлы Ақшолақовтың бойындағы ешқашан өзгермейтін адамгершілік, мейірімділік қасиеттері оның жоғарыда аталған барлық атақ, шендерінен биік тұр деп санаймын. Күндіз-түніжедел көмекке зәру азаматтардың өмірін сақтап қалу үшін бар күш-жігерін аямау, кей кездері ұзаққа созылатын ота жасаудан кейін ертеңіне осы бір қиын да күрделі міндетті қайталауға әрдайым дайын тұру, сөз жоқ, бар ғұмырын адамзатқа қызмет жасауға арнаған үлкен жүректі, өжет, батыр азаматтың ғана қолынан келеді.

Әмірхан РАХЫМЖАНОВ,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.