Жаңалықтар

Бақ өкілдерімен кездесті

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров облыстағы БАҚ өкілдерімен кездесті.

Еркін форматта өткен кездесуді облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова жүргізіп отырды.

Кездесуде министр сөзін БАҚ туралы Заңнан бастады. Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, БАҚ туралы Заң қайта қаралып жатыр. Заңға өзгерістер енгізу мәселесі қоғамда қызу талқылануда.

  • Заң туралы сөз қозғалғанда, әуелі «журналист деп кімді атаймыз?» деген сауалға жауап табуымыз керек. Себебі қазір әлеуметтік желілер арқылы ақпарат тарататын блогерлер, түрлі ақпараттық сайттарда жаңалықтармен бөлісетін мамандар көбейіп кетті. Осы тұрғыда ақпараттық коммуникация мен бұқаралық ақпарат құралдарының рөліне, маңыздылығына ерекше көңіл аударуға тиіспіз. Мәселен, елімізде журналистиканы бітірген, алайда басылымдарда жұмыс істеп көрмеген әріптестеріміз бар. Сондықтан журналистердің білімі, біліктілігі, тәжірибесі мен жетістіктерін жан-жақты қарастырып, соның аясында мәртебе беруіміз керек. Осы мәселеде сіздердің тараптарыңыздан ұсыныс-пікірлер болса, біздің министрлікке жолдауларыңызға болады. Қазір бұл мәселеде біз барлық журналистердің пікірін назарға алып жатырмыз, — деген ол БАҚ туралы Заңға өзгерістер енгізу процесі кең қоғамдық және сараптамалық талқылау негізінде жүзеге асырылатынын жеткізді.

Сондай-ақ Асқар Омаров алдағы 2-3 жылда мемлекеттік телеарналар мен басылымдардың қызметкерлерінің еңбекақысы көтерілетінін, БАҚ өкілдеріне барынша қолдау шаралары жүргізілетінін жеткізді.

Бұдан кейін басқосуда жергілікті БАҚ өкілдері сөз алды. «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин министрге қазіргі таңда өңірдегі журналистердің арасында БАҚ туралы Заңға енгізілетін өзгерістер жиі көтерілетінін жеткізді.

  • Мемлекет басшысының биылғы «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғыру жолы» атты Жолдауының жетінші тарауында бұқаралық ақпарат өкілдері билік пен халықты байланыстыратын арна екендігі, елдегі қордаланған мәселелерді журналистер қауымы көтеру керектігі айтылған. Осы орайда біз әр түрлі мәселелерді көтеріп келеміз. Оның ішінде ең көп айтылып жүргені — бұқаралық ақпарат өкілдерінің мәртебесі мен еңбекақысының аздығы. Бұл мәселеге нүкте қоятын кез келген сияқты.

Енді облыстағы басылымдардың мәселелеріне келсек, біз жыл сайын шамамен 20-25 миллион теңгеге дейін қосымша құн салығын төлейміз. Бұл бізге едәуір шығын болып тұр. Одан кейінгі мәселе — кадр тапшылығы. Қазіргі таңда кадр мәселесі барлық өңірде бар. Себебі әр облыста Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіріп келген мамандар некен-саяқ. Болған күнде де, олар бізден үй сұрайды, жағдай жасауымызды талап етеді. Ал бұған біздің шамамыз келе бермейді. Сондықтан да осындай әлеуметтік мәселелер назарға алынса деген тілегіміз бар, — деді ол.

Басқосуда журналистер өңірдегі басылымдарды тасымалдайтын «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының жұмысына көңілі толмайтындарын жеткізді. Себебі филиалдарда кадр тапшылығы байқалады, сондай-ақ пошта қызметкерлерінің жалақысы аз. Ал аз жалақыға ешкім жұмыс істегісі келмейді.

  • «Қазпошта» акционерлік қоғамының мәселесін министрлік те біледі. Біз екі апта бұрын Цифрлық даму министрі Бағдат Мусинмен бірігіп, осы мәселе бойынша арнайы жиын өткізгенбіз. Ортақ шешімге келу үшін екі министрлік жұмыс тобын құрдық. «Қазпоштаға» бөлінетін қаржыны газеттерге субсидия ретінде беру керек пе, әлде басқалай шешім шығарамыз ба, бұл алдағы уақыттың еншісінде. Келер айда белгілі болады, — деді А.Омаров.

Сондай-ақ кездесуде республикалық, облыстық телеарналар мен газеттердің тілшілері еңбекақыны көбейту, оқырмандарға газетті жеткізудегі қызметтің сапасы, жергілікті газеттерді шығаратын баспаханаларды мемлекет тарапынан субсидияландыру, цифрлық технологияларды дамыту, т.б мәселелерді көтеріп, өз ұсыныс-тілектерін айтты.

— Қазіргі таңда біздің алдымызда халыққа сенімді ақпарат жеткізу, жалған ақпаратты жарияламау сияқты өзекті міндеттер тұр. Барлық аудитория біздің мемлекеттік басылымдарды оқиды, көреді. Сондықтан Жаңа Қазақстанның журналистері мықты да жан-жақты кәсіби маман болуы керек. Сіздер халыққа шынайы әрі жедел түрде соңғы жаңалықтарды жеткізесіздер, осы тұрғыда еңбектеріңіз зор.

Алда келе жатқан мерекелеріңіз құтты болсын! Баршаңызға шығармашылық табыс тілеймін! — деп, сөзін қорытындылаған Асқар Омаров БАҚ саласының бір топ қызметкерін Құрмет грамоталарымен марапаттады. Олардың қатарында әріптесіміз, «Актюбинский вестник» газетінің жауапты хатшысы Серік Ахметов те бар.

Облысқа жұмыс сапары аясында Асқар Омаров М.Ломоносов атындағы қалалық кітапхананың және облыстық жастар ресурстық орталығының жұмысымен танысты. Басқосуда қала жастары мен еріктілер бірқатар өзекті мәселелерді қозғады. Олар  жалақыларының аздығы, еріктілер қозғалысын қолдауға арналған жобалардың жүйелілігі, т.б. мәселелер.

Сондай-ақ министр үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының мүшелерімен де жүздесті.

Қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері министрден қауымдастықтың өз алдына ғимараты жоқ екенін айтып, осы мәселені шешіп беруін сұрады. Бұл жерде облыстық басылымдардың баспанасыз жүргенін ескерсек, қауымдастықтың жағдайы соншалықты «мүшкіл» емес екенін айта кеткен жөн.

Түстен кейін министр Алға ауданы Бестамақ ауылындағы медресе-колледждің және  жастар орталығының жұмысымен танысты. Сол орталықта аудан жастарымен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Кездесу барысында министр Асқар Омаров қойылған сауалдарға жауап берді.

Данагүл Қазихан.

Басқа жаңалықтар

Back to top button