Басты жаңалықтар

«Біздерде мынадай бар, мынадай бар…»

Баспасөз туры

Биылғы жарты жылдағы көрсеткіштерге сүйенсек, Алға ауданындағы әлеуметтік-экономикалық жағдай көңіл көншітерлік деуге болады. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2500-ден асқан, құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр. Бірақ жұмыссыздық мәселесі әлі де өзекті. Ресми органдардың өзінде жұмыссыз ретінде тіркелген алғалықтардың саны — 669…

Саматтың сәйгүліктері

Алға ауданына қарасты Тамды ауылында орналасқан«Еркін күш» шаруа қожалығының құрылғанына көп уақыт өте қоймаған. Аз уақытта қора-жайын салып, мал басын көбейтіп үлгерген Аймағанбетовтер отбасы кәсіптің көзін тапқан.

— Өткен жылы осы шаруа қожалығын аштық. Негізгі қолдаушым, бәрін үйлестіріп отырған — әкем Алмат. Республикалық, облыстық деңгейде субсидия түрінде қаржылай көмек алдық. Қазіргі таңда 95 ірі қара, 400-ге тарта қой, 20 шақты жылқымыз бар. Екі адамды жұмыспен қамтып отырмыз, әрқайсысының жалақысы — 100 мың теңге.

Үкіметтен 27 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеп, оған қажетті техникалар алдық. Мал басын арттырдық, — дейді 22 жастағы Самат.

1 мың гектар жері бар шаруа алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр. Ол үшін ең бірінші кезекте жайылымдық жердің көлемін арттыру керек.

Мамандығы бойынша мұнайшы Самат ет саудасымен де айналысатынын, шаруа қожалығының жұмысын қалада отырып-ақ дөңгелететінін атап өтті.

Талдысайға газ барады

Облыста әлі күнге дейін өркениет игіліктері — ауызсу, газы жоқ, ғаламтор желісіне қосылмаған ауылдардың бары рас. Солардың қатарындағы Талдысай ауылына алдағы айдың соңында көгілдір отын бармақ. Қазіргі таңда мұнда құрылыс жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр.

— Биыл облыс бюджетінен бөлінген 72 миллион теңге қаражатқа Талдысайға газ тартылады. Барлық жұмыс шілде айының соңында аяқталады деп күтілуде. Сол арқылы 200-ден астам тұрғынды көгілдір отынмен қамтымақпыз, — дейді Алға аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысыБолат Серіков.

Ресми деректерге жүгінсек, «2020-2025 жылдарға арналған өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмысқа жауапты мердігер — «Теплоэнергострой» ЖШС.

Есет батыр ауылының жаңарған келбеті

Өткен жылы Алға ауданында «Ауыл — ел бесігі» арнайы жобасы аясында 7 жоба іске асырылған. Соның ішіндеЕсетбатыр ауылында 114,7 миллион теңгеге  дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілгенін айта кету керек. Бұл — тұрғындар көптен күткен ғимарат.

— Есет батыр ауылындағы дәрігерлік амбулатория Бесқоспа ауылдық округіне қарайды. Медициналық мекеменің ғимараты былтыр салынды. Жаңа техникалар алынды. Тіпті тіс емдейтін бөлімі бар. Тек тіс дәрігері аудан орталығынан келеді, қажет кезде шақыртып аламыз. Мұнда бір дәрігер, 5 медбике жұмыс істейді.

Сондай-ақ былтыр 50,7 миллион теңгеге Есет батыр ауылындағы Уәлиханов көшесінің автомобиль жолына орташа жөндеу жүргізілді. Ал биыл ұзындығы 2,885 шақырым Мусин және Молдағұлова көшелерінің көлік жолдарына орта деңгейдегі жөндеу басталды. Қазіргі уақытта қатты жабындының бірінші қабатын төсеу аяқталды, — дейді Бесқоспа ауылдық округінің әкімі Жандарбек Бақытжанұлы.

Сондай-ақ Есет батыр атындағы мектеп-бақша да жоғарыда аталған жоба аясында былтыр күрделі жөндеуден өткен. Аталған білім мекемесінің директоры Айнұр Сұлтанғалиеваның айтуынша, жертөле, шатыр, спортзал жаңартылған. 92 қызметкер еңбек етіп, 286 оқушы білім алатын мектеп-бақшаның осылайша екінші тынысы ашылған.

Мұнымен бірге, «Ауыл — ел бесігі» жобасы бойынша Есет батыр Мәдениет үйінің қасбеті жаңартылыпты.

Жергілікті билік өкілдері не дейді?

Өңірлік коммуникация қызметі ұйымдастырған баспасөз туры барысында Алға ауданының орталығындағы терможаңғыртудан өткен көпқабатты үйлер де көрсетілді. Алға аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуандық Үсенғалиевтің айтуынша, аудандағы 108 көпқабатты үйдің 30-ы тозып тұр. Былтыр солардың 5-еуі жөнделсе, ал биыл 2-еуін жаңарту жоспарланған. Бұл — тұрғындарға 15 жылғадейін бөліп төлеу есебінен жүргізілетін жұмыс.

— Шатыры, жертөлесі, құбыры — бәрі жаңартылады. Тұрғындармен келісім жасалып, әр пәтер иесі айына шаршы метріне қарай төлем жасайды. Бұл несие тәріздес, ұзақ жылдарға жоспарланған, — дейді ол.

Сонымен қатар журналистерге алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Алға ауданы әкімінің міндетін атқарушы Мирхан Ермағанбетов есеп берді. Оның айтуынша, өнеркәсіп өнімінің көлемі, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда,биылғы 5 айда 61,9 пайызға орындалған. Ал ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 4016,2 миллион теңгені немесе 55,1 пайызды құрапты.

— Биылғы 5 айда инвестиция көлемі 2480,9 миллион теңге болды.

Жыл соңына дейін 40 мың шаршы метр тұрғын үйді тапсыру жоспарланып отыр. Бұның ішінде екі көп қабатты үй де бар. Жалпы құрылыс жұмыстарының көлеміөткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3 есеге артты. Келер жылы аудандағы орталық саябақты кеңейтіп, абаттандыру ойда бар.

Жұмыспен қамтуға келсек, қаңтар-мамыр айларында 887 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал тіркелген жұмыссыздар саны – 669 адам, — дейді ол.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Ақтөбе-Алға-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Back to top button