Тарих

Бастауыш біліммен шектелді

Облыстық мемлекеттік архивте сақталған деректерге сай, 1936-1937 оқу жылында өңірде726 мектеп, 68 404 оқушы болды. Мектептердің дені бастауыш мектептер болатын. Олардың саны 647 еді. Бастауыш мектептердің 491-і қазақ тілінде оқытты.

Жергілікті ұлт балаларына арналған бастауыш мектептер түгелге жуық ауылдық жерлерден ашылған. Қалалық жердебастауыш қазақ мектебінің саны біреу ғана еді, ол Шалқар қаласында орналасты.

Жоғары сыныпта қазақ баласы болмаған…

Орта мектептер өте аз: облыс бойынша небәрі 12, ал оның төртеуі ғана қазақ мектебі болды. Орталау мектептердің саны 67 болса, оның 26-сы қазақ тілінде білім беретін.

Аталған оқу жылында өңірде, жоғарыда көрсеткеніміздей, 68,4 мың оқушы болса, солардың 36 мыңға жуығы қазақ баласы еді. Бастауыш, яғни 1-4 сыныптарда оқушылардың жартысы, кейде тіпті үштен екісі қазақ баласы болып келеді: мысалы, 1 сыныпқа барған 11 801 оқушының — 6 539-ы, 2 сыныптағы 22 151 оқушының 15 041-і қазақ баласы екен.

Алайда 5 сыныптан бастап оқушылар арасындағы қазақ балаларының үлесі азаяды. 5-7 сыныптарда оқитын барлық 10511 оқушының арасында қазақтардың үлесі 25,1 пайыз ғана болып шықты. Жоғары, яғни 8-10 сыныптарда қазақтардың үлес; одан да аз: 11,4 пайыз еді. Ал 10 сыныпта облыс бойынша небәрі 104 жасөспірім оқыса, олардың қатарында бір де бір қазақ болмаған.

Бұл — 1936-1937 оқу жылы бойынша алынған мәліметтер, ал оның алдыңғы оқу жылында 10 сынып емес, 9 сыныпта да бір де бір қазақ баласы оқымапты. Құжаттарда облыс бойынша 8 сыныпта оқитын 325 баланың 17-сі ғана қазақ екені көрсетілген.

Бұлжағдай облыста сол кезде орта мектептердің өте аз болуымен және олардың қалалық жерлерде ғана орналасқанымен түсіндірілсе керек. Әлі де көшпелі өмір салтынан бас тарта қоймаған қазақ ауылдарында орталау, орта мектептер ашуға кеңес билігі асыға қоймаған секілді.

Қазақ және орыс мектептерінен бөлек, айталық, 1934-1935 оқу жылында облыста татар және неміс тілдерінде оқытатын 4 бастауыш және 2 орталау мектеп болды.Сондай-ақ облыстағы 12 балалар үйінде 1623 бала тәрбиеленген.

1936-1937 оқу жылында облыстағы барлық мектеп бойынша мұғалімдердің саны — 1782 және олардың 1028-і қазақ еді. Орта мектептерде 239 мұғалім еңбек етті, олардың 71-і — қазақ.

 Маман қайда даярланды?

1933-1934 оқу жылында Ақтөбе облысында 4 педагогикалық техникум болды: Қостанай, Федоров, Темір және Ақбұлақ техникумдары. Техникум оқушылары даярлық және негізгі топтарға бөлінген. Даярлық тобындағы оқушыға — 50 рубль, негізгі топтың оқушысына 60 рубль көлемінде стипендия төленген.

Қостанай педагогикалық техникумында — 15, Федоровта — 9, Ақбұлақта — 14, ал Темірде 8ғана оқытушы қызмет еткен. Жалпы бұл оқу орындарының ұжымы шағын болған. Мысалы, Федоров педагогикалық техникумында 21 адам еңбек етті. Құжаттарда оқытушылардың айлығы 140-145 рубль шамасында деп көрсетілген. Ол кездегі бағаларға келсек: оқу орындарының біріне алынған кереуеттің құны 20 рубль екен. 1934 жылы Қостанай педагогикалық техникумы ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу үшін 62,5 мың рубль бөлінген.

Облыс орталығында бұл 4 техникумнан бөлек мұғалімдер даярлайтын курс та ұйымдастырылды. 1934 жылы осы курс бойынша оқу 15 ақпан мен 31 желтоқсан аралығында жүргізілген. Мұнда 2 топқа бөлініп, 80 адам оқытылған.

