Құқық

Тура билік жолымен

Сот жүйесіне — 30 жыл

Хромтау аудандық сотының төрағасы Айсұлтан Балмұханов  — облыстағы білікті де тәжірибелі заңгерлердің бірі. Оның осы саладағы мүлтіксіз қызметі қандай да құрметке лайық.

Әрине, мұндай бедел адамға оп-оңай келмейтіні белгілі. Ол ел ішінде өсті, жетілді, танылды. Жас кезінен намыс туын жоғары ұстады.

Айсұлтан Жабайұлы туралы сөз айту үшін өзіміз бағамдаған кейбір сәттерге көңіл аударғымыз келеді. Ауыл баласының кішкентайынан көп жайды ұғынып өсетіні бар. Мәселен, оның бірге оқыған қатарлары Ұлы Отан соғысы кезіндегі ел қорғаған батырлар есімдерін жақсы білетін. Оның ішінде ақтөбелік ерлер туралы мұғалімдері сабақ барысында жиі айтып, құлақтарына құйып қойғаны өз алдына бөлек әңгіме. Осындай ретпен көрші Байғанин ауданынан шыққан батыр Қожабай Жазықов жөнінде Айсұлтанның өзі де, қатар жүрген жолдастары да кішкентай кездерінен біраз мәліметтерге ие болған. Балалық әсермен «Сондай батыр болсақ» деп арман-қиялға берілетін кездері де болыпты. Ал алдағыны кім болжапты?

Айсұлтан сол батыр ағаның баласы Темірғали Жазықовпен 1984 жылы әскер қатарына бірге алынды. Он сегіздегі өрімдей жастар Қытай шекарасында біраз уақыт бірге қызмет етті. Темірғали да батыр әке тәрбиесін көрген, адал қызмет етіп, «Шекара әскерінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Осында жауынгерлік даярлықтан, біраз сыннан өткеннен кейін Айсұлтан қызмет ететін танкіге қарсы тұратын взводтың қанды қырғын жүріп жатқан Ауғанстанға жіберілетіні белгілі болады. Әрине, онда бару — әркімнің өз еркі. Бірақ отаншылдық рухта тәрбиеленген, оның үстіне бала кезден батыр болуды армандаған Айсұлтанға қатарластарынан қалып, кері шегіну ақылға сыймайтын жағдай еді.

Қызыл Тулы Шығыс шекара округіндегі, яғни Қытай шекарасындағы алғашқы сынақтар оны ерте есейткендей болды. Алғашында Семей облысы Мақаншы ауылында орналасқан  шекаралық отрядта оқу-жаттығудан өткен Айсұлтан Қырғызстан еліндегі Пржевальск қаласында орналасқан кіші командирлер даярлайтын мектепке қабылданады. Сержанттар мектебі жас өренді шымыр етіп шыңдады, тәртіп пен тәрбие терең ұштасқан қатаң талап оны мүлдем өзгертіп жібергендей еді.

— Бұл нағыз шыңдалудың қатаң мектебі болатын. Біз үшін тәрбие академиясы болды десе де артық емес, талап та ерекше еді, — деп сол күндерді тебірене еске алады ол. — Жауынгерлер казармасындағы тазалықты көрсеңіз, көлденең жатқан көк шөпті таба алмайсыз.

Осы жерден сержант атағын алып шыққан ол әскер қатарына жаңадан алынғандар взводының бөлімшесіне жетекшілік етеді. Бір қызығы, мұндағылардың барлығы да спортшылар екен. Арасында разрядшыларды былай қойғанда, спорт шеберлігіне кандидаттар, тіпті спорт шеберлері де бар болып шықты. Ал Айсұлтан ауыл баласына тән әдетпен кішкентайынан қолайына келген спорттың бар түрімен де шұғылдана беретін, әрине, спорттық атағы бола қойған жоқ. Ең бастысы, білек күшіне сенген кілең сен тұр, мен атайын спортшылар өздерінің жас командирінің айтқанын екі етпей, тап-тұйнақтай орындайтын болды.

