Жаңалықтар

Сенбілікке шықты

Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына — 30 жыл. Мерейлі мереке қарсаңында құқық қорғау органдарының қызметкерлері «30 игі іс» акциясын қолға алып, түрлі іс-шаралар өткізіп жатыр.

Полиция департаментінің арнайы және жұмылдыру басқармасы бұл жолы экологиялық акцияға қатысты. Арнайы киім киіп, қолдарына күрек-тырмаларын ұстаған полицейлер Елек өзені маңын күл-қоқыстан тазартты.

— Қаламыздың тазалығын сақтау — баршамыздың міндетіміз. Қоршаған ортаны таза ұстау, тазалық акцияларын өткізу азаматтардың бойында тәрбиелік қасиетті қалыптастырады. Акция барысында басқарма қызметкерлері өзен жағасынан 50 қапшыққа жуық қоқыс шығарды. Барша ақтөбеліктерді қаламызды таза ұстауға шақырамыз, — деді басқарма бастығы Рустам Апсеттаров.

Ал аталған акция аясында Ойыл ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері ішкі істер органдарының ардагері марқұм Марат Бекетаевтың шаңырағына барып, үй шаруасына көмектесті. Айта кетейік, марқұмның өткен жылы ковид жұқтырып қайтыс болған ұлы Мұрат Бекетаев та ішкі істер саласында еңбек еткен жан.Өз кезегінде ардагердің зайыбы Зоя Бекетаева полицейлерге алғысын айтып, батасын берді.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button