Басты жаңалықтар

Тарихи тұлғалар ұлықталды

Әйтеке би ауданындағы «Хан моласында» Әбілқайыр хан мен оның жары Бопай ханымға арнап ас берілді. Бұл шараның бастаушысы— Қожаевтар әулеті. Ақтөбе облысына белгілі кәсіпкер Зұлқожа Қожаев 2015 жылы Әбілқайыр ханның жерленген жеріне «Хан моласы» мемориалды кешенінің салынуына үлес қосты.Одан кейін Ақтөбе қаласының Батыс-2 шағын ауданынан «Бопай» балабақшасын ашты.

Асқа ханның ұрпақтары мен еліміздің бірнеше облысынан қонақтар келді. Басында тек құрбандық шалып, Құран бағыштамақ болған асты қолдаушылар көп болып, үлкен шараға айналды. Әбілқайыр хан мен Бопай ханымның рухына тағзым етіп, есімін ұлықтау мақсатында болған шараға 300-дей адам жиналды.

2015 жылы мемлекеттік тапсырыс алып,«Хан моласын» салдық. Оңай болған жоқ. Ақтөбе қаласынан 550 шақырым жерге қатынау, құрылыс материалдарын жеткізу қиын болды. Жанар-жағармайға да біраз шығандалдық. Басында үш жүздің басы қосылғанының белгісіндей етіп жасалған 3 қабырғаның материалдары өзгерді. Өйткені үнемі далада тұратындықтан, оның жауын-шашынға, желге төзімділігі ескерілді. Бұл жұмыста әзірбайжандық серіктестер көп көмек көрсетті. Осынша қиындықпен «Хан моласының» басындағы құрылысты аяқтап, тапсырдық. Өз қаражатымды да аяған жоқпын. Сол кезде әр 5 жыл сайын осы жерге келіп, Құран бағыштап, хан мен ханымның рухына тағзым етіп тұрамыздеп уәде бергенмін. 2020 жылы індет басталып кетті. Араға 2 жыл өткен соң биыл сәті түсті. Жан-жақтан бәрі қолдап, астың кең көлемде өткізілуіне себепкер болған жандарға алғыс айтамын. Асқа 15 күн ғана дайындалдық. Жігіттер барын салып қызмет етіп, көмектесті, — дейді Зұлқожа Қожаев.

«Әбілқайыр хан» мемориалды кешенінің биіктігі — 9 қабатты үйдің биіктігімен бірдей. «Хан моласы» 15 шақырым жерден көріне бастайды.

Астан бір күн бұрын қонақасы берілді. Алыстан келген қонақтар киіз үйлерге түнеп, ертеңіне ханның бейітіне барып зиярат етті. «Хан моласының» басында екі күн бойы қазақтың тарихи тұлғаларына қатысты көптеген әңгіме айтылды. Ғалымдар мен зерттеушілер тың деректермен бөлісті. Берілген ас, ерекшелігімен көптің есінде қалды.

Айтыс

Далаға үлкен сахна құрылып, жыршы-жыраулар, әншілер дәстүрлі әндерді айтты. Әсіресе мәдениет саласына еңбегі сіңген республикаға белгілі жырау Амандық Көмековтің батыстың мақамымен төгілте салған насихат жырлары, елдің есінде қалды. Одан кейін болған ақындар айтысы астың ең керемет сәтіне айналды. Ақындар тобын айтыскер ақын Марат Ахметов бастап барды.

Айтысты бастаған бір ақынның «Қол бастаған бабамның асына кеп,

Сөз бастау маған онша қиын емес» деп басталатын өлең жолдары көпті сүйсіндірді.

Бұл додаға 6 ақын қатысты. Бәріне де жүлде берілді. Ешкім орынға таласпады.

Бұл аста жүлде көп болды. Жүлделер қазақтың батыр-билерінің, тарихи тұлғаларының атымен аталды. Бұл — жастар олардың есімдерін ұмытпай жүрсін деген оймен жасалған тамаша тарту еді.

Түйе палуан

Астың қызығы — ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыстар болды. Қазақша күрес, арқан тартыс, қол күрес, гір тасын көтеру сайысы тартысты әрі қызықты өтті. Айта кету керек, спорттық шараларда Қостанай облысының Жангелдин ауданынан келгендер белсенділік танытты.

Ұлттық ойындардың барлық жүлдесі торғайлықтардың қанжығасында кетті. Асқа жиналғандар  ортаға шыққан палуандардың өнеріне тәнті болды. Олар қазақша күрестің барлық айла-тәсілін қолданып, белдесуде аяқтан шалу, жамбасқа салып лақтыру, қарсыласын қапы қалдыру әдістерін шебер орындап, жанкүйерлерін риза қылды. Боз кілем үстінде күш атасын танымады. Қара күш иелері де өздерінен салмағы аз палуандардың шалт қимылынан сайыстан шығып қалып жатты. Сондай жастардың бірі Жангелдин ауданынан келген Аслан Сағитбек бәрінен айласын асырып, өте жақсы күрес өнерін көрсетіп, түйе палуан атанды.

Әбілқайыр хан мен Бопай ханым бар қазаққа ортақ қой. Сондықтан бұл астан қалмай келдік. Қонақ боп келіп, жүлде алдым. Әрине, күреске дайындалдым. Бірақ күрес барысында қатты қиналдым. Себебі ақтөбелік палуандар өте мықты екен. Оңайлықпен алдырмайды. Сәл қателессең, алып ұрады. Мен шілде айында болатын «Қазақстан барысына» дайындалып жатырмын. Бұл күрес маған тәжірибе жинауға жақсы мүмкіндік болды. Жалпы, ас керемет өтті, — деді қостанайлық түйе палуан.

Түйе палуанға 300 мың теңге берілсе, екінші, үшінші орындарға 200,100 мың теңгеден сыйлық берілді.

Қонақтардың қызметі

Әбілқайыр хан мен Бопай ханымның есімін ұлықтау мақсатында өткізілген аста Қостанай облысының Жангелдин ауданынан қонақтар жақсы дайындықпен келіпті. Қонақпыз демей, шараның ойдағыдай өтуіне бел шеше атсалысты. Зұлқожа Қожаевтың айтуынша, «Хан моласы» салынып жатқанда жұмысшылар далада жатқан. Ұялы байланыс желісі жоқ. Ауыл алыс. Сол уақыттарда Жангелдин ауданынан азаматтар жиі-жиі келіп, ас-суын, дәмін әкеліп, сыйлаған. Қостанай облысының Шеген ауылы«Хан моласынан» 70 шақырым жерде. Ал Әйтеке би ауданының орталығына барар жолдағы Толыбай ауылы — 90 шақырым. Шегендік азаматтар музыкалық аспаптарымен апта сайын келіп, ән салып, өлең оқып, құрылысшыларғадемеу көрсетіп отырған.

Сол кезден басталған сыйластық, қонақжайлық, бауырластық әлі де жалғасып келеді. Оны ас кезіндегі қонақтардың етене араласып, астың әр шарасынан тыс қалмағандығынан көрдік.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button