Басты жаңалықтарДенсаулықМереке

Үздіктер марапатталған күн

Кеше Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында медицина қызметкерлері күніне орай салтанатты шара өтті. Онда осы салада абыройлы еңбек етіп жүрген үздік мамандар марапатталды.

Жиынға мыңнан астам медицина қызметкері мен ардагерлері қатысты. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

— Қоғамда екі керемет мамандық иесі бар. Оның біреуі мұғалімдер болса, екіншісі — дәрігерлер. Сол үшін бүгінгі мерекеде сіздерге қандай құрмет көрсетілсе де, артық болмайды.

Мемлекет басшысы дәрігерлерді «Бүгінгі қоғамның батырлары» деп бағалады. Бұл — дәрігерлер қауымына берілген лайықты баға. Ауырып келген жандарға ем-дом жасап қана қоймай, оларға ерекше жанашырлық пен қамқорлық көрсетесіздер. Сол үшін халықтың сіздерге де ықылас-ілтипаты, құрметі ерекше. 

Облыста бұл мереке жыл сайын атап өтіледі. Бұл — сіздердің халықтың денсаулығын сақтаудағы өлшеусіз еңбектеріңіз бен қосқан үлестеріңізге көрсетілген құрмет. Сондықтан баршаңызды облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін! — деді Б.Елеусінова.

Құттықтау сөзінен кейін облыс әкімінің орынбасары «Дару» клиникасының бас дәрігері Изольда Каландияға Мемлекет басшысының «Халық алғысы» медалін, сондай-ақ бір топ адамға «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісін табыстады.

Сондай-ақ шарада бір топ қызметкерге «Senim» және «Алтын дәрігер» төсбелгілері берілді. Осылайша мерекеде жалпы саны 80-нен астам адам төсбелгілермен, Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапатталды.

Шара соңында облыстағы шығармашылық ұжымдары медицина қызметкерлеріне әннен шашу шашып, концерттік бағдарлама ұсынды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, биыл облыстың денсаулық сақтау саласына 89 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның 628 миллион теңгесі — денсаулық сақтау нысандарының құрылысына, 3,7 миллиард теңгесі медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге, медициналық техника сатып алуға жұмсалған. Атап айтсақ, бөлінген қаржыға облыстық перинаталды орталыққа, Алға аудандық ауруханасына, облыстық фтизиопульмонологиялық орталыққа компьютерлік томографтар сатып алынған. Биыл жыл соңына дейін өңірде 5 амбулаторлық нысан пайдалануға берілмек. Сондай-ақ облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 80 орындық балалар онкогематологиясы корпусының құрылысы аяқталады.

«Дару» клиникасының бас дәрігері Изольда Каландия — мерекеде Президенттің «Халық алғысы» медалін алған облыстағы жалғыз дәрігер. Оның осы салада еңбек еткеніне отыз жылдан асқан. Мерекеде ерекше марапатқа ие болған дәрігер өзінің жылы лебізін білдірді.

  • Бүгінгі мерекенің біз үшін маңызы зор. Себебі бұл мереке біздің жыл бойы жасаған жұмысымыз бен еткен еңбегіміздің нәтижесін көрсетеді. Өкінішке қарай, облыста соңғы үш жылда бұл мереке тойланған жоқ. Біз, медицина саласының мамандары, осы уақыт ішінде пандемияның кесірінен үзіліссіз жұмыс жасап, халықты аты жаман індеттен қорғап қалу жолында еңбектендік. Міне, сол еңбегіміз бағаланып, облыстағы тәжірибелі, өз ісіне берілген, үздік қызметкерлер марапатталып жатыр. Бүгінгі мерекеде ерекше қуанып тұрмын. Осындай медаль аламын деп ойлаған жоқпын, — деді ол.

Данагүл ҚАЗИХАН. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button