Педагогикалық жұмысқа мобилизациялау

КСРО-да алғашқы бесжылдықта (1928-1932 жж.) — барша халықты міндетті бастауыш біліммен, ал екінші бесжылдықта (1933-1937 жж.) міндетті орта біліммен қамту мақсаты алға қойылған еді. Сондықтан жылдан жылға мектептер санының көбеюіне, онымен қатарсауатсыздықты жою науқаны жүргізіліп, яғни ересектерді де оқыту талап етілуіне байланысты, бұл саланы маманмен қамту мәселесі өте өткір тұрды. Облыстық мемлекеттік архивте сақтаулы өткен ғасырдың 30-жылдарындағы білім саласына қатысты құжаттардан да осы жағдай анық сезіледі.

1934 жылы педагогикалық жұмысқа партия қызметкерлері мен комсомолдарды жұмылдыруға (құжаттарда «мобилизациялау» деп көрсетілген) күш салыныпты. Мысалы, бір құжатта облыстық комсомол комитетінің хатшысы Смирнов Ақтөбе қаласы мен 8 аудан бойынша 64 комсомолдың педагогикалық жұмысқа мобилизацияланғаны туралы мәлімет берген. Мұның ішінде Ақбұлақ ауданы бойынша — 20, Темір ауданы бойынша — 12, Ойыл ауданы бойынша 6 комсомол педагогикалық жұмысқа жіберілген. Облыстық халық ағарту бөлімі мен облыстық комсомол комитетінің, өз кезегінде облыстық комсомол комитеті мен оның аудандардағы органдарының арасында «жіберген адамдарың мектепке жұмысқа келмеді» деген дау-дамайлар да кезігіп отырады.

Аталған архивтің 281-қорында облыстық халық ағарту бөлімінің 1934 жылғы 9194-нөмірлі хаты сақталған. Облыстық комсомол комитетіне жолданған хатта: «Сіздер жолдамамен Қарабалық ауданына қоғамтану және тарих мұғалімі етіп жіберген Аронов ол жерге бармай, облыстық тұтынушылар одағына инспектор болып орналасты. Оны мамандығы бойынша жұмысқа қайтаруыңызды сұраймыз», — делінген.

Бұрын мұғалім болып еңбек етіп, кейін басқа жұмысқа кеткендердің де тізімі алынып, оларды педагогикалық жұмысқа қайтару көзделген.

1934 жылғы қазан айында облыстық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі Вечкутов Батпаққара аудандық «Социальды жол» газетінің редакторына: «Сіз жақында Батпаққара орталау мектебінің мұғалімі Елеуовты редакцияға жұмысқа алдыңыз. Ол педагогикалық жұмыстан қашып (дезертир) жүр. Аудан педагогикалық мамандармен толықтай қамтылмаған. Сондықтан біздің қашқынды (дезертирді) дереу арада босатып, өзінің жұмыс орнына жіберуіңізді талап етеміз» деген мазмұнда хат жолдаған. Хаттың көшірмесі аудандық мәдениет және үгіт-насихат бөліміне жіберілген.

Степной ауданы Новороссийск МТС-інің саяси бөлімі бастығының орынбасары Гусев «Тышқансай», «Жаман Қарғалы» және Қазақстанның 10 жылдығы атындағы колхоздарда мұғалім табылмауы себепті, мектептердің жұмыс істемей тұрғанын хабарлаған. Бұған байланысты аудандық халық ағарту бөлімі басшысына басқа жұмыста жүрген бұрынғы педагогтарды тауып, мектептерге мұғалім ету немесе мектепте жүрген мұғалімдерді екі ауысымдық жұмысқа шығару (яғни, жүктемені екі есе арттыру) арқылы, қайткенде де мектептердегі сабақты тоқтатпау туралы нұсқау берілген.

Ақтөбе облысына мұғалім болып келуге алыстан сұранушылар да болыпты. Сондай хаттардың бірі Украинаның Староконстантинов қаласынан Елена Соколовскаядан келген. Ол өзінің орыс, украин тілдерінен сабақ беретінін айтып, Ақтөбе қаласының мектептерінде бос орын болса, ашықхатпен хабар жіберуді сұраған екен. 1934 жылы 3 қыркүйекте жазылған бұл хат та архивте сақтаулы тұр.

70 сағат қазақ тілі сабағы

Қазақстан Өлкелік Орталық Атқару Комитеті 1933 жылдың 17 мамырында басшы кадрларды жергілікті халыққа жақындату үшін, қазақ тілін оқыту туралы шешім шығарған. Осыған байланысты облыстық атқару комитеті 1934 жылдың 15 қазанындаАқтөбеде қазақ тілін оқыту үшін жеті айлық курстар ұйымдастыру жөнінде қаулы қабылдапты.

