Мереке

Полиция қызметкерлері марапатталды

Ақтөбедегі ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті.

Салтанатты мерекеге қатысқан облыс әкімі Оңдасын Оразалин сала ардагерлері мен қызметкерлерін Қазақстан полициясының мерейтойымен құттықтады.

Полиция қызметкерлерінің мерекесін атап өту — ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсібилігі мен ерлігіне, Отанға және халыққа қызмет етудің үздік дәстүрлеріне құрмет көрсету. Жыл сайын құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасы жақсарып келеді. Мұның бәрі полиция қызметкерлерінің өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін мүлтіксіз сақтау, қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы жауапты қызметі үшін жасалып отыр, — деді өңір басшысы.

Жедел-іздестіру жұмыстарындағы жоғары көрсеткіштері үшін 7 полиция қызметкері облыс әкімінің Алғыс хатымен және бағалы сыйлықпен марапатталды.

Мереке иелерін облыстық полиция департаментініңбастығы Абай Жүсіпов те құттықтады:

23 маусым ар-намыс, батылдық пен парызмерекесі. Әрбір полицейдің отбасы бұл мерекені мақтанышпен атап өтеді. Бұл күні біз қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан әріптестерімізді құрметпен еске аламыз, азаматтық борыш алдында соңына дейін адал болып қалған батырларымыздың ерлігін ұмытпаймыз. Олардың есімі мәңгі жүрегімізде.Полиция қызметкері болу — қауіпті де жауапты қызмет. Алдағы уақытта да жаңа Қазақстанның полицейлері ел мен азаматтардың үмітін ақтайды деп сенемін,—  деді ол.

Салтанатты іс-шара барысында ақтөбелік полицейлердің жұмысында қолданылатын арнайы техника мен қару-жарақ көрмесі өткізілді.Арнайы бөлімше қызметкерлері келушілерді қоян-қолтық ұрыс пен қылмыскерлерді ұстау элементтерімен таныстырды. Кішкентай қонақтарға аниматорлардың қатысуымен арнайы бағдарлама қойылды. Конкурс жеңімпаздарына тегін балмұздақ таратылды.

Осы көрмені тамашалаған өңір басшысы ішкі істер органдарының ардагерлерімен және басқа да қонақтармен бірге «Мінсіз қызметтің мерейлі белесі» кітабының таныстырылымына да қатысты. Кітапта Ақтөбе облысының ішкі істер органдарының дамуы мен қалыптасуына, жылдар бойы қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қорғауға өз үлесін қосқан танымал тұлғалар туралы баяндалған.

Салтанатты шара одан әрі концерттік бағдарламамен жалғасты. Әдемі кешті қала тұрғындарымен қатар,ішкі істер органдарының ардагерлері мен полицейлер, олардың отбасы мүшелері тамашалады. Кеш соңы ақтөбелік полицейлерді мерейтоймен құттықтауға келген әнші Асхат Тарғынның концертіне ұласты.

 «Ақтөбе-ақпарат».

Басқа жаңалықтар

Back to top button