Спорт

Қосалқыдан қосылғандар бұзған қорғаныс

Премьер-Лига

«Атырау»-«Ақтөбе» — 0:2

 Жексенбі күні, 19 маусымда Премьер-Лиганың 14-тур ойындары өтті.

90+2 минутта қақпасына екінші гол жіберіп алған «Шахтер» өз алаңында жеңіліске ұшырады. «Ордабасы» өз алаңында жеңіске жетті. «Қайрат» көш соңындағы команданы бір гол соғып, әзер ұтты. «Астана» турнир кестесінің екінші бөлігінде келе жатқан қарсыласының қақпасына жауапсыз 5 гол соқты. Көш басында келе жатқан «Каспий» сырт алаңда ұтылып, екінші сатыға түсті. «Тұран» мен «Ақжайық» тең ойнады.

Чемпионат басталғалы 87 кездесу өткізіліп, 201 гол соғылды. Қақпаларға орта есеппен әр ойында 2,31  голдан өткізілді.

*   *   *

«Ақтөбе» бұл турды сырт алаңда өткізді. Әсіресе екінші таймда соншама басымдыққа ие бола тұра, «Атырау» командасы сақалды қолдан берді.

Бірінші таймда қарсыластар тең ойнады деуге болады. Шабуылдар екі қақпаның алдында да аз болған жоқ. Әрине, алаң иелерінің жоғары белсенділік танытуы заңдылық еді. Дегенмен қонақтар да тіпті де қарап қалған жоқ. Біздің Максим Самородов пен Сердер Сердеровтің соққыларынан соң доп қиыс кетпегенде атыраулық қақпашыға оңайға соқпайтын еді. Оған қоса, әттең, біздің жігіттер қарсыластар қақпасының алдына шапшаң жетіп келгенімен де, соққы жасар тұста кенет абыдырап қалып жатты, әлденеге күйбеңдеді де жүрді.

Ал екінші тайм ақтөбеліктердің дәрменсіз қимылдарымен басталды. Алғашқы минуттардың бірінде қорғаушыларымыз қақпамызға таяу тұста бір-біріне доп асыруда қателікке ұрынып, алаң иелері екі соққы жасады. Екеуінде де қақпаны голдан қақпашымыз Стас Покатилов құтқарып қалды. Арада бес минуттай уақыт өтер-өтпесте біздің айып алаңымызға алаң иелері тастаған допты қайтару кезінде қорғаушыларымыз түсініксіз қимылдар жасап, бас төреші бірден он бір метрлік нүктені көрсетті. Бірақ BAR арқылы тексерген кезде бұл әрекеттің пенальти белгілерліктей тәртіпбұзушылық емес екендігі анықталып, төреші сөзін қайтып алды. Одан көп ұзамай әлгі пенальтиді соқтыра жаздаған қорғаушымыз Ескендір Қыбырай қақпашымызбен жеке-дара шығуға зымырай бет алған атыраулық шабуылшыны орта жолда шалып құлатты да, «қызыл қағаз» көрсетіліп, дереу алаңнан қуылды. Бұл 62-минут еді. Алаң иелеріне жарты сағаттай дерлік уақыт бойы жеңіске жетуге толық мүмкіндік туды. Расында да, атыраулық футболшылар шабуылдарды үдетіп жіберді, біздің жігіттер жанталаса қорғанумен болды. Осы тең есепті сақтап, бір ұпай олжалаудың өзі мұңға айналған сәт туды. Бас бапкер осы тұста тездетіп алмастырулар жасап, запастан тың футболшылар қосылды. Сондай аласапыранмен ойынның негізгі уақыты аяқталуға да жақын қалды. Сол шақта…

Иә, сол шақта, «Атыраудың» қорғаныстан гөрі гол соғарлық сәтті аңсаған тәбеті тым ашылып кеткен кезде, біздің жігіттер кенет шабуыл ұйымдастырып, қақпа маңына жетіп келді. Виталий Балашов допты қақпаның дәл оң қапталында аңдып тұрған Сердер Сердеровке әуелете тастады, бірақ Сердердің тұтқиылдан соққы жасауға мүмкіндігі болмай қалып, ол допты өзінен сәл кейінде жүрген Дмитрий Шомкоға ысыра салды. Дмитрий допты ойланбастан сол аяқпен ілгері асырды да, қақпаға өршелене ұмтылған Юрий Логвиненко мен Рожерио Шинаның ортасында жүрген атыраулық Равиль Ибрагимов допқа олармен қабаттаса аяқ тосып үлгерді. Үлгергені құрысын, бағыты кілт өзгерген добы түскір өз қақпасына лып етіп енді де кетті: 0:1.

Бұл 88-минут еді. Егер ойынның 98-минутқа созылғанын ескерсек, атыраулықтардың қарымта гол соғуына сонда да уақыт жететін еді.

Бірақ олай болмады. «Ақтөбе» есепті еселеп жіберді. 90+5 минутта алаңның нақ орта тұсында жүрген Рожерио Шина алдына келе қалған допты іліп алды да, оң қапталға қарай ойыса зулай ілгері тартты. Қақпаға дәл таянған сәтте допты қорғаушылардан оздыра өзінен сәл-пәл ілгеріде келе жатқан Виталий Балашовқа тастай қойды. Виталий салқынқандылықпен шебер соққы жасап атыраулық қақпашыны тағы да сазға отырғызды — 0:2.

