Тарих

Ізімғалидың ізі

Тағзым

Мынау табиғаты тылсым тірлікте қаншама адаммен танысып, дидарласасың, байқап отырсаң, солардың әрқайсысы — бір ашылмаған әлем. Алпыс бес жас ғұмырында елінің елеулі азаматына айналған Ізімғали Көбенов те ешкімге ұқсамайтын, өмірлік ұстанымы да өзгеше, бөлек жаратылған тұлға еді.

Өткен шақпен айтылатын әңгіменің қашанда өкініші молдау болады. Өйткені адам көзі тірісінде өзі де, өзгелер де мәңгілік жүре беретіндей көреді, бір-бірінің қадірін біліп, сый-құрметін көрсетемін дегенше уақыт жылдам зыр етіп өте шығатыны және бар…

Мен Ізімғалиды, көпшілік сыйластықпен Ізеке деп атайтын оны, студент кезінен біледі екенмін.

Сексенінші жылдардың басында Алматыдан Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп келген соң облыстық «Коммунизм жолы» газетіне әдеби қызметкер болып қызметке кірістім. Сол кезде мұндағы журналистердің көпшілігі аға буын өкілдері екен. Біздің тұстастарымызға ағалық етіп жүрген Қонай Әлжанов реті келген тұста ақыл-кеңесін айтып, үлкендігін көрсетіп, бағыт сілтеп қояды. Бір күні маған «Нұрмұханбет, мынау іргедегі Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының жоғарғы курсында Ізімғали Көбенов деген жігіт оқиды. Үздік студент, белсенді азамат, ең басты ерекшелігі жазғы каникул кезінде студенттік құрылыс отрядына жетекшілік етіп, көп жұмыстарға ұйытқы болып жүр. Сол бауырымыз туралы жақсы мақала жазсаң, дұрыс болар еді. Өзгелерге үлгі болсын»,— деді.

Көп ұзамай студент Ізімғали Көбенов туралы мақалам газетке шықты. Бұл  1983 жыл болатын. Содан бері де қырық жылдай уақыт өтіпті.

Ол институтты бітіріп, қолына дипломын алған соң Темір өңірінде мамандығы бойынша еңбек етті. Аз уақыт ішінде басшылық қызметтерге көтерілді. Қызметке кіріскен соң көп ұзамай-ақ оның іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеттері туралы ел ішінде айтыла бастады.

Сол жаққа іссапарға баратын азаматтар «елде Ізімғали бар ғой!» деген сөзді ауызға алатын. Сөйтіп, оған жұртшылық сене бастады. Сол сенім оны биіктетті, жоғарыға көтерді.

Беріректе қаншама халықтық істерге араласып, қаншама ізгілікті істер жасаса, соның бәрі ел сенімінен бастау алғаны ақиқат.

Оны біраз уақытқа дейін көпшілік ақ халатты абзал жан ретінде білсе, кейінірек қоғам белсендісі ретінде тани бастады.

«Невада-Семей» халықаралық ядроға қарсы қозғалысы Батыс Қазақстан өңіріндегі филиалының директоры қоғамдық қызметі тізгінін ұстаған ол жалпы адамзат амандығы үшін айқасқа белсене кірісті. Күн-түн демей, демалыс дегенді ұмытып, Қазақстанның батысы мен шығысы арасында шапқылап жүргеніне талай мәрте куә болдық. Бүгін жолдан келіп жатса, ертеңіне тағы да сапарға аттанып бара жататыны ол үшін үйреншікті жайтқа айналғаны көпшілік үшін таңсық емес-ті.

Осындай тынымсыз жанның өмірбаяны да өзгеше. Ол Орынбор облысы Ақбұлақ станциясында 1956 жылдың 10 наурызында дүниеге келген. 1983 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының емдеу ісі факультетін бітірген соң еңбек жолын Кенқияқ ауылында дәрігер-хирург болып бастайды. Облыстық балалар клиникалық ауруханасының, Темір аудандық ауруханасының және Кеңқияқ ауылы ауруханасының бас дәрігері болып абыройлы қызмет істеді. Қоғамдықжұмыстар мен шұғылдана жүріп, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінің сырттай бөлімінде оқыды.

XXI сайланған Ақтөбе облыстық халық депутаттары кеңесінің депутаты. 1994 жылы XIII рет сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Жоғары кеңестің әлеуметтік мәселелер және денсаулық сақтау комитетінің мүшесі ретінде өзінің жанына жақын саланың көптеген проблемасын шешуге белсене араласты. Семей ядролық полигонын жабуға қатысушылар қатарында да оның есімі айрықша аталады.

