Басты бет » Мереке » Тыныштық күзетіндегі 30 жыл

Тыныштық күзетіндегі 30 жыл

Қазақстан Полициясына 30 жыл

1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін алған жылы Президенттің Жарлығымен прокуратура, мемлекеттік қауіпсіздік, ішкі істер, әділет және сот органдары бөлінді. Ал 1992 жылы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдады. Бұл — Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болатын.

Осы жылдар аралығында Ақтөбе полициясы да ауқымды, әрі ауыр жолды жүріп өтті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономиканың құлдырауы, ақшаның құнсыздануы, сыртқы экономикалық байланыстардың үзілуі салдарынан елде ұйымдасқан қылмыстық топтар бас көтеріп, көлеңкелі экономика пайда болды. Күрделі жағдайға қарамастан, ішкі істер органдарының қызметкерлері  облыстағы криминогендік жағдайды тұрақтандыруға бағытталған жұмыстарды талмай  жүргізді.Өңірдегі жағдайға байланысты 1993 жылы Ақтөбе қаласы бойынша Бас ішкі істер басқармасы құрылды. Бас басқарма ішінара Зауыт, Сазды, Елек полиция бөлімдері болып бөлінді.

Тәуелсіздік жылдарында ішкі істер органдары жүйесінде бірқатар қайта құрулар орын алып, жаңа қызметтер құрылды, ұйымдастырушылық-штаттық, құрылымдық өзгерістер енгізілді.1998 жылы Қазақстан милициясының атауы «полиция» болып өзгерді.   Жұмыстың тиімділігін және азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыратын,  заманауи материалдық-техникалық  жарақталған жаңа құқық қорғау жүйесі құрылды.

Полиция қызметіндегі өзгерісті кезең 2003 жылы басталды. Бұл жылы Ақтөбе полициясындаматериалдық-техникалық базаны, кадрлық әлеуетті күшейтуге бағытталған  нақты шаралар қабылданды. Сол жылдардағы басты міндет — криминалды тоқтату, қауіпсіздікті кұшейту болды. Ішкі істер органдары қабылдаған шаралардың арқасында құқықтық көмек көрсету жөніндегі маңызды құжаттар әзірленді.

2003 жылы полиция қызметкерлерін аттестаттаудың жаңа ережелері енгізілді. Полицияның алдына халыққа жақын болу, есепке алу-тіркеу тәртібін күшейту секілді жаңа міндеттер қойылды.

Тәуелсіздік жылдары облыс әкімдігімен бірге бөлімшелердің қалыпты жұмыс жасауын қамтамасыз етуге қатысты мәселелер шешіліп, жеке құрамның жұмыс жасауына қажетті жағдайлар жасалды, қызметтік ғимараттар мен медициналық госпитальге жөндеу жүргізілді, ІІБ мәжіліс залы салынды, қызметкерлерге арналған тұрғын үйлер пайдалануға берілді.

23 маусым — Қазақстан Республикасы полициясының құрылған күні. Бұл күнді 30 жылдан бері еліміз абыройдың, ерліктің, міндет пен парыздың мерекесі ретінде атап өтеді. Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өздеріне басты міндет ретінде жүктеп алған тәртіп сақшыларының мерекесі қарсаңында департментке қарасты жедел-криминалистік басқарма жұмысымен танысып, полицейлерді әңгімеге тартқанбыз.

«Қиын жұмбақтың» шешімін тапқандар

Оқиға орнына жедел жетіп, айғақ заттарды тәркілеу, қылмысты ашып, күдіктілерді анықтау — криминалистердің негізгі міндеті. Олар көзге көрінбейтін микрообъектілер арқылы қылмыстың қай күні, сағат нешеде жасалғанын да анықтай алады. Мамандар оқиға орнындағы әрбір зат, тіпті темекінің тұқылына дейін қылмыстың ашылуына себеп болатынын айтады.

Біз барған басқарма ғимараты криминалистердің жұмыс жасауына өте ыңғайлы жасақталған. Криминалистер арсеналында заманауи электронды-оптикалық құрылғылар, сандық фото, аудио және бейнеаппаратуралар, компьютерлік жүйелер мен бағдарламалық кешендер бар. Одорологиялық зертханасы да жұмыс жасап тұр. Сондай-ақ қылмыс орнынан алынған атыс құралдарын тексеруге арналған кешендер қажетті жабдықтардың барлығымен қамтылған. ІІМ-нің орталық серверіне қосылған «Папилон» автоматтандырылған дактилоскопиялық сәйкестендіру жүйесіндегі мобильді кешенді операторлар орнатылған.

