Мереке

Өзі журналист, жауапты хатшы және медиатор 

Жиырма жылдан астам уақыт журналистика саласында елеулі еңбек етіп жүрген Әсел Абданбаева аудандық «Мұғалжар» газетінде жауапты хатшы қызметін атқарады. Оның журналистикаға қызығушылығын бала кезінде ресейлік тележүргізуші Александра Буратаеваның қызықты бағдарламалары оятқан.

Қандыағаш қалалық №1 орта мектепті бітіргеннен кейін балалық арманын орындау мақсатында Алматыдағы Халықаралық журналистика институтына оқуға түседі.

— Университетте журналистиканы оқи жүріп, өміріме қажетті баға жетпес білім мен тәжірибе алдым. Маған осы саланың жілігін шағып, майын ішкен Камал Смайылов, Әмір Оралбай сынды белгілі журналистер тәлім-тәрбие берді, —  деп еске алды студенттік шағын Әсел Әділбекқызы.

Оқуды бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын 2000 жылы Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласындағы «Қарашығанақ» телестудиясынан бастайды. Ақсай — облыс орталығы болмаса да, ірі мұнай-газ кен орындары шоғырланған өндірістік қала. Бұл жерде күн сайын көптеген түрлі оқиғалар болып тұрады. Әсел осы оқиғалар ортасында жүріп, көрерменге қажетті түрлі репортаждар мен сараптамалық бағдарламалар дайындады.

— Телеарнада жүрген уақытта, қызығы мен шыжығы мол тілшілік қызметтің қарбалас жұмысына үйреніп, әдбен төселіп қалған едім. Бірақ отбасылық жағдайыма байланысты 2008 жылы Қандыағаш қаласына қоныс аудардым. Бұл жерде аудандық «Мұғалжар» газетінің есігін қақтым. Ол кезде аудандық газеттің редакторы Қуаныш Кенжағалиев болатын, — деді ол.

Әсел ресми түрде «Мұғалжар» газетінің жауапты хатшысы болғанымен, журналисі қызметін де қоса атқарады. Мұғалжар секілді өндірісті ауданның экономикасы, өнеркәсібі, теміржол саласы, зауыттары мен компанияларының тыныс-тіршілігі Әселдің қаламынан тыс қалған емес.

Әсел экономикалық саладағы күрделі тақырыптарды жазады. Қаламы мықты журналист. Жан-жақты маман: алғашқы келген жылдары жарнама менеджері болып қызмет етті, аудандағы барлық ірі компаниялармен байланыс орнатудағы шеберлігі өз алдына. Оған қоса редакциядағы хаттарды тіркеу, редакциялау, поштамен жұмыс секілді шаруаларды да бір өзі атқарады. Сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға белсене араласады — ауданда медиатор ретінде белгілі. Медиатордың қызметіне мұқтаж адамдар кейде редакцияға да келіп жатады, — дейді аудандық газеттің бас редакторы Бану Жартина.

Әселдің көзінің қарашығындай ұлы Әлішері Мұғалжарға келгенде мектеп табалдырығын енді аттаған балапан еді, биыл Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институтының соңғы курс курсанты. Әселді қатарластары ана ретінде де, мықты маман ретінде де құрметтейді, сыйлайды, үлгі тұтады.

Айдана АЛТЫБАЕВА,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button