Жаңалықтар

«Ана тілі әлемі» тіл лагері ашылды

Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің алаңында «Ана тілі әлемі» халықаралық тіл лагерінің ашылу салтанаты өтті.

Лагерьге Ресей Федерациясының Алтай, Санкт-Петербург, Орынбор, Орск, Саратов, Омбы, Челябі өңірлерінде тұратын этникалық қазақ отбасыларынан 31 бала демалуға келді.

Шараның негізгі мақсаты — Балалар жылы аясында олардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, қазақ тілін үйрете отырып, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіру, қазақ халқының салт-дәстүрлерін дәріптеу, патриоттық сезімдерін, тарихи Отанына, атамекеніне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру.

Лагерь бағдарламасына сәйкес балаларға негізінен қазақ тілін үйренуге басымдық беріледі. Ол үшін облыстағы ең үздік мұғалімдер сабақ бермек.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова қатысып, балдырғандарға сәтті демалыс тіледі.

— Биылғы жылды Мемлекет басшысы Балалар жылы деп жариялағанын білесіздер. Бүгінгі шараның өзіндік тарихи мәні бар. 2019 жылы облыс әкімі Оңдасын Оразалин іссапармен Ресей Федерациясының Орынбор облысында болды. Сол сәтте ондағы қандас бауырларымыздың тарапынан «өз елімізден жыраққа кетсек те, ұрпағымыз еліміздің тілін, мәдениетін ұмытпаса екен» деген ұсыныстары түскен еді. Бүгін екі өңірдің арасындағы ынтымақтастық меморандумы аясында облыс әкімінің қолдауымен 20 маусым мен 1 шілде аралығында халықаралық лагерь ұйымдастырылып отыр.

Қазақстан Тәуелсіздік алған 30 жылдан астам уақыт ішінде көптеген жетістікті де, қиындықты да бастан өткерді. Балалардың өз Отанының тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын білуіне жан-жақты қолдау көрсетіледі, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, лагерьге қатысушылар тіл үйреніп қана қоймай, Ақтөбе қаласының мәдени, спорттық, танымдық орындарын аралап, «Kids Book Fest — 2022» фестивалін тамашалайтын болады. Сонымен қатар балалар сабақтан тыс уақыттарында  «Yurta park», «Green land» демалыс орындарында, «Tree Of Life» аквапаркінде, «Көкжайлау Ақтөбе» туристік орталықтарында демалып, Алға ауданындағы Есет Көкіұлының кесенесіне, Қобдадағы Абат-Байтақ мемориалды кешеніне саяхаттайтын болады. Сондай-ақ А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледж оқытушылары қазақтың ұлттық аспабы домбыра тартудан, қосымша білім беру ұйымдары педагогтері ұлттық қолөнер бұйымдарын дайындаудан және қазақтың ұлттық тағам түрлерін жасаудан шеберлік сағаттарын өткізеді.

Туған жерім — Ақтөбе. 28 жылдан бері Мәскеуде тұрамыз. Ана тілімізді үйренсін, тарихи жерлерін өз көзімен көрсін деген мақсатта 6-7 жастағы немерелерімді алып келдім. Бүгінгі лагерьді ұйымдастырушыларға зор алғысымызды білдіреміз.

Әрине, атамекенімізді сағынамыз. Жолымыз түскенде келіп тұрамыз, — дейді Асылбек Төлешев.

Халыкаралық «Қазақ тілі» қоғамының Орынбордағы өкілдігінің төрағасы Сәуле Таикешева:

— Орынбор — ежелгі қазақтың жері. Қазір онда ресми түрде 125 мыңнан астам қазақ тұрады. Бұған дейін тек аудандарда қазақ тілінен қосымша үйірмелер ғана өткізіліп келді. Соңғы жылдары қандастарымыздың қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығы артып келеді. Биыл қыркүйек айында Орынбордан лингвистикалық қазақ тілі орталығы ашылғалы отыр, — дейді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button