Басты жаңалықтарМереке

Мерейтой және марапат

«Кеше Ақтөбедегі ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті»,- деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Іс-шара басталмас бұрын облыс әкімі Оңдасын Оразалин ақтөбелік полицейлердің жұмысында қолданылатын арнайы техника мен қару-жарақ көрмесімен танысты.
Арнайы бөлімше қызметкерлері жиналған қонақтарға қоян-қолтық ұрыс пен қылмыскерлерді ұстау элементтерімен таныстырды. Кішкентай қонақтарға аниматорлардың қатысуымен арнайы бағдарлама қойылды. Конкурс жеңімпаздарына тегін балмұздақ таратылды.
Одан кейін өңір басшысы ішкі істер органдарының ардагерлерімен және басқа да қонақтармен бірге «Мінсіз қызметтің мерейлі белесі» кітабының тұсаукесеріне қатысты. Кітапта Ақтөбе облысының Ішкі істер органдарының дамуы мен қалыптасуына, жылдар бойы қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қорғауға өз үлесін қосқан танымал тұлғалар туралы баяндалған.

Сахнада ерекше көзге түскен полиция қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты түрде жедел-іздестіру жұмыстарындағы жоғары көрсеткіштері үшін 7 полиция қызметкері облыс әкімінің Алғыс хатымен және бағалы сыйлықпен марапатталды.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин сала ардагерлері мен қызметкерлерін Қазақстан полициясының мерейтойымен құттықтады.
«Жыл сайын құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасы жақсарып келеді. Мұның бәрі полиция қызметкерлерінің өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін мүлтіксіз сақтау, қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы жауапты қызметі үшін жасалып отыр.
Полиция қызметкерлерінің мерекесін атап өту – бұл ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсібилігі мен ерлігіне, отанға және халыққа қызмет етудің үздік дәстүрлеріне құрмет көрсету», – деді Оңдасын Оразалин.
«23 маусым – ар-намыс, батылдық пен парыз мерекесі. Біздің елімізде әрбір полицейдің отбасы бұл мерекені мақтаныш сезімімен қарсы алады.
Бұл күні біз қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан әріптестерімізді құрметпен еске аламыз, азаматтық борыш алдында соңына дейін адал болып қалған батырларымыздың ерлігін ұмытпаймыз. Олардың есімдері мәңгі жүрегімізде.
Полиция қызметкері болу – қауіпті де, жауапты қызмет. Алдағы уақытта да жаңа Қазақстанның полицейлері ел мен азаматтардың үмітін ақтайды деп сенемін», – деді өзінің құттықтау сөзінде облыстық полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов.
Одан әрі салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен ұйымдастырылған полиция департаменті қызметкерлері дайындаған музыкалық нөмірлерді облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ ішкі істер органдарының ардагерлері мен полицейлердің отбасы мүшелері тамашалады. Кеш соңы ақтөбелік полицейлерді мерейтоймен құттықтауға келген әнші Асхат Тарғынның концертіне ұласты.
«Ақтөбе-ақпарат».

Басқа жаңалықтар

Back to top button