Мереке

Аудандық газеттен қанат қаққандар

28 маусым — Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні

Оларды бүгінде аға буын қатарына қоса бастады.
Сонау сексенінші жылдардың басында баспасөз сардарлары қатарына енген Жұбаныш Байғуринов пен Марат Мырзалының алғашқы қадамдары аудандық газетте басталды. Уақыт өте келе екеуі де есімдерін ел білетін тәжірибелі журналистерге айналды.
Бүгінде олар журналистика саласында тікелей еңбек етпегенімен, қаламдары әлі де қайраулы, бұрынғы бабында. Өйткені олар осы мамандықты өздерінің өмірінің мәні деп есептейді.

Жұбаныштың жолы

Жұбаныш Байгуринов өзінің журналистикадағы жолдарын еске алғанда ең бірінші өзіне бағыт-бағдар беріп, жылы сөзімен қадамына қуат бітірген тәжірибелі редактор Көпжан Жалдыбаев ағаны алға салады. Екі тілде шығатын басылымның басшысы үшін ең бастысы екі тілді еркін білетін жас жігіттің редакцияға келуі үлкен қуаныш болған сыңайлы. Мал шаруашылығы мен егіншілігі қатар дамыған Алға ауданында бірінен соң бірі үздіксіз келіп жататын науқандардың барысын тұрақты көрсету, еңбек адамдары туралы жазу газеттің басты міндеттерінің бірі болатын. Осындайда редактордың Жұбаныш сынды қаламы жүйрік, елгезек жігіттерге арқа сүйейтіні анық.
Сол сенімнен ол шыға білді. Өзінің күнделікті жұмысы өз алдына, облыстық «Путь к коммунизму» газетіндегі әріптестері тапсырма бере бастады. Оны орындау да оңайға соқпайтын-ды. Талай шаруалар түнгі ұйқының, демалыс күндерінің есебінен орындалып жатты.
Жұбаныш Сүлейменұлы одан кейін өңірлік «Болат жол»-«Стальная магистраль» газетінде қызмет атқарды. Оның ендігі көп күні теміржол бойында өтті. Бүгін редакцияда отырса, ертеңіне пойызға мініп алып жол шегіп бара жатады. Теміржолшылардың өмірі, жол бойының күрделі мәселелері салалық басылым бетінде жарық көріп, тиісті орындарға талай рет қозғау салынды.
Облыстық «Актюбинский вестник» газетіне ол кәсіби даярлығы мол, өмір тәжірибесін бойына жинақтаған, қаламы ұшталған журналист қалпында келді. Газеттің ауыл шаруашылығы бөлімінде қызмет атқарған ол бұл саланың кәнігі маманы секілді көрінетін. Кешегі кеңшар-ұжымшарлардың тарауы, жекешелендіру процестері, жеке кәсіпкерліктің қолға алынып, шаруа қожалықтарының құрылуы — осындай шаруалардың барлығы да оның қаламынан көрініс тапты.
Жұбаныш газеттің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары қызметі сатыларынан өтті. Содан кейін бас редактор болып тағайындалды. Бүгінде ғасырлық биікке көтерілген облыстық «Актюбинский вестник» газетінің тарихында сол уақытқа дейін қазақ кадрларының мұндай жауапты тізгінге ие болуы мүмкін емес-ті. Жұбаныш Сүлейменұлының редактор болып келуімен басылымның бет-әлпеті түгелдей өзгерді, жаңаша сипат көріне бастады.
Республикалық «Казахстанская правда» газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі болып тағайындалуы оның шығармашылығына кең өріс ашқан бір кезең болды. Өзі туып-өскен өңірдің өркенді өзгерістері, жақсы жаңалықтары жоғары жол тартып жатты. Бұл басылымда да оның айшықты қолтаңбасы қалды. Ұзақ жыл еңбек еткен ұжымы оны былтыр ғана еңбек демалысына құрметпен шығарып салды.
Ақпарат саласының үздігі Жұбаныш Сүлейменұлымен кеше ғана хабарласқанымда астанамызда жүргенін, әзірге негізгі жұмысы немере бағу екенін айтты.