Қырағылық пен шыдамдылықты талап ететін криминалистердің жұмысының өзіндік қызықтары бар екен. Олар екініңбірі жасай алмайтын «қиын жұмбақтардың» шешімін табады. Қылмысты саусақ, қан, аяқ киім іздерімен қатар, иіс арқылы да анықтай алады. Жоғарыда айтқан одорологиялық зертханада осы иіс сынамалары тексеруден өтеді.

Оқиға орнынан алынған айғақ заттар арқылы мәселенің мән-жайын анықтаумен айналысатын криминалистердің жұмысы туралы бізге полиция майоры, аға криминалист Берік Зейнов айтып берді.

Аға криминалист технология дамыған сайын қылмысты ашу барысы жеңілдегенін қайтады. Бірақ сәйкесінше таңда қылмыстың түрі де көбейіпті. Басқарма жұмысын ретімен таныстырған ол бізді полигон аймағына алып барды. Ғимараттың бір бөлмесі қылмыс болған алаң ретінде жасақталыпты. Яғни, бұл жерден көшеде пышақ жарақатынан қайтыс болған адамның макетін, пәтеріндегі диванда өліп жатқан адамның макетін көре аласыз. Оқиға болған орын сары лентамен қоршалып, қайтыс болған адамның макеті маңында жатқан барлық құрал, адам іздеріне дейін нөмірленген.

— Бұл бөлме — арнайы жас мамандар үшін жасақталған. Криминалистерден бөлек, анықтаушы, тергеуші болып енді қызметке орналасқан жас мамандар осы жерде оқу-жаттығудан өтеді. Криминалист қылмыс болған жердегі әрбір ұсақ-түйектің бәріне мән беруге тиіс. Мысалы, мына жерде жатқан темекі тұқылына дейін, қылмыстың ашуылуына сеп болуы мүмкін,  — дейді аға криминалист.

Бұл күні криминалистердің жылжымалы зертханасын көрудің де сәті түсті. Пайдалануға 2012 жылы берілген жылжымалы зертхананың ішінде барлық құрылғылар бар. Шалғайда болған қылмыстарды осы зертхана арқылы анықтай беруге болады. Ішінде қан, иіс, аяқ киім, саусақ іздерін анықтауға арналған құрылғының бәрі бар.

Полиция полковнигі Өмірбек Арықбаев басқарып отырған жедел-криминалистік басқармада өз ісінің нағыз шеберлері қызмет етіп жүр. Соның бірі бізге басқарма жұмысын таныстырған полиция майоры, аға криминалист Берік Зейнов.

Берік қылмыс болған орында тәркіленген қару-жарақ пен оқ дәрілерді зерттеп, баллистикалық объектілерді министрлік базасына енгізеді.

— Мамандықтың қай түрі болмасын үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ал криминалист болу үшін тек бір ғана қасиетке ие болу аздық етеді.Өйткені біздің қызметіміз адам тағдырымен тікелей байланысты. Сондай-ақ бұл жерде техника тілін жетік меңгерген болуың да шарт, — дейді 12 жылдық тәжірибесі бар аға криминалист.

Жалпы криминалистика қызметінің тарихы тереңде жатыр. Қызметтің бұл түрі 1919 жылы 1 наурызда Орталық іздестіру жанынан құрылған РСФСР сот-сараптама кабинетінде құрылып, қылмыстық-іздестіру қызметінің ғылыми-техникалық мүмкіншіліктерінің арта түсуіне зор ықпалын тигізді. 1920 жылы Қазақстанда іздестіру-тіркеу бөлімшесі құрылып, құрамына қылмыстарды тіркеуші меңгеруші және 2 фотограф кірді, ал 1923 жылы алғашқы криминалистерді дайындауға арналған арнайы милиция мектебі ашылды. Бастапқы уақыттарда ішкі істер органдары практикасында қылмыскерлерді тіркеудің фотографиялау және дактилоскопиялау әдістері криминалистердің маңызды тапсырмасы болды. Сол уақыттарда криминалистерде ұлғайтқыш микроскоп және лупалар ғана бар еді.

1964 жылы қаңтар айында ішкі істер министрлігі «РСФСР Қоғамдық тәртіп министрлігі жұмыстарына жедел-техникалық құрылғылар мен ғылыми әдістерді әрі қарай қолдану бойынша шаралар туралы» бұйрығын бекітеді. Осыдан кейін Ақтөбе қаласы ІІБ-да жедел-техникалық бөлім құрылып, құрамы криминалист-мамандармен толықтырылды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.