Одан кейін Айсұлтанға танкіге қарсы взводтың бірінші бөлімшесін басқару тапсырылып, Ауғанстанға аттанар сәтте таудың тасындай жас жігіттер бір үйдің балаларындай тату-тәтті, сонымен бірге жолдасын жауға тастамайтын тас түйін күйде тұрғандай еді. Олар көзге көрінбейтін майдан жүріп жатқан жат елге Тәжікстан арқылы өтті. Алғашқы күннен-ақ жол қиындығы алдарынан шықты. Күндізгі ыстық аптап тыныс алдырмайды, ал асудан өткендегі суық бойды қалтыратады. Әбден шыныққан спортшы жігіттердің өзі жүрістен сыр бере бастады.

Ауғанстан жеріндегі қауіп бұларға көп күттірмеді. Келесі күні-ақ жауынгерлер тосқауылда тұрды. Барлаушылардың мәліметі бойынша, осы жерден жау керуені өтуге тиіс. Шынында да солай болды. Тосқауылда тұрған кеңес әскерлерін байқап қалған дұшмандар бірден оқ атуға кірісті. Осындай қауіпке толы күндер өтіп жатты. Ал Айсұлтанның ауған жерінде қанды қырғын ортасында жүргендігінен үйдегілер мүлдем хабарсыз еді. Ол туыстарының, әсіресе анасының жүрегіне қорқыныш ұялатқысы келмеді. Хат тікелей Тәжікстан шекарасына  келетін, одан кейін иелеріне жеткізу қиынға соқпайтын.

Айсұлтан қызмет еткен взвод десанттық шабуылдаушы топпен бірге қосылып әскери ұрыстарға қатысты. Дұшмандар орналасқан ұялар алдымен тікұшақтармен атқыланып алады да, содан кейін жаяу әскерлер бейбіт тұрғындарға көмек беру үшін қышлақтарда рейдтер жүргізеді. Мұнда жаудың қай жағыңнан шыға келетінін білмейсің. Тіпті жергілікті тұрғындармен де тілдесу оңай болмады, олардың не ойлап тұрғанын ешкім де білмейді.

Кеңестік жауынгерлер күндіз ғана қозғалатын. Ал күн ұясына енген соң бір жерге аялдап, жан-жаққа қарауыл қойып, тыныстауға мүмкіндік алатын. Жаудан келер қауіпке жер сілкінісі де қосылып, мазаны алатын сәттер аз болмады.

Сол уақыттардағы ауған соғысының ақиқаты көпке дейін жария етілмей келді. Жауынгерлердің өзі ерліктерін айта бермейтін. Қазір де сол күндерді еске алса, Айсұлтан Жабайұлының жүрегі шым ете қалады. Қаншама қаруластары жаралы болды, елге сүйегі қайтқандары қаншама.

Әскер қатарынан аман-есен елге оралған Айсұлтан жоғары білім алу үшін Алматыға жол тартады. Қазақ Мемлекеттік университеті заң факультетінің дайындық курсына құжаттарын тапсырады. Ол уақытта бұл мамандыққа құштар жастар өте көп, конкурс та қатты болатын. Бір орынға таласқан жиырма бес талапкердің ішінен топ жарып шығу былай қарағанда мүмкін де емес сияқты болатын. Алайда қиындықтан қорықпайтын жауынгер күні-түні оқудан көз ашпады, сөйтіп, қабылдау емтихандарын сәтті тапсырады. 1986 жылы дайындық курсына Ақтөбе сияқты үлкен облыстан жалғыз өзінің қабылдануы оның жауапкершілігін көтере түскен еді.  Ал бес жылғы оқу оны үздік студент, қоғамшыл жас ретінде танытты.

1992 жылы университетті бітірген жас маманды Ақтөбе облысына жібереді. Ол заң саласындағы алғашқы қызметін Алға аудандық сотында судья қызметінде бастайды. Содан кейін Хромтау, Мұғалжар аудандарында, облыстық сотта судья болып қызмет етеді. Ақтөбе қалалық №2 сотының төрағасы болған жылдары оның тәжірибе жинақтаған, өз ісін жетік білетін кәсіби маман ретінде танылған тұсына сәйкес келіп еді.

Қазір Айсұлтан Жабайұлы — Хромтау аудандық сотының төрағасы. Бір кездері жас маман кезінде осында судья болып еңбек еткен ол араға жылдар салып таныс өңірге төраға қызметіне қайта оралды.

Қазіргі уақытта ол судьяның бірінші біліктіліктегі класына ие. Әскери ұрысқа қатысқан кездегі ерекшелігі үшін берілген «КСРО мемлекеттік шекарасын үздік күзеткені үшін» медалі — әскер қатарындағы күндерінің куәгері іспетті.

— Жоғары оқу орнын бітіргелі құқық қорғау органдарында, прокуратурада және адвокатурада жұмыс жасаған емеспін.  Қолға диплом алған соң судьялық қызметке тұрып, тек осы салада ғана қызмет еткеніме биыл 30 жыл толып отыр, — дейді ол.

1998 жылдан 2010 жылға дейін облыстық соттың қылмыстық істер қарайтын сот алқасының судьясы қызметінде небір аса ауыр қылмыстық істерді бірінші инстанцияда қарап, үлкен тәжірибе жинақтады.

Судья үшін үкім шығарудың оңайға соқпайтыны белгілі. Өйткені алдыңда адам тағдыры тұрады. Оның қалай қылмыс жасағаны, кімнің зардап шеккені судьяның алдындағы құжаттарда хатталып тұрады. Алайда үкім шығарушы мұнымен шектеліп қалмасы анық. Ол да адам баласы, түрлі істерді қарау қарсаңында мың ойланып, толғанады. Айсұлтан Жабайұлы да мұндай сәттерді талай рет басынан кешірді. Сондайда өмір көргені, талай адам араласып, жақсылы-жаманды жайлардың куәсі болғаны көз алдынан өтеді. Қысқасы, жеті рет пішіп, бір рет кесуді дұрыс көреді.

Айсұлтан Жабайұлының сонау жас кезінде өзі туып-өскен Шұбарқұдықтағы локомотив депосында жұмысшы болып темірдің ортасында шыныққанын көп адам біле бермейді. Одан кейін Алматы қаласындағы Партияның ХХІІІ съезі атындағы «Поршень» зауытында токарьдың үйренушісі болғаны да және бар. Осының бәрі оның келер күнге қадам басудағы өзіне  сенімділігін нығайтуға септігін тигізгені анық.

Ердің жасы — елудің үстіне шыққалы да көп бола қойған жоқ. Айсұлтан Жабайұлы осы биіктен қарағанда бүгінде ағалық кезеңге көтерілгенін көбірек сезінеді. Өзі сыйлайтын алдыңғы буынның біраз өкілі қазір зейнет демалысында, соңынан еріп келе жатқан жастар бұларға қарайды.

Айсұлтан Жабайұлының Ақтөбе қаласының №2 соты төрағасы болған кезінде көптеген шаруаларға ұйытқы болғанын білеміз. Мәселен, азаматтар арасында медиация институтын кеңінен насихаттау мақсатында түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жүргізілді. Прокуратура, адвокатура, құқық қорғау органдары және медиаторлардың қатысуымен медиация тақырыбында үнемі дөңгелек үстелдер, семинар сабақтары ұйымдастырылды. Медиаторлармен бірлесіп  жұмыс жасағанның нәтижесінде медиатордың көмегімен шешімін тапқан істердің саны жылдан-жылға көбейіп, оң нәтижесін көрсетті.

