Мереке

Жырға жақын журналист

Тарих керуеніне 90 жылдан бері ілесіп келе жатқан «Ойыл» газеті көне Көкжардың көшін көсілтіп жазып келеді. Аудандық басылымның шоқтығы биік, абыройы асқақ. Олай дейтініміз, бұл газеттен облысқа, республикаға танымал ақын-жазушылар, журналистер түлеп ұшты. Солардың ізін жалғап жүрген жас журналист Муса Әділбайұлы қазір «Ойыл» газетінің аға тілшісі.

Аудан орталығынан 65 шақырым жердегі Сарыбие ауылдық округінің орталығының ар жағында Қаракөл деген шағын малды ауыл бар. 1993 жылы сол жерде өмірге келген Муса бала кезінен кітапқа, жыр-дастандарға үйір болыпты. Кейін мектеп бітіріп, аудан орталығындағы «Ойыл» аграрлық колледжіне оқуға келеді. Міне, сол кезден бастап ақынжанды бала жұрт көзіне іліне бастайды. Домбырасын арқалап айтыстардан, байқаулардан қалмайтын Муса «айтыскер ақын бала» ретінде танылды. Сол уақыттарда аудандық «Ойыл» газетіне жас тілшілерге таңдау жүріп жатады. Газеттің талғамы жоғары. Қашанда алдымен аузында сүбелі сөзі бар, кесек ойлы, қаламды көбірек ұстайтын жастардың арасынан осы Мусаға таңдау түседі. Содан бастап домбырасын қаламға, өлеңін мақалаға ауыстырды.

2013 жылы редакция табалдырығын имене аттаған Муса қазір сол газеттің ысылған жауынгері. Ауданның тынысы мен тіршілігін, жаңалықтарын жазып келе жатқанына биыл 9 жыл болады екен.  Домбырасы мен өлеңін тастаған жоқ. Әлеуметтік желілерде ара-тұра жып-жылы туындыларын жариялап тұрады.

Қайбір жылдары Тобық Жармағамбетов атындағы жүлдені иеленді. Былтыр облыстық «Үздік жас журналист» номинациясын жеңіп алды.

Табыл Құлияс екеуміз бір ауылданбыз. Алақандай ауылда өскен мен үшін одан асқан жазушы, одан артық тұлға жоқ болатын. Өзім бала кезімнен барынша сол атамызға ұқсағым келетін.

Аудандық газет маған көп нәрсені үйретті. Өйткен,і газет бетінде бұрын қолтаңбасын қалдырып кеткен Аманғос Орынғалиев, Құрал Тоқмырзин, Табыл Құлияс, Алмат Пангереев секілді ағаларымыздың сөз саптау, жазу стильдері әлі де сақталған. Редактор Серікбай Қойбағаров жол көрсетіп, баулып келеді. Қазір заман ағысымен бәрі де өзгерді. Бірақ сөз өзгерген жоқ. Журналист әр сөзіне жауапкершілікпен қарайды. Қазір блогерлер қаптап кетті. Жергілікті билік бізден гөрі солармен көбірек санасады. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мәртебесін көтеру туралы Президентіміз де бекер айтпаған болар, — дейді Муса Әділбайұлы.

28 маусым бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі облыс көлемінде кеңірек тойланады. Облыс пен қала әкімінің сыйлығы бар. Аудан да  сондай сыйлықтар тағайындалып, жергілікті газеттің тілшілеріне көңіл бөлінсе дейді.

Бүгінде жасы 30-ға таяп қалған жігіттің ойы орнықты, жазуы салмақты. Алматы қаласындағы Қайнар академиясының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітірген.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button