Қаулыда оқытылатын адамдарды «еуропалықтар» деп көрсеткен. Олардың әрқайсысы 70 сабаққа баруы тиіс болды. Бұл курстарды ұйымдастыруға Қазақстанның Халық ағарту комиссариатынан бөлінген қаржы жұмсалған. Айта кетсек, нақ осы тұста республиканың Халық ағарту комиссариатын Темірбек Жүргенов басқарды.

Облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Қожахметов қол қойған хатта облыстық мекемелердің басшыларына осы курстарға өз мамандарын жіберу және олардың сабақтарға қатысуын қатаң қадағалау туралы тапсырма берілген.

Ал курсқа меңгеруші тағайындап, оқытушылар, оқулықтар мен ғимарат бөлу облыстық халық ағарту бөліміне жүктелген.

Вечкутұлы жолдас…

…Өткен ғасырдың 30-жылдарындағы қазақ тіліндегі ресми құжаттардың көпшілігінде қазақтардың ата-тегі «-ұлы» немесе «-қызы»-мен аяқталып жазылыпты. Мысалы, облыстық халық ағарту бөлімінің сауатсыздықты жою жөніндегі нұсқаушысы қазақша құжаттарға — Байғалиұлы, ал орысша құжаттарға Байгалиев деп қол қойған. Орыстардың арасында 1933-1936 жылдары облыстық халық ағарту бөлімін басқарған Дмитрий Вечкутовтың да ата-тегі кей құжаттарда «Вечкутұлы» болып  кезігеді. Бұл оның өзі тікелей бағынатын республикалық Халық ағарту комиссариатының жоғарыда айтылған бастамасына қолдау көрсеткенінің көрінісі ме, не кездейсоқтық па — ол жағы белгісіз.

Дмитрий Вечкутов Қостанай облысының Меңдіқара ауданында дүниеге келген. 1918 жылы 2 жылдық мұғалімдер мектебін бітірген, қазан төңкерісінен кейін 3,5 айлық және 2 айлық педагогикалық курстарда оқыған. Өзінің ауылында мұғалім, Бурабай аудандық халық ағарту бөлімінде инспектор, меңгеруші болып қызмет еткен. 1931-1933 жылдары республиканың Халық ағарту комиссариатында еңбек етіпті. Одан соң Ақтөбе облыстық халық ағарту бөліміне жіберілген. 1936 жылдың қыркүйегінде қайтадан Халық ағарту комиссариатына жұмысқа ауысыпты. 1938 жылы тұтқындалып, тергеуге алынған. 1939 жылдың қараша айында «қылмысы дәлелденбеуі» себепті бостандыққа жіберілген. 1941 жылдың тамыз айында соғысқа кетіп, ал соғыстан кейін біраз жыл Қазақ КСР-інің Халық ағарту министрлігінде қызмет етіпті. Қазақ мектебіне арналған орыс букварының авторы. Бұл оқулық кеңестік кезеңде төрт мәрте басылып шыққан екен.

Қызыл отаулар мен балабақшалар

Кеңес өкіметінің бастапқы кезеңінде «мәдениет тарату», сауатсыздықты жою науқандарына Қызыл отаулардың пайдаланылғаны белгілі. 1934 жылы облыста — үш, 1935 жылы — үш, 1936 жылы — төрт, ал 1937 жылы бес Қызыл отау елге шыққан. Құжаттарда: «Қызыл отаулар, негізінен, мал шаруашылығы аудандарында жұмыс істейді» — деп көрсетіліпті.

Бұл кезде облыста балабақшалар да ашылған. 1934 жылы облыс бойынша — 24, 1935 жылы — 23, ал 1936 жылы 25 балабақша жұмыс істеді.

1937 жылы облыс аумағында тағы 8 балабақша ашу жоспарланған. Оның алтауын қазына есебінен Ақтөбе қаласы, Ойыл, Табын, Шалқар, Ырғыз аудандары мен Қосестекте салу жоспарланыпты. Сонымен қатар Алға химия комбинаты мен Аралдағы балық тресі де аталған елді мекендерде өз есебінен балабақша салуға міндеттеме алған. 1937 жылы, жалпы алғанда, 650 орындық балабақша салу көзделген.Оның ішінде Ақтөбедегі 150 орындық балабақша ғана кірпіштен тұрғызылса, басқаларының құрылысына саман мен қамыс пайдаланылған.

Тарих беттерін парақтаған Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button