Мереке

«Ақтөбенің» «Білім министрі»

Облыстық «Ақтөбе» газетінің тілшісі, мәдениет және әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Базылқызын өңірдегі барша ұстаз бен оқушы жақсы таниды. Себебі ол білім саласындағы соңғы жаңалықтарды көп жазады, осы саладағы проблемаларды жиі көтереді. Білім саласын 100 пайыз меңгергендігін, ұстаз бен шәкірт арасын «жалғаудағы» еңбегін бағалаған әріптестері кейде оны «Ақтөбенің білім министрі» деп те атайды.

Биыл Гүлжан Базылқызының журналистика саласында еңбек еткеніне 20 жыл толып отыр. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің филология факультетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған ол алғаш еңбек жолын

2002 жылы республикалық «Алтын Орда» газетінен бастады. Ал облыстық «Ақтөбе» газетінде 2004 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2014-2022 жылдары ол газеттің ақпарат, мәдениет, саясат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Қазір әлеуметтік сала және мәдениет бөлімінің меңгерушісі. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

2019 жылы Қазақстан Журналистер Одағының Құрмет грамотасын алса, 2015 жылы «Ақтөбе журналистикасының абызы» атанған Смағұл Мұқашев атындағы арнайы сыйлықтың, ал 2017 жылы журналистика саласының үздігі, журналистика ардагері Нұрқайыр Телеуов атындағы сыйлықтың иегері атанды.

Қай кезде де қайнаған жаңалықтың ортасында жүретін облыстық газеттің тілшілері арасында Гүлжанның орны бөлек. Олай дейтініміз, ол айтқан сөзі өткір, жазған мақаласы өзекті тілші. Ал Гүлжанның бірбеткей, бетке айтатын шыншылдығы, адамға іштей «болсын» деп тұратын адалдығы көптің бойынан табыла бермейді.

Гүлжан жұмыста ғана жан-жақты емес, үйде де бесаспап. Оның дәмді самсасы, тіл үйіретін мантысы талайдың таңдайын қақтыратыны сөзсіз.

Биыл Гүлжанның ұлы Даниал 9-сыныпты үздік бітірді. Баласы үшін әркез үй мен жұмыс арасында жүгіріп жүретін әріптесіміз биыл ұлының тағы бір белестен өткеніне айрықша қуанды. Журналистер мерекесінде әріптесіміздің бұл қуанышы тағы да еселене түссін деп тілейміз.

                                           Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button