Жаңалықтар

Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда

Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер арасында өткен «Поэзия — образ, поэзия — өлең» атты облыстық байқауы өз мәресіне жетті. Сайыстың қорытындысы бойынша қазақтың қара өлеңін нақышына келтіре оқып, сахналық қойылымы көптің көңілінен шыққан Ойыл ауданы Қараой ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Нұрлан Айтқалиев бас жүлдені иеленді.

Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында олардың имиджін көтеріп, шығармашылық қабілетін дәріптеу мақсатында өткен байқауды мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен бірлесіп өткізген болатын. Екі кезеңнен тұратын конкурс барысында мемлекеттік қызметшілер өлең оқып, актерлік қабілеттерін көрсетті.

— Байқаудың бірінші кезеңі 16-20 мамыр аралығында  онлайн форматта өтті. Конкурс шарты бойынша бұл турда мемлекеттік қызметшілер өлең оқып, оны бейнеролик форматында жолдады. Келіп түскен 50-ге жуық материалдың ішінен 10 адам үздік деп танылып, олар келесі кезеңге жолдама алды. Сайыстың екінші кезеңі офлайн форматта өтті. Мұнда байқауға қатысушылар шығарманы нақышына келтіре оқып, қойылым қойды, — дейді департаменттің бас маманы Гүлнұр Мусашева.

Байқаудың бас жүлдесі ойылдық Нұрлан Айтқалиевке бұйырса, 1-орынды Алға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Әсел Абдулина иеленді. 2-орынды Мұғалжар ауданы Талдысай ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Арай Аманқызы, ал жүлделі 3-орынды  Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаментінің жетекші маманы Динара Ізбасқановаалды.

Барлық қатысушылар арнайы дипломмен қатар, Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button