Мереке

Абзал жандар мерекесі

Ақтөбе қалалық әкімдігінде Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті.

Жиында қала әкімінің орынбасары Айбек Көпенов құттықтау сөз сөйледі.

— «Бірінші байлық — денсаулық» — деп халқымыз айтқандай, өмірдегі барлық жақсылықтың түп бастауы — деннің саулығы. Сіздер күндіз-түнге қарамай еңбек етіп, халықтың денсаулығын сақтау жолында аянбай тер төгіп келесіздер. Әсіресе пандемия тұсында, өз ортамызда қауіпті індетке шалