Басты бет » Жаңалықтар » Ақтөбе облысында 130 ауыл әкімі білімін жетілдіруде

Ақтөбе облысында 130 ауыл әкімі білімін жетілдіруде

Халықтың экономикалық белсенділігін арттыру бағытында Ақтөбе облысынан 100 -ден астам ауыл әкімі білімін жетілдірді. Қазір қатысушылардың соңғы легі оқытылуда.

AMANAT партиясының Саяси менеджмент академиясы ұйымдастырған семинарға облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, академия директоры Данияр Мукитанов, партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов арнайы қатысты.
Саяси менеджмент академиясының директоры Данияр Мукитанов партия әсіресе, ауылдық жерлерде халықтың табысын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударып отырғанын атап өтті.

-Қазір біз Ақмола, Қызылорда және Ақтөбе облыстарының ауыл әкімдерін оқытып жатырмыз. Барлығы 535 адам қамтылады. Сабақтар 22 маусымда аяқталады. Халықтың табыс мәселесі Қазақстанда, әсіресе халықтың 40 пайыздан астамы тұратын ауылдарда өте өзекті екені жасырын емес. Біз оларды ауыл скринингін қалай жүргізу, нақты ауылдық округте экономиканы көтерудің перспективалық бағыттарын анықтауды, Жұмыс орындарын құруды көздейтін бизнес жобаны қалай жасауға болатынын үйретеміз, – деді Данияр Мұқитанов.

Пилоттық жоба негізінде бағдарлама жетілдіріліп, жыл соңына дейін бүкіл Қазақстан бойынша іске қосылады.

Облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы әкімдерге Жаңа Қазақстанды құру үшін өзгерістерді өздерінен бастау қажет екенін айтты. Жаңа бағытта жұмыс жасауға осындай семинардың үлесі мол екенін жеткізді.
– Партия тарапынан және жалпы мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Біз оларды тиімді пайдалануымыз керек. Алған білімімізді дұрыс бағыттап, тиімді қолдансақ алдымызға қойған мақсаттарға жетеміз деген ойдамын, – деді Ермек Кенжеханұлы.

Семинарға қатысушылар бизнес-жоспарларды дайындауды үйреніп, жобаларды қаржыландырудың, сертификаттау мен стандарттаудың көздері туралы толық ақпарат алуда. Оқу практикалық сабақтармен ұштастырылған.

-Ауыл – ел бесігі, ауыл өркендесе, мемлекет те өркендейді. Сондықтан халықтың экономикалық белсенділігін арттыру маңызды. Осы тұрғыда семинардың пайдасы мол деп есептеймін. Әкімдер ауылға жаңа серпін, тың тыныс беретіндей мәлімет алғаны сөзсіз, – деп қорытындылады партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов.