Басты бет » Басты жаңалықтар » Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар ОМАРОВ: Президент реформаларын қоғамдық қолдау кеңейіп келеді

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар ОМАРОВ: Президент реформаларын қоғамдық қолдау кеңейіп келеді

Сенбі күні Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров Ырғыз ауданына іссапармен барды. Мақсат — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін ұйымдастыру туралы тапсырмасы аясында ел арасында болып, жергілікті тұрғындардың жағдайымен танысу. Сондай-ақ толғандырған өзекті сұрақтарына жауап беру. Үкімет өкілін аудан халқы жылы қарсы алды.

Арыстарға Құран бағыштады

Министр бастаған топ алдымен Ырғыз аудандық мешітіне барды. Өңірдегі дін өкілдерімен, жамағатпен кездесіп, сауалдарына жауап берді.
— Мектепте қыз балаларға орамал тағуға бола ма? Бұл мәселе қоғамда өзекті болып отыр. «Шымкент қаласындағы кейбір мектептерде мектепке орамал тағуға рұқсат берген», — деп естіп жатырмыз. Осы мәселеге байланысты пікіріңізді айтсаңыз, — деді Ырғыз ауылының тұрғыны.
— Қазақстан — зайырлы мемлекет. Мектеп — мемлекеттік мекеме. Ал мемлекеттік мекеменің өзіндік тәртіп, ережесі бар. Сол себепті қай діннің өкілі де мектепте зайырлы мемлекеттің заңнамаларын орындауға тиіс.
Шымкенттегі мектеп туралы менің қолымда нақты ақпарат жоқ. Бәлкім, мектеп басшылығы бір-екі қыз бала орамал тағып жүрген соң, оны мәселе ретінде көтеріп, назар аудармаған шығар, — деді Асқар Қуанышұлы.
Бұдан кейін мешітте киелі Ырғыз топырағынан шыққан арыстардың, қазақтың біртуар тұлғаларының рухтарына бағышталып, Құран оқылды.

Оқырманы көп басылым

Бұдан соң Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров аудандық «Ырғыз» газетінің редакциясында болып, тыныс-тіршілігімен танысты.
Тарихы 1930 жылдан басталатын аудандық басылым «Шаруа тілі» деген атпен жарық көрді. Кейін «Колхозшы», «Ленин туы» атауларын иеленіп, 1965 жылдан бері «Ырғыз» атауымен шығуда. Газет Ақтөбе қаласындағы «Хабар-Сервис» баспаханасында басылады. Басылым таралымы — 1411 дана. Аудандық газетті Ырғыздың тұрғындары ғана емес, басқа өңірлерде тұратын ырғыздықтар да жаздырып алып оқиды екен.
Басылымның таралымына риза болған министр:
— Ауданда 1411 отбасының аудандық газетке жазылуы — өте жақсы көрсеткіш. Шамамен әр отбасында 4-5 адамнан тұрады десек, аудандағы әрбір екінші үйге «Ырғыз» газеті таратылады. Жекенің иелігіндегі басылымның мұндай деңгейге көтерілуі — қуантарлық жайт.
Аудандық газеттің instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына тіркелдім. Парақшаларыңызда оқылымды материал көп, оқырманға қызықты, тартымды екен.
Жалпы, аудандық басылымдар жекеменшікке тәуелді болғанмен, оның уақтылы шығып-шықпағаны, тыныс-тірлігі министрліктің жіті бақылауында болады. Жақын арада өңірлердегі аудандық басылымдарда жұмыс жасайтын журналистерге арнап семинар-тренингтер ұйымдастырамыз, — деді Асқар Омаров.
Шара барысында министр «Ырғыз» аудандық газетінің ардагері, аталған басылымды 21 жыл басқарған Марат Мырзалыға «Еңбек ардагері» медалін және газет тілшісі Тұрсынбек Ақдәулетовке министрліктің «Құрмет» грамотасын табыс етті.

Кибербуллинг қатері: қорғаушы кім?

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров аудандық «Арай» мәдениет үйінде Ырғыз ауданының тұрғындарымен кездесті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергенов, Әйтеке би, Хромтау және Шалқар аудандары әкімдіктерінің өкілдері және журналистер қатысты. Шараны «Ақтөбе Медиа» медиахолдингінің директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин жүргізді. Ол министрдің іссапарының мақсаты туралы айтып, сөз кезегін Асқар Қуанышұлына берді.
Министр бұл аймаққа бірінші рет келіп тұрғанын, дегенмен өңір туралы кітаптардан жақсы таныс екенін, Ырғыз топырағының қазақ елінің тарихында алатын орны ерекше екенін жеткізді. Бұдан соң ол республикалық референдумның жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Оған облыс бойынша ерекше белсенділік танытқан ырғыздықтарға ризашылығын білдірді.
— Референдум қорытындысы қоғамдық консолидацияның жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті. Президенттік реформалар курсын қоғамдық қолдау кеңейіп келеді.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында елдегі қоғамдық-саяси реформалардың жаңа бағытын жариялағаны белгілі. Оның ішінде азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайтуға, бұқаралық ақпарат құралдарынының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға басымдықтар берілген, — деді Асқар Қуанышұлы.
Бұдан кейін ол министрліктің жұмысы туралы жан-жақты баяндама жасады.
— Біз азаматтық қоғам институттарын дамыту бойынша үлкен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бүгінде республика бойынша 17 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді, оның ішінде Ақтөбе облысында 612 ҮЕҰ бар.
Біздің жұмысымыздың бір бағыты — еріктілер қозғалысын дамыту.
Ақтөбе облысында құрамында 4,7 мың волонтер бар. 139 еріктілер тобы жұмыс істеп жатыр. Олар 1,1 мыңға жуық игі іс ұйымдастырды, мысалы, әлеуметтік дүкен ашты, 60-тан астам аз қамтылған отбасына көмек көрсетті, — деді Асқар Омаров.
Министр жиында жастарды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы да айтты. Сондай-ақ кездесу барысында жастар және отбасы саясаты, дін, этносаралық қатынастар, қоғамдық сананы жаңғырту мәселелері талқыланды.

Шарада тұрғындар тарапынан министрге көптеген сауал қойылды.
— Оқушылар арасында ораза ұстасушылар көбейіп кетті. Ораза ұстаудың өзіндік әдебі бар. Балалар ораза ұстауға дайын ба? «Оразаны ұстаудың жөні осы екен» деп мектеп оқушыларының ораза ұстағаны жөн бе? Бұл — бір. Екіншіден, осы аптап ыстықта қылғынып орамал тағып, етектері жер сызған қап-қара киім кигендер де көбейіп кетті. Осы келеңсіздік туралы пікіріңіз, — деді еңбек ардагері, ауданның құрметті азаматы Нұрқасым Сәрсенбайұлы.
— Менің жеке пікірім, кәмелетке толмаған балаға ораза ұстау қажет емес.
Елімізде адам құқығы ерекше сақталып, қорғалады. Егер теріс ағымдағы діннің өкілі болмаса, орамал тақпа деп ешкім тыйым сала алмайды. Бұл жерде кәмелетке толған адамдарға қатысты айтып отырмын. Қоғамдық ортада тақия киіп, орамал тақса немесе ұлттық киім кисе, бұл үшін ешкім заң алдында жауапқа тартылмайды, — деді Асқар Қуанышұлы.
— Орталық-Батыс (Нұр-Сұлтан – Жантеке – Егіндікөл – Арқалық – Торғай – Ақшығанақ – Ырғыз – Шалқар – Қандыағаш – Доссор – Бейнеу — Ақтау) деген жолдың жобасы бар еді. Қазақстанның астанасы мен Ақмола облысын Қостанай облысының оңтүстік аудандары арқылы еліміздің батыс өңірімен байланыстыратын жолдың стратегиялық маңызы зор. Бұл жоба туралы он жылдан бері жырланып келеді. Ел дамуы үшін маңызға ие жолдың мәселесі қашан шешіледі? Осыны Үкіметке жеткізсеңіз деген өтініш білдіреміз, — деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышбек Кенжебаев.
Жиында сөз алған облыс әімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова жол мәселесі туралы былай деді:
— Орталық-Батыс жолы — ауқымды жоба. Оны жүзеге асыру үшін 65,7 миллиард теңге көлемінде қаржы қажет. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Мемлекеттік сараптамадан өтті. Бұл мәселені тиісті органдарға жазбаша түрде де жіберетін боламыз. Асқар Қуанышұлы, әріптестеріңізге осы мәселені жеткізсеңіз екен, — деді ол.
— Қазір «домалақ арыз» бізде міндетті түрде қаралады. Жеке бас араздығы үшін әлеуметтік желілер арқылы кек қайтару бар. Желіге кім көрінген не болса соны айтып, адамның жеке басын қаралайтын болды. Осындай топтағы адамдарды бұғақтауға бола ма? Болмаса біз қайда барып қорғана аламыз, бізді кім қорғайды, — деді 2 Ырғыз орта мектебінің директоры Ләззат Әкімжанқызы.

— Жақында «Кибербуллинг туралы» Заң қабылданды. Әлеуметтік желілердің басшыларымен кездестім. Олар кибербуллинг бойынша жұмыс жасауға және кибербуллинг жасайтын адамдарды бұғақтауға дайын. Өкінішке қарай, әр әлеуметтік желіні пайдаланушыны мемлекет бұғақтай алмайды. Дегенмен сізге қарсы кім негізсіз «шабуыл» жасап жатыр, ол туралы нақты ақпарат білсеңіз, сотқа шағымдануыңызға болады, — деді Асқар Омаров.
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырысында: «Заң мен тәртіп — ішкі тұрақтылықтың бірден-бір кепілі. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылмен айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді. Орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс», — деген болатын. Расында, «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» қолдау-көмегіне сеніп отырған, заңға бойұсынатын қарапайым халық назардан тыс қалмауы керек, — деді шара модераторы Раукен Отыншин.
Кездесуді министр Асқар Омаров түйіндеді.
— Тұрғындармен кездесуден, оларды толғандырған сауалдардан ұққаным, мұндағы елдің тұрмысы тәуір, ауданда жолдан басқа әлеуметтік мәселе жоқ екен. Жол туралы құзырлы органдарға жеткізетін боламын. Жұртшылықтың бәрі өз басының мәселесін емес, елдің, халықтың жағдайы туралы айтып жатыр. Бұдан халықтың азаматтық сезім деңгейі жоғары екенін аңғаруға болады, — деп Асқар Омаров ырғыздықтарға ризашылығын білдірді.

«Дипломмен — ауылға» жобасына жас журналистер де тартылады

Бұдан кейін журналистерге арналған брифинг өтті. Онда аталған саладағы өзекті мәселелер талқыланды.
— Елімізде «мемлекеттік БАҚ» деген атау ресми түрде жоқ. Дегенмен «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» секілді республикалық, өңірлердегі облыстық газеттердің іс жүзінде «мемлекеттік БАҚ-тың» қызметін атқарып келе жатқаны белгілі. Осы ретте осындай ақпарат құралдарына, оның қызметкерлеріне мемлекет тарапынан да жеңілдіктер болуы керек екені айқын. Осы реттегі пікіріңіз, — деген сауалға министр былай жауап берді:
— Қазіргі заңнамада «мемлекеттік БАҚ» деген атау жоқ екені рас. Мемлекеттік тапсырысты екіге бөлу жоспарда бар. Бірі — гранттық қаржыландыру, екіншісі — субсидиялау. Газеттердің үлкен шығыны — баспахана төлемі. Мемлекет осы мәселені шешу үшін неге субсидия бермеске? Болмаса газеттерден қосымша құн салығын неге алып тастамасқа? Бұл мәселе әлі де зерттеліп, сарапталатын болады, — деді ол. Министр

«Дипломмен — ауылға» жобасына болашақта журанлистика факультетін бітірген жас мамандар да қамтылатынын, оларды ауылда тұрақтандырып, аудандық басылымдарға тарту мақсатында жұмыстар жүргізілетінін айтты.
Министр сапары барысында «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік резерватына да барып, мекеменің жұмысымен танысты. Сондай-ақ аудан тұрғындарын жеке қабылдады. Қабылдауға келген 4 адамның да сауалдарына нақты жауап берілді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.