Мереке

Корректор болғанына қырық жыл

Биыл жарыққа шыққанына 90 жыл толатын аудандық «Шалқар» газетінде ұзақ жылдар бойы табан аудармастан еңбек етіп, ұжымдастарына ақылшы әріптес атанып жүрген Клара Мұқанованың газет өміріндегі еңбегі айрықша.
Басылым оқырман қолына жеткенше редакция мамандарының сан мәрте сүзгісінен өтетіні белгілі. Осындайда корректорға жүктелер міндет тым жоғары. «Арық атқа қамшы жау жыртық үйге тамшы жау», демекші, корректордың «жауы» — «ұры әріптер». Осы бір теңеу сөздерді әріптесімізге анасы КСРО баспасөзінің үздігі, бүгінде сексен жастың биігіне шыққан Зұлқия Іскендірова ұдайы айтып отырады екен. 35 жыл осы газетте тілші, корректор болып жұмыс істеген анасының ақыл-кеңесін қызы Клара үнемі жадында ұстайды.
— Менің редакция жұмысына араласуыма бірден-бір себепші болған — анам. Ол 1957 жылы Шалқардағы 1 қазақ орта мектебін бітірісімен аудандық атқару комитетінде машинист болып жұмысқа орналасқан. Кейін сол кездегі «Социализм туы» (қазіргі «Шалқар») газетінің редакторы Тілеужан Шойғариннің шақыртуымен аудандық газетке машинист болып жұмысқа орналасып, оған корректорлық қызмет қоса жүктеледі. Анам өте пысық, жұмысқа алғыр болды. Қайратты шағында корректор-машинист бола жүріп, жергілікті газеттерге мақалалар жариялап тұрды, аудандық радиотораптан жаңалықтар оқитын. Оның жұмыстағы осындай белсенділігі мені тәнті ететін-ді. Сөйтіп 1982 жылдың жазында осы «Шалқар» газетіне корректор болып жұмысқа орналастым. Ол кезде газет редакторы Тауман Төреханов еді. Мінезі кең, жастарға үйретері мол ағаны бәріміз Тау аға дейтінбіз. 18 жасымда редакцияның қызу жұмысына араласып кеткен маған Тау аға: «Анаңнан артық ұстаз жоқ бұл ортада, бәрін содан үйреніп ал», — деп жиі айтатын. Бұрын аудандық газеттер аптасына үш мәрте шығатын, әріптері қорғасын, қолмен теріледі. Жұмыс өте ауыр, газет шығатын күні бозала таңға дейін редакцияда боламыз, — дейді әріптесіміз өткен шақты еске алып.
Клара Жақсылыққызы — уақыт ағымымен өлкелік газет жұмысын өрлетіп келе жатқан «Шалқар» газеті редакциясындағы майталман мамандардың бірі. Жаңа нөмірдің соңғы нүктесі қойылар сәтінде газеттің әр бетіне қайта-қайта үңіліп тексереді. Қолға енді тиген газеттен қате көріп қалса, бәріне өзін кінәлі санап қынжылатыны бар. Сондайда анасының: «Аудандық газеттің әр нөмірінде жарияланатын мақалаларда бес мыңдай тыныс белгі болады. Сол тыныс белгілердің өз орнында тұруын жіті қадағалау өзіңе де, газетке де үлкен абырой», — деген сөзін жиі есіне алады.
«Шалқар» газетінің 50 жылдығында жұмысқа орналасқан Клара Мұқанованың әріптестері ортасында беделі жоғары. Газеттің әрісінен әңгіме қозғар болсақ, апайдың айтарына әрдайым құлақ түреміз. Ол кезінде редакцияға арнайы ат басын бұрған Тахауи Ахтанов, Үмбетбай Уайдин, Көпен Әмірбек, сынды т.б. зиялы қауым өкілдерінің көзін көрген. Ауданның жылнамасын өз қолымен теріп, газет қылып қаттап келе жатқан тәжірибелі мамандардың бірі.
Ал үйде өмірлік серігі Қазыбек ағай екеуі Зәуре, Аружан есімді моншақтай қыздарды тәрбиелеп өсіріп, орта мектепті «Алтын белгімен» аяқтатқан талапшыл ана.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,
Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button