Жаңалықтар

Мереке құтты болсын, әріптес!

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ,

«Ақтөбе»

Ойтүрткі

… Жақында жеке шаруашылығы бар бір құрбыммен кездесіп қалдым. «Шаруашылыққа қойшы таба алмай жатырмыз. Үйін береміз, соғымын береміз, барлық жағдайын жасаймыз, ай сайын 150 мың теңге жалақы береміз. Соған ешкім келмейді, көп ақша сұрайды», — дейді. «Бүгінгідей қымбатшылық заманда жалақысы аздау екен, оған кім бара қояды дейсің?», — дейін дедім де, тілімді тістеп қалдым. Тістеген себебім де бар…

… Ілкіде сенатор Нұртөре Жүсіп журналистердің жалақысын арттыруға қатысты мәселе көтерген болатын:«Журналистер не бюджет қызметкеріне, не коммерцияға жатпайды. Адамның қолымен жасалатын игілік бар.Адамның миымен жасалатын игілік бар.Журналист қауымы қолмен де, миымен де осындай игілікті жасайды.Тек журналистер емес қанша оператор, қанша видео инженер техник, монтаж жасаушы бар. БАҚ өкілдерінің айлығы елдегі орташа айлық көрсеткішінен де төмен. «Қазақстан», «Хабар», «Егемен Қазақстан», Қазақ газеттері, Қазинформды қоса алғанда, биылғы орташа жалақы 202 мың теңге көлемінде.

БАҚ қызметкерлері творчествомен айналысады. Демек, оймен, ақылмен өндіреді. Еш мәртебеміз болмаса, онда бізді өндіріс саласына жатқызып қаржыландырыңыздар! Үкімет осы мәселені қашан реттейді — деді.

Сөзіңді біреу сөйлесе, тілің қышып бара ма? Тілің «қышиды» ғой, бірақ әлгіндей қойшы іздегендерге келгенде «тістеп» қалуға тура келеді. Себебі менің ой қуған әріптестерімнің жалақысы қой қуғанның алатынының ар жақ-бер жағында, «үй мен соғым» деген «бонус» бізде жоқ. Оның үстіне облыс баспасөзінің қарашаңырағы қос басылымның әлі күнге басыбайлы баспанасы болмауы әріптестерімді қатты қынжылтады.

Шерхан Мұртазаның уақытында журналистер «жантақ жеп, алтын арқалады». Ал бүгінгі ақпараттық майданның қақ ортасында жүрген журналистердің арқалағаны алтыннан да бағалы.«Жегені» өзгерді ме, білмеймін… 

Бүгінгі қоғамның көңіл күйінің «құлағын» бұрап отыратын барометр — әлеуметтік желілер. Ал әлеуметтік һәм әлемдік желі әртүрлі ақпаратқа толы. «Ақпарат кімнің қолында болса, әлем соның уысында» деген тұжырымды бәріміз білеміз. Демек, ақпарат — қару. Айналасының астаң-кестеңін шығаруға қабілеті бар «ақпараттық соғыс» дегеннің қаупі жоғары. Жазушы, ғалым Ақселеу Сейдiмбек 2016 жылы республикалық сайттарға берген бір сұхбатында былай депті: «Қазақ халқы қазiр соғыс, ашаршылық, репрессия сияқты сойқандарды көрмей-ақ, ақпарат­тық экспансияның құрбаны болып, ұлттық төлтумалығынан айыры­лып, ұлт ретiнде сөнiп бара жатқа­нын көз көрiп, көңiл тiксiнiп отыр. Қазiр, тура мағынасында, Қазақ­станда ақпараттық соғыс жүрiп жатыр және осылай кете берсе бұл соғыс барысында қазақ ұлтының жеңiлетiн түрi бар. Дәлiрек айт­қанда, қазақ ұлты өзiнiң ұлттық болмысын жоғалтып, төлтума құндылықтарынан жұрдай болып, ендi бiрер ұрпақ алмасқанда геосаяси тобырға айналып шыға келетiнi айқын байқалып отыр».

Ал ұлттың болмысы мен төлтума құндылықтарын сақтауға, әлбетте, әртүрлі саладағы ұлтқа шын жаны ашитын мамандармен бірге қалам ұстағандар да қызмет ете алады. Осындай ұлы миссияны атқарып келе жатқан әріптестерімді  28 маусым — Журналистер күнімен құттықтай отырып, шығармашылық табыстар тілеймін!

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button