Осылайша жерлестеріміз сырт алаңда үш ұпай олжалады. Расын айту керек, бұл ойынның есебін футбол мамандары дереу «күтпеген нәтиже» деп жатты. Бұған келісуге де, келіспеуге де болады. Келісетініміз — азшылықта қалған соң тек қорғанумен болған команда ұтысқа ие болады деп ешкім де ойламаған шығар. Ал келіспейтініміз — мығым команда қай тығырықтан да жол табуға тырысады және сол жолды табады да, бұл ойында жолды тапқандар негізінен ойынға запастан қосылғандар десек те болады.

Не болғанда да, жерлестеріміз бірінші айналымды 5-орынмен аяқтады.

«Атырау»-«Ақтөбе» — 0:2

Гол авторлары: Равиль Ибрагимов, автогол, 88-минут (0:1); Виталий Балашов, 90+5 минут (0:2).

Ескерту қағазын алғандар: Сослан Такулов, 43-минут; Матеус Бисси, 71-минут; Амандық Набиханов, 90+1 минут; Равиль Ибрагимов, 90+2 минут; Арам Айрапетян, 90+6 минут («Атырау») — Юрий Логвиненко, 81-минут; Рожерио Шина, 89-минут; Темірлан Ерланов, 90+1 минут; Стас Покатилов, 90+4 минут («Ақтөбе»).

62-минутта ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін Ескендір Қыбырай («Ақтөбе») алаңнан қуылды.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы), Дмитрий Шомко, Темірлан Ерланов, Әлібек Қасым, Ескендір Қыбырай, Артурас Жулпа (капитан), Руслан Камболов (Юрий Логвиненко, 70-минут), Рамазан Оразов (Рожерио Шина, 60-минут), Уго Видемонт (Виталий Балашов, 70-минут), Максим Самородов (Владимир Гинайтис, 60-минут, Әділхан Таңжарықов, 83-минут), Сердер Сердеров.

Запаста болғандар: Саша Стаменкович (қақпашы), Әлішер Әжімов, Рустам Темірхан, Йоахим Адукор, Никита Маляров.

Бас бапкер — Андрей Карпович.

19 маусым 2022 жыл. Атырау қаласы, «Мұнайшы» стадионы. 3200 адам.

*   *   *

«Ақтөбе» командасы 12 кездесу өткізіп, 6 рет жеңді, 2 рет тең ойнады, 4 рет ұтылды.  Ұпай саны — 20. Доп айырмашылығы — 13:14.

Біздің мергендеріміз:

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 4 гол;

Сердер Сердеров, жартылай қорғаушы — 2 гол;

Жерар Гоу, шабуылшы — 2 гол;

Артурас Жулпа, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Никита Маляров, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Йоахим Адукор, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Виталий Балашов, шабуылшы — 1 гол.

(Равиль Ибрагимов («Атырау») өз қақпасына бір автогол соғып алды).

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Шахтер»-«Қызылжар» — 1:2

«Астана»-«Ақсу» — 5:0

«Ордабасы» «Тараз» — 3:2

45-минутта пенальти орындаған Әлішер Сүлей («Тараз») қақпашыдан айласын асыра алмады.

«Тұран»-«Ақжайық» — 1:1

«Қайрат»-«Мақтаарал» — 1:0

«Тобыл»-«Каспий» — 1:0

45+4 минутта пенальти орындаған Зоран Тошич («Тобыл») қақпашыдан айласын асыра алмаса, 81-минутта пенальти орындаған Мақсат Тайкенов («Каспий») допты қақпадан қиыс тепті.

*   *   *

14-турдан соң  командалар турнир кестесіне төмендегідей ретпен орналасты:

1.«Астана» (Нұр-Сұлтан) — 24 ұпай

  1. «Каспий» (Ақтау) — 22 ұпай
  2. «Тараз» (Тараз) — 21 ұпай
  3. «Тобыл» (Қостанай) — 21 ұпай
  4. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 20 ұпай
  5. «Атырау» (Атырау) — 19 ұпай
  6. «Қайрат» (Алматы) — 19 ұпай
  7. «Ордабасы» (Шымкент) — 17 ұпай
  8. «Шахтер» (Қарағанды) — 16 ұпай
  9. «Қызылжар» (Петропавл) — 15 ұпай
  10. «Ақсу» (Павлодар облысы) — 13 ұпай
  11. «Тұран» (Түркістан) — 12 ұпай
  12. «Ақжайық» (Орал) — 12 ұпай
  13. «Мақтаарал» (Түркістан облысы) — 9 ұпай

«Ақсу» мен «Тұранның» басқалардан 2 кездесуі, «Ақтөбе», «Ордабасы», «Шахтер», «Ақжайық» командаларының 1 кездесуі кем екендігін, сондай-ақ 13-тур ойындары тұтасымен кейінге қалдырылғанын еске саламыз.

*   *   *

15-тур ойындары 25-26 маусым күндері өтеді.

25 маусым, сенбі

«Ақжайық» — «Ордабасы»

«Ақсу» — «Шахтер»

26 маусым, жексенбі

«Қызылжар» — «Тобыл»

«Тараз» — «Қайрат»

«Каспий» — «Тұран»

«Мақтаарал» — «Атырау»

«АҚТӨБЕ» — «АСТАНА»

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button