Мәдениет

«Ер Едігенің» жыршылары өнер көрсетті

«Алақай» облыстық қуыршақ тетрында «Ер Едіге» жыршылар мектебі тәрбиеленушілерінің есеп беру концерті өтті.

Бұл мектеп осыдан бір жыл бұрын облыстық халық шығармашылығы орталығының жанынан ескі мұраларды сақтау және насихаттау мақсатында ашылған болатын. Мектептің ең жас тәрбиеленушілері алты жаста, ересектері жиырма жастан асқан. Бір жыл ішінде қалада мектептің үш филиалы ашылды. Олар Батыс-2 және Есет батыр тұрғын үй алаптарында, Қазанғап атындағы өнер мектебінде орналасқан.

Өнерпаздардың концертіне қатысқан облыс әкімі Оңдасын Оразалин тәрбиеленушілердің талабына жоғары баға берді.

«Бүгін біз балаларымыздың, жастардың қаншалықты талантты екенін көрдік. Олар  халқымыздың дәстүрлі өнерін зерттеуге үлкен қызығушылық танытатынын байқадық. Жыраулар поэзиясы — Ақтөбе жерінің бай мұрасы. Көптеген жылдар бойы өнердің бұл түрін дамытуға және танымал етуге тиісті көңіл бөлінбей келді. Сондықтан өңірде жыршылар мектебін ашу туралы шешім қабылдадық. Ата-бабамыздың бай мәдени мұрасын болашақ ұрпаққа жеткізу — біздің парызымыз», —  деп атап өтті облыс басшысы.

Концерттен кейін жыршылар мектебін одан әрі дамыту келешегі талқыланды. Өңір басшысы мәдениет басқармасына мектепке жүйелі қолдау көрсетуді, талантты тәрбиеленушілерге оқуды одан әрі орта кәсіптік және жоғары оқу орындарында  жалғастыруға көмек көрсетуді тапсырды.

Айта кету керек, жыр мектебінде ұстаздар тек оқытып қана қоймай, ғылыми қызметпен де айналысады. Жақында мектеп оқытушылары Наурызбек жыраудың 90 жылдығына орай ақынның шығармалар жинағын шығарды.

Жалпы, облыста соңғы жылдары өңірдің тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен насихаттауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Мысалы, Едіге батыр туралы естелікті жаңғырту және насихаттау жөніндегі жұмыстар аясында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізіліп, ескерткіш орнатылды, «Ер Едіге»  — Ноғайлы дәуірінің жыры» атты музыкалық жинақ шығарылды, сондай-ақ тарихта тұңғыш рет ұлы батыр туралы спектакль қойылды.

Облыс әкімінің тікелей қолдауымен өңірде халықтың бай мәдени мұрасын насихаттау жұмыстары жалғасуда.

Назерке АЙМЫРЗАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button