Бейнеконференция байланысы арқылы сот отырыстарын қашықтан өткізу үшін сот отырыстары залдары аудиобейне тіркеу жүйелерімен жабдықталды. Тергеу изоляторлары мен түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандардың өтініштері бойынша сот отырыстары қашықтан өткізу мүмкіндігіне ие болды.

Айсұлтан Жабайұлының сот процесінде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге үлкен үлес қосқанын әріптестері жақсы біледі. Бұған бір жағы мектепті қазақша бітіргендігі мол мүмкіндік берсе, екіншіден, өзінің жүрек түкпірінде жалындап тұратын туған тілге деген құрмет сезімі де жетелегендей еді.  Оның мемлекеттік тілде іс жүргізудегі бастамашылдығы жоғары бағаланды.

Бұл біз білетін бірер жай ғана. Ал Айсұлтан Жабайұлы қай жерде қызмет атқарса да, істегі жаңашылдықты, жақсылықты жоғары орынға қояды. Сондықтан да болар, оны адамдар қорған тұтады, онымен ақылдасып-кеңескенді қалайды.

Ол өз мамандығын мақтан тұтады. Сондықтан да үнемі ізденіп, заң талаптарының тереңіне үңіліп, ылғи да зерттеп отырады.

Ол Судьялар одағы бастамашылдық жасаған жаңа Әдеп  кодексі мемлекет атынан сөйлейтін судьялардың біліктілік қасиетін ғана емес, кісілік келбетін, адамгершілік, рухани бейнесін нығайтуға ықпал етеді деген ойда.

Биыл еліміздің сот жүйесіне — 30 жыл. Бұл салада отыз жылдық еңбек өтілі бар Айсұлтан Жабайұлы осы уақыт аралығында елімізде сот жүйесіне реформалардың  жасалуының жалғасып келе жатқанын атап өтті. Әсіресе ол сөз арасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына арнаған Жолдауында айтылған барлық деңгейдегі соттар, шын мәнінде, тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін емес екендігін айрықша тоқталды.

— Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері сот құрылымы едәуір жетіле түсті. Өйткені тәуелсіздік жылдарында елімізде түбегейлі реформаланған саланың бірі — сот жүйесі. Осы жылдарда сот құрылымы мен сот өндірісі жүйесі айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Ең бастысы — сот қызметкерлеріне мәртебе берілді, жекелеген санаттағы істерді қарайтын мамандандырылған соттар құрылды, — дейді ол.

Айсұлтан Жабайұлы қазіргі қоғамда мемлекеттік қызметшілерге, шенеуніктерге, құқық қорғау органдарының басшыларына, соттарға нақақтан-нақақ күйе жағушылардың, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жалған мәліметтер таратып, халықтың теріс пиғылын тудыратындардың әрекетіне  қынжылыс білдіреді.

«Мұндай әрекеттер қоғамның дамуына, Жаңа Қазақстанды құруға кері әсер етеді. «Заң мен тәртіп — ішкі тұрақтылықтың бірден-бір кепілі. Онсыз қоғамның дамуы мүмкін емес. Сондықтан бұл қағида да біздің ең басты  бағдарымыз болуға тиісті. Жалпы отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болуы керек. Бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай  блогерлер және масылдық пиғылмен айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді. Орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс. Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің көмегіне сеніп отырған, заңға бағынатын қарапайым жұрт назардан тыс қалмауы керек», — деген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытау өңірінде өткен құрылтайда сөйлеген сөзі көпшіліктің көкейіндегі сауалға жауап болды. Сондықтан осы тұрғыда заң қабылданып, қоғамның дамуына кері әсерін тигізетіндерге уақтылы шара қолдану дұрыс болады деп есептеймін», — дейді кейіпкеріміз.

…Айсұлтан Жабайұлы биіктіктің бағасын жақсы біледі. Сондықтан да өзі еңбекпен, қиындықпен шыққан асуларын аласартпайды.

Ләззат ӘБДІРОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button