Жаңалықтар

Аллеяда өткен қызықты ойын

Шахмат

Ақтөбеде «Владимир Дворкович мемориалы – Aktobe Open 2022» халықаралық шахмат фестивалі жалғасып жатыр.

Фестивал аясында халықаралық гроссмейстерлер Павел Панкратов пен Алексей Ким шахматшылар аллеясына барып, қала тұрғындарымен бірге шахмат ойнады. Бұл шараны Ақтөбе қаласының әкімдігі мен Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырды.

Әбілқайыр хан мен Ә.Молдағұлова даңғылдарының қиылысындағы аллеяға шахмат ойнайтын тұрғындар мен оқушылар жиналды.

Қаз-қатар қойылған 20 үстелдің 10-ы ересектерге арналса, 10-ы балаларға берілді. Әуесқойлар кешкілік екі сағат бойы гроссмейстерлермен шахмат ойнады.

— Мен Құсайынов атындағы дарынды балалар мектебінде жұмыс істеймін. Студент кезімнен шахмат ойнаймын. Қазір балаларға шахмат ойынын үйретіп, үйірме жұмыстарын жүргіземін. Шахматтың адамды қызықтырып, тартып тұратын қасиеті бар. Гроссмейстерлермен болатын шахмат ойынына екі оқушымды әкелдім. Үйренсін, аз да болса сабақ болады. Өзім де ойнаймын. Көшеде өткізілген мұндай шара көптің қызығушылығын тудырады, — дейді Қызылжар ауылынан келген Ізғали Ернияшов.

Естеріңізге сала кетсек өткен аптада басталған халықаралық шахмат сайысы 23 маусымда мәресіне жетеді.

С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button