Мараттың мәртебесі

Аудандық газеттің ауыр жүгіне иығын төсеп, біраз жыл қаймықпай көтерген қалам иелерінің бірі — Марат Мырзалин.

Оның баспасөзге келуінің де өзіндік ерекшелігі бар. Мектепте оқып жүргеннен-ақ газеттерге шағын хабар, мақала жаза бастады. Бірі шығады, екіншісіне жылы жауап келеді. Басылым бетінде аты-жөнінің жазылуы оны жігерлендіріп, журналистика әлеміне қарай ұмтылдыра түседі.
Марат әуелі Алматы қаласындағы полиграфистер даярлайтын орта арнаулы оқу орнын бітірді, содан кейін Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде сырттай оқып, тәлім алды.
Ол үшін аудандық газетке қызметке орналасу да бір арман болды. Жазғандарын күн сайын оқып, сыртынан есімдерін қадір тұтатын ағаларының қатарына қосылу бала кезіндегі жақсы бір қиялы еді.
Сол мақсаты орындалған тұста «Ырғыз» газетін отыз жылдан астам басқарған Әжібек Мәліков ағасы алғашқы күннен-ақ жас қызметкерінің іске мұқияттылығын, қаламының желі бар екенін байқап, жауапты жұмыстар тапсыра бастағаны бар. Алыс ауылдарға, шалғай елді мекендерге көлік таңдамай, жағдай айтпай тартып кете беретін сәттер бүгінде көз алдында ертегідей елестейді.
Ол уақытта газет аптасына үш рет шығады. Оқырмандардың баспасөзге деген ықыласы да ерекше. Осылайша күн-түн қатып жүріп қаламы ширай түсті, тәжірибе жинақтады. Газеттің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, редактордың орынбасары лауазымдары сатысынан өтті. Ал 1996 жылы редактор болып тағайындалды.
Облыстық «Ақтөбе» газетінің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында ол редакция ұжымына өзгеше сыйлық алып келді, яғни басылымның 1985 жылдан 2000 жылға дейінгі тігінділерін толығымен ұқыпты сақталған күйінде жеткізді.
Марат Қапанұлы — әлі күнге дейін облыстық «Ақтөбе» газетінің белсенді тілшісі. Оның бұл еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Осыдан бірер жыл бұрын «Ақтөбе Медиа» компаниясының басшысы Раукен Отыншин оның қолына Жамбылдағы Мерке санаторийіне демалып қайту үшін жолдаманы ұстатқаны — журналистің өнімді еңбегінің қайтарымы.
Баяғыда Алматыға барып жүргенінде Ұлттық кітапханадан аудандық «Ырғыз» газетінің отызыншы жылдардағы ескі сандарын қарап, әуелі «Шаруа тілі», кейін «Колхозшы» атанған басылымды латын қарпінде оқығанын өзіне бір олжа санайды. Кейінірек сол «Шаруа тілі» газетін ашуға атсалысқан белгілі журналист Кәрім Ержановпен жолығып, мақала жазды.
Марат бүгінде Ырғыздағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры. Әрине, көзі үйреніп қалған көпшіліктің оны әлі де журналистика саласынан көргісі келетіні анық.
Бірақ тәжірибелі қалам иесінің бұл қызметі жалпы халық үшін тіпті пайдалы. Ол тұрғындарды руханият әлемінің мол қазынасына сусындату ісінде көптеген шаруалар тындыруда.
Мәселен, Ырғыздан шыққан талантты ақынға арналған «Жанар Нұрғали оқулары» облыстық байқауын осы аудандық кітапхана ұйымдастырды. Осы шара аясында көпшілікке ұсынылған «Әр өлеңі — бір әлем» атты кітап көрмесі де танымдық тұрғыдан жоғары бағаланды.
Мараттың өзі де жазғандарын жинақтап отырады. Әнебір жылдары «Қолтаңба» атты кітабы жарыққа шыққан. Келесі дүниелері де көп ұзамай қолымызға тиеді деген ойдамыз.
Иә, Марат — қаламы қалғымайтын журналист. Ол үшін ең жоғарғы мәртебе — журналист екендігі!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button