Ауыл

Мақсат – өмір сүру деңгейін жақсарту

Жолдау

«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы жанынан құрылған ақпараттық-насихаттық топтар облысты аралап, Елбасы Жолдауына байланысты кездесулер өткізуде. Жақында облыстық филиал төрағасының орынбасары Дариға Байжанова, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты, Қазақстан Республикасы Азаматтық Альянсының Ақтөбе облысы бойынша президенті Тәттігүл Талаева, облыстық мәслихаттың депутаты, «Қарашатау» ЖШС директоры Александр Чемоданов Әйтеке би ауданының Қарабұтақ, Комсомол селоларында жергілікті тұрғындармен жүздесті.

– Елбасы басқаратын «Нұр Отан» ХДП халық алдында берген уәделерін орындап келеді, – деді Дариға Татранқызы. – Біздің облыста 27 мыңнан астам партия мүшесі бар. Олардың қай-қайсысы да партия басшылығы қойған мақсаттар мен бағыттардың жүзеге асуы үшін жұмыс істеуде. Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан облыста іргелі істер атқарылуда.

«Нұр Отан» ХДП Әйтеке би аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихаттың хатшысы Ақансері Ермағанбетов аудандық, облыстық мәслихаттар депутаттарының тыңығылықты жұмыстарын атап өтті. Сондай-ақ, ол дағдарысқа қарсы күрес әрбір отбасынан басталуы керектігін баса айтты. Ол үшін үйдің ауласында картоп, көкөніс өсіріп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қолға алу қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар кеңес уақытында салынбаған жаңа үлгідегі мектептер мен балабақшалардың шалғай ауылда бой көтеріп жатуы еліміздің әлеуетін көрсететінін мысалға алды.

Тәттігүл Талаева Елбасының биылғы Жолдауы ерекше екеніне тоқталды. Бұрынғы Жолдауларда ұзақ жылдарға арналған стратегиялық бағыттар көрсетілсе, биыл қаржы дағдарысына байланысты қысқа мерзімді жоспарлар алға қойылды. Қазірігі кезде халықтың жұмыссыз қалмауы, оның ішінде қажетті мамандыққа бейімделу мәселесі көтерілді. Дағдарыс қиындықтарына бой бермеудің нәтижесінде көптеген жаңа кәсіпорындар салынып, жұмыс орындары ашылуда. Халыққа, әсіресе, аз қамтылған отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсету Жолдауда нақты көрсетілген. Ал ауыл еңбеккерлерін қолдау мақсатында агроөнеркәсіп кешеніне арналып 120 миллиард теңге бөлу қаралды.

Кездесу өткен Т.Щевченко атындағы Қарабұтақ орта мектебінде оқыған Александр Чемоданов Жолдауға қатысты айта келіп, осы мектепке қаржылай көмек беру парызы екенін де есіне алды. Сондай-ақ, өзінің кәсіпорны есебінен ауыл шаруашылығы мамандарын оқытуға әзір екендігіне уәде берді.

Мектеп директоры Аманкелді Жанқұлов мұғалімдердің жалақысы көтерілгенін, өткен жылы 9 миллион теңге бөлініп, мектепке күрделі жөндеу жүргізілгенін атап айтты.

Мектеп мұғалімі Лаура Оразалина ұстаздар жалақысының көбейгеніне ризашылығын білдірді.

Аудандық орталық ауруханада, кәсіптік лицейде болған кездесулерде бас дәрігер Жақсылық Қасымов, дәрігер Еркін Байдәулетов әйтекебиліктердің дағдарысты айтарлықтай сезініп отырмағандарын жеткізді.

Аудан әкімі Есімқан Есенбаев ауданда Жолдауға сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарды айта келе, жастарды бүгінгі заман ағымына қарай оқыту қажеттігіне тоқталды.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button