Басты жаңалықтарМереке

Бұл — біздің мереке

Кеше кәсіби мереке қарсаңында облыстағы 100-ге жуық бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкері марапатқа ие болды. Шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысты.
Салтанатты шара мерекелік ән шашумен басталды. Одан әрі облыстағы БАҚ өкілдерінің жұмыс барысындағы сәттері туралы бейнеролик көрсетілді.
Шарада облыс әкімі Оңдасын Оразалин облыстағы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.
— Қазіргі таңда қоғамда ақпараттандыру саласының орны ерекше. Бүгінде журналистер қауымы өзекті проблемаларды көтеріп, билік пен халық арасында алтын көпір болып отырғаны баршамызға белгілі. Біз сіздердің еңбектеріңіздің арқасында қоғамдағы, елдегі, әлемдегі жаңалықтарды, мәселелерді біліп отырамыз. Сіздердің қызметтеріңіз қашан да қиын, үлкен жауапкершілікті, ыждағаттылықты қажет етеді. Әсіресе бүгінгідей интернеттің қарыштап дамыған заманында басылым беттерінде, теледидар арқылы шынайы ақпараттарды тез, үздіксіз жеткізу сіздердің осындай толағай еңбектеріңіз арқасында жүзеге асырылуда. Сол үшін сіздерге облыс басшылығы атынан ризашылығымды білдіремін. Бүгінгідей мереке күні қиын да жауапты еңбектеріңізге табыс тілеймін, — деді Оңдасын Сейілұлы.
Мерекелік шарада БАҚ саласының 20 қызметкері облыс әкімінің Алғыс хаты мен арнайы сыйлығымен марапатталды. Олардың қатарында облыстық «Ақтөбе» газетінің ақпарат және саясат бөлімінің меңгерушісі Данагүл Қазихан мен осы газеттің тілшісі Ақерке Сатыбалды, облыстық «Актюбинский вестник» газетінің екі бөлім меңгерушісі Ләззат Егібаева, Айжан Шауқұловалар бар.

Сондай-ақ 10 адамға Ақтөбе қаласы әкімі Асхат Шахаровтың Алғыс хаты мен сыйлығы табыс етілді. Оның ішінде облыстық «Ақтөбе» газетінің тілшісі Ақбота Қалдыбек пен облыстық «Актюбинский вестник» газетінің корректоры Елена Пантина бар.
Шарада жалпы саны 50-ден астам бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкеріне облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева облыстық басқармалар мен аудан әкімдерінің атынан Алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті.

Сонымен қатар салтанатты шарада БАҚ саласында көп жыл еңбек еткен 17 ардагерге құрмет көрсетілді. Олардың қатарында облыстық «Ақтөбе» газетінде ұзақ жылдар қызмет атқарған Аманқос Орынғалиев, Жанғабыл Қабақбаев, Ертай Ашықбаев, Сағындық Ниянқұлов, Нұрмұханбет Дияров, Зияш Телеуова, Зәуреш Басығараевалар бар.
— Мерекеде облыс басшылығы ардагерлерге құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасап жатыр. Үлкен алғысымызды айтамыз. Облыс басшысы журналистердің мерекесінде жыл сайын ардагерлердің еңбегін елеп, құрмет көрсетіп отырады. Біз, ардагерлер қауымы, бұған қуаныштымыз. Бүгінгі думан ерекше болып жатыр. Ұйымдастырушылардың үлкен еңбегі көрініп тұр.
Мен өзім облыстық «Ақтөбе» газетінде ұзақ жылдар еңбек еттім. Талай қабырғалы қазақ журналистерiнiң қаламын шыңдаған, ұстахана саналған облыстық басылым бүгінде оқырмандарға Ақтөбе облысының келешегі зор, берекесі мол бүгіні мен ертеңін жаңа қырынан танытып, өңірдегі соңғы жаңалықтарды жеткізіп келеді. Алдағы уақытта да басылым ел мүддесi жолында еңбек етеді деп сенеміз. Осы орайда өзім еңбек етіп кеткен ұжымды, барша іні-қарындастарымды мерекемен құттықтай отырып, елiмiздiң көркейiп, гүлдену жолындағы шығармашылық еңбектерiне толағай табыс тілеймін. Әрдайым еліміздің рухын көтеретін жағымды жаңалықтар көп болсын!, — деп тілегін білдірді Қазақстанның құрметті журналисті, еңбек ардагері Аманқос Орынғалиев.
Ал «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының баспасөз хатшысы Альмира Бисекенованың бұл салада еңбек еткеніне 18 жыл болыпты. Ол 13 жыл облыстық телеарнада абыройлы қызмет атқарған.
— Пандемия кезінде елімізде дәрігер, мұғалім сынды мамандықтармен қатар, журналистердің де қадірі артты. Расында, телеарна, радио, басылым тілшілері коронавирус инфекциясы кезінде алдыңғы шепте жүріп, басын қауіп-қатерге тігіп, еңбек етті. Халыққа шынайы, ресми ақпарат жеткізуге тырысты. Осы орайда Шерхан Мұртаза атамыздың «Журналистердің арқалағаны — алтын, жегені — жантақ» деген сөзі еріксіз еске түседі.
Міне,бүгін сол әркез ізденісте жүріп, оқырманға, көрерменге жағымды жаңалық жеткізуге тырысатын журналистер мерекеде бас қосып жатыр. Кеш керемет өтуде. Мерекелік шараны ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Біз, баспасөз хатшылары, барша бұқаралық ақпарат құралдарымен әрдайым байланыста болып, бірлесе жұмыс жасаймыз. Сондықтан біз үшін барша журналистің орны бөлек, — дейді ол.
Айта кету керек, биылғы мерекеде Ақтөбе тарихында алғаш рет журналистердің гимні шырқалды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның идеясымен жазылған гимннің сөзін жазған — Нұргүл Нөкен, әнін жазған — әнші, сазгер Дулат Айтжанов.
Шара соңында:
— Журналистер — жаңалықтың жаршысы,
Намысым мен рухымның қамшысы.
Жарқыл ой мен тұнығы алтын көмбенің,
Көсемсөз бен даналықтың тамшысы, — деп басталатын гимнді барша БАҚ өкілдері қосыла шырқап, ерекше көңіл күймен тарасты.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button