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 70,80 жылдық мерейтойларын өткізу жөніндегі ҚР Мемлекеттік комиссиясының мүшесі болды. Ол Алматы да батыр қыздардың ескерткішін қоюға елеулі еңбек сіңірген еді.

Ізекеңе Қобда ауданы Әлия ауылының құрметті азаматы атағы да осындай жасампаз жұмыстары үшін берілді.

1995-1997 жылдары М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясы ғылыми кеңесінің мүшесі болуы да оның өмірбаянындағы өзгеше бір кезең болды.

1994 жылы Данияның астанасы Копенгаген қаласында өткен бүкілдүниежүзілік ядроға қарсы қозғалыс конгресінің делегациясы құрамында болды. Қазақстанның ҮЕҰ IV Азаматтық форумының делегаты, сондай-ақ «Әлем дәрігерлері ядролық соғыстың алдын алуды қолдайды» XXI дүниежүзілік конгресінің делегаты болып сайланды.

Жаһандық антиядролық альянстың дүниежүзілік конгресінің делегаты болған ол «Қалдайбек тауы», «Атамекен тағдыры», «Жарылыс қасіреті» фильмдерінің түсірілімін ұйымдастырды. Батыс Қазақстан өңірінің «Капустин Яр», «Азғыр», «Тайсойған», «Ембі-5», «Қалдайбек» сияқты бұрынғы әскери полигондарының әлеуметтік мәселелерін зерделеу жөніндегі үкіметтік комиссиясының мүшесі болуы да елге, халыққа қажетті көптеген игіліктерді орнықтыруға мүмкіндік берді.

2001 жылы «XXI ғасыр: ядролық қарудан — азат әлемге» халықаралық конференциясына қатысты, сол тұста «XXI ғасыр — ядросыз ғасыр» кітабының авторы атанды.

Денсаулық сақтау саласында терең кәсіби білімі, сондай-ақ әкімшілік-басқару және қоғамдық қызметтегі жетістіктері бар жоғары білікті маман ретінде оған 2017 жылы Өңірлік Менеджмент академиясының Төралқасы қауымдастырылған профессор академиялық атағын берді.

Ол туралы көптеген азамат көзі тірісінде-ақ жақсы бағасын берді, еңбегін құрметтеді, төрге шығарды.

Мәселен, қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев: «Ізімғали бауырымды даналыққа, парасат биігіне қол жеткізген, тұтас бір елдің қамқоршы ел ағасына айналған, кемеліне келіп, береке-бірліктің қамын ойлаған атпал азаматтың бірі емес, бірегейі десем де жарасады. Осындай асыл азаматтың өмірдегі жетістіктері мен табысын ұлағаттар жалғыз мен емес, оның еліне сіңірген еңбегі жайлы барша халық білетіндігі  шындық. Ол — ақиқатты бүркемелемей ашық айтар, өршілдік танытып, алмас сөзімен кесіп түсер қасиетімен ерекшеленіп қана қоймай, адамгершілік, кісілік, ұйымдастырушылық қабілеттерімен де дараланып жүрген арқа тұтар тұлға. Өзі қалыбынан қандай мейірбан, бауырмал, адамсүйгіш болса, жүріс-тұрысы да жігерлі, қайратты, табанды, көздеген мақсатына жетпейтынбайтындығы екінің біріне  жетіспей жататын асыл қасиет», — десе, жазушы-драматург Алтыншаш Жағанова: «Ізімғали бауырымыз жомарт жүректі жандардың, дәрігерлердің санатынан. Кез келген пенде басы ауырып, балтыры сыздағанда дәрігердің алдына жүгінбей ме? Олар болса шипалы қолымен, жан сергітер сөздерімен дертіне дауа іздеген сырқат жандардың көңілінен шығуға тырысады. Отыз жылдан астам дәрігерлік қызметінде білікті дәрігер, онкохирург, «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі»  Ізімғали Көбенов те талай адамды дертінен сауықтырып, алғысқа бөленгендігі ақиқат. Ізекең өз соқпағын өзі салды, абыройлы да  өнегелі жолды жүріп өтті. Жүрек қалауымен адам жанының арашасы дәрігер мамандығын қалады.Еңбегі еленіп, «Құрмет» орденін омырауына қадады», — деп жазды.

«Ізімғалидың Жоғарғы Кеңестің депутаты кезінде халқымыздың қаһарман қыздары — Мәншүк пен Әлияның рухын көтеріп, есімдерін ел жүрегіне етене жеткізудегі еңбегі ерекше айтуға тұрарлық. Ақтөбенің көрікті жерлерінің бірінде орамалы туған елінің самалымен желбіреп, бойынан жастықтың жігері төгілген Әлия апамыздың ғажайып ескерткішін орнатуда Ізімғалидың маңдай тері, қолының таңбасы бар. Алматыдағы бір кездегі Ленин алаңы аталған жердегі қос қыран — Әлия мен Мәншүктің лирикалық нақыштағы әдемі мүсіндерінде де Ізімғалидың маңдай тері, қолының таңбасы бар. Шұбарқұдықтың шаңыт даласын кезген шындықты жеткізуде де Ізімғалидың маңдай тері, қолының таңбасы бар».Бұл — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистика Академиясының академигі Өтеген Оралбайұлының ақжарма көңілінен шыққан ойларынан үзінді.

Ізімғали атқарған ізгілікті істердің бірі — өз облысымыздағы Шалқар көлінің жағдайын жақсартуға белсене араласқаны. 2012 жылы «Невада-Семей» қозғалысының Батыс аймақтық филиалының сарапшылар кеңесі мүшелері оның басшылығымен Шалқар көлінің жағдайын жете зерттеуге кірісті. Соның нәтижесінде көлге соңғы жылдары су қорының аз келуінің бірнеше себебі анықталды. Шалқар көлі табанының ластанып, бір метрден астам батпақтың пайда болуы, Мұғалжардағы қиыршық тас өндірісінің көл суына кері әсері белгілі болды. Шалқар көлінің ластануы халық денсаулығының нашарлауына әкеліп отыр деген тұжырым жасалып, осындай нақты дәлелдер жоғарғы органдар қарауына ұсынылды.

Бүгінде мемлекет тарапынан Шалқар көлін қалпына келтіруге байланысты нақты көмек көрсетіліп жатса, сол шаруаның оң қозғалыс табуына Ізімғали Көбеновтің де бір кісідей үлесі бар.

Ізімғали өмірден өткенінше ат үстінен түскен жоқ. Баяғының ел қорғаған ерлерінше үнемі жел өтінде жүрді. Мамандығы дәрігер Ғалия замандасымыз азаматының тілегін тілеп, оның осындай мазасыз тірлігіне түсіністікпен қарады. Олардың қос ұлы —Сырым мен Абат — бүгінде ел таныған, қоғамда өз орындарын тапқан айтулы азаматтар. Ал олардан тараған Иманғали, Дінмұхамед, Фариза, Малика, Медина, Мүсілім сияқты немерелер — Көбеновтер әулетінің жалғасы.

Ұзақ жыл ғұмыр кешіп, баласының әр қадамына алаңдап қарап отыратын анасы Мақпал әже дүниеден өткенше осы отбасының ақылшысы, бағыт сілтеушісі болды. Сыртта жүргенде алпамсадай азамат көрінетін Ізекең ана құшағына еркелеп еніп кеткенде сәби сынды болып кететінін көз көргендер әлі күнге дейін қызыға айтып отырады. Соның бәрі енді сағыныш…

Қазақстанның құрметті журналисі, танымал қаламгер Нұртөре Жүсіп ағасының алпыс бес жасқа толуы қарсаңында жазған мақаласында айтылған: «Ақтөбеден шалынған қоңыраудың ар жағындағы жарқын дауысты бірден танимын. Телефон тұтқасын ұстаған сәтте Ізекең —Ізімғали Көбеновтің өзіне тән дауыс ырғағы бірден көңіліңді көтеріп тастайды. Алғашқы сәлемдесу, амандық-саулық сұрасу  мезетінен осы бір тынымсыз азаматтың өмірге деген құштарлығы айқын аңғарылады. Сөйлескенде қуанып қаласың. Өйткені ол жан-жағына шуақ шашып жүреді», — деген тіркестер көңіліңді мұңға бөлейді.

Өйткені көпшілікке жағымды сол бір үн енді естілмейді. Оның есесіне Ізімғалидың артына айшықты із қалдырғаны ойыңа оралып, соған бір мезет тәубе еткендей боласың.

Иә, Ізімғалидың ізі өшпейді…

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button