Басты жаңалықтар

Шешінген судан тайынбай ма?

27 маусымда Елек өзені коммуналдық жағажайының жанындағы рейд кезінде №32 өрт құтқару бекеті жедел құтқару жасағының құтқарушысы Рустам Харченко 14 жастағы баланы судан құтқарып қалды. Құтқарушы 20 метр жерге дейін жүзіп барып, 5 метр тереңдікте суға батып бара жатқан баланы алып шығып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі қазіргі таңда зардап шегушінің жағдайы тұрақты екендігін, оған психологиялық көмек көрсетілгенін хабарлады.

Ақтөбеде жылдағыдай суға түсу маусымы 1 маусымнан басталды. Бірақ тек рұқсат етілген аумақтарда ғана суға түсуге болады. Дегенмен департамент қызметкерлері су жағасына барғанәрбір тұрғын қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы керектігін ескертеді.

Құтқарушылардан облыста қай жерлерге суға түсуге рұқсат етілгенін жағажайлар суға түсу маусымына қаншалықты дайын екендігін сұрағанбыз. Біздің сұрақтарымызға департаменттің азаматтық қорғаныс басқармасының офицері, капитан Жанболат Төлепбергенов жауап берді.

Тұрғындар қауіпсіздігі — басты назарда

 

Жанболат Төлепбергеновтің айтуынша, облыста суға түсуге болатын 72 орын анықталған. Бірақ дәл қазіргі таңда оның 64-і ғана жұмыс жасап тұр. 44 коммуналдық орын болса, 22-сі — жеке жағажай.

Суға түсуге рұқсат етілген жағажайларды 2 gis электронды карта бағдарламасы арқылы білуге болады.

— Жаздың бірінші күнінен басталатын суға түсу маусымы тамыз айының соңына дейін жалғасады. Сәуір айынан бастап жағажайларда дайындық кезеңі басталды. Жағажай иелері мен жергілікті атқарушы орган өкілдері қажетті құралдарды сайлап, құтқарушылар арнайы курстардан өтті. Курс барысындақұтқарушылар жасағына оқуға келгендер суға кеткен адамды құтқарудың тәсілдері мен оған алғашқы көмек көрсету шараларын үйренді.Көктем мезгілінде су айдындарының көлемі және түбінің рельефі айтарлықтай өзгереді. Мәселен, былтыр жазда тайыз болған жер биыл терең болуы әбден мүмкін. Сондықтан тұрғындар суға түсу алаңына барған сәтте арнайы белгілерге басты назар аударса дейміз, — дейді Жанболат Төлепбергенов.

Оның айтуынша, қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша күнделікті профилактикалық жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі таңда қалада  мобильді топ құрылып, халыққа түсіндіру шаралары жүргізілуде.

— Көп жағдайда тұрғындар құтқарушылардың ескертулерін елемейді. Тыйым салынған жерлерде, мас күйінде суға түсіп, опат болғандар да бар. Сондықтан біз түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізе береміз. Күнделікті рейдтік іс-шараларға құтқарушылардан басқа, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар мен еріктілер де қатысады. Тұрғындарға төтенше жағдай кезінде қандай шұғыл медициналық көмек көрсетілуі керек екендігі түсіндіріліп жатыр. Мәселен, 27 маусымдағы оқиға сол рейд кезінде анықталды. Абырой болғанда адам өлімі болған жоқ,  — дейді ол.

Балаңызға сақ болыңыз!

Құтқарушылар тұрғындардың тек рұқсат етілген жағажайларда ғана суға түсуге болатындығын ескертеді. Себебі бұл жерлерде сүңгуір мамандар мен медицина қызметкерлері кезекшілік етеді. Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері, капитан Жанболат Төлепбергеновтің айтуынша, қайғылы оқиғалардың болуына көп жағдайда адамдардың қарапайым ғана ережелерді сақтамауы себеп болады.

— Апаттың айтып келмейтіні белгілі. Сондықтан үлкеннің де, баланың да  суға түсу кезінде аса сақ болуын сұраймыз. Бізде тұрғындардың көпшілігі суға түсу мерзімінің жариялануын күтпестен-ақ жағажайға баруға асығады. Өткен жылы облыста 23 адам суға кетіп қайтыс болды. Ал биыл жыл басталғалы облыста 7 адам суға кетіп қайтыс болды. Оның төртеуі — бала. Сондықтан ата-аналардан балаларына мұқият болуларын, қараусыз қалдырмауларын сұраймыз. Олар балалары үшін тереңдігі 5 сантиметрден асатын су толы ыдыстардың, үрлемелі бассейндердің де қауіпті екенін естен шығармағандары жөн.Балалармен бірге демалу үшін тек арнайы жабдықталған жағажайлар мен демалыс орындарын таңдаған жөн. Бірақ жағажай маңында да балаңызды көзден таса қылмау қажет. Оларға шомылуға рұқсат бермес бұрын судың ағысын бақылап, температурасы мен тереңдігін қарау керек, — дейді капитан Ж.Төлепбергенов.

Облыс бойынша 220 орын суға түсуге қауіпті аймақ саналады. Сұхбат барысында Жанболат Төлепбергенов қауіпті аймақ саналатын қаладағы бірнеше орынды айтып берді. Өрлеу, Кірпішті елді мекендеріне барар тұстағы көпір асты су қоймасы, Жаңақоныс ауданындағы Жіңішке өзені қауіпті саналады екен. Заречный және Қарғалы елді мекендеріне барар жолдағы көпір асты сулары да сондай аймақтардың қатарында.

— 25 маусым күні Қарғалы ауданы Желтау ауылдық округіне қарасты Петропавловка ауылы маңындағы Қарғалы өзеніне 16 жастағы жасөспірім батып кетті. Құтқарушылар мәйітті куәгерлердің айтуы бойынша тауып, жағаға шығарды. Жасөспірім суға түсуге рұқсат белгісі қойылмаған жерге суға түскен. Осы ретте тұрғындарға суға шомылу маусымы басталар тұста суға түсуге болатын жерлермен қатар, суға түсуге болмайтын жерлерге де арнайы белгілер қойылатынын ескертеміз. Бірақ тыйым салынған аймақтарда суға түсу тыйылмай келеді. Сондай-ақ 18 жасқа толмаған жасөспірімдердің масаң күйде суға түсуі де жиі кездеседі.  Ондай жағдайда жасөспірімдердің ата-анасына немесе басқа заңды өкілдеріне 5 айлық есептік  көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Егер мұндай жағдай бір жылдың ішінде қайталанса,айыппұл екі есеге өседі немесе 5 тәулікке қамауға алынады, — дейді Жанболат Төлепбергенов.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ

Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаменті ескертеді.

Суға шомылу кезінде жол берілмейді:

  • мас күйінде және есірткіге масайған күйде суға түсуге және шомылуға;
  • қайықтардан, катерлерден, өткелдерден, сондай-ақ осы мақсатқа арналмаған құрылыстардан суға секіруге;
  • тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде суға сүңгуге;
  • жүзу шегін білдіретін қалтқы белгілерден асуға;
  • жүзуге арналмаған заттармен жүзуге;
  • су айдындарын ластауға және қоқсытуға;
  • жағалауда және киім ауыстыратын орындарда демалушыларды жарақаттауы мүмкін қоқыстарды қалдыруға;
  • жалған дабыл беріп айғайлауға;
  • техникалық және алдын алу белгілерінің, қалтқы белгілерінің үстіне шығуға және

 балаларға ересектердің қарауынсыз суға кіруге рұқсат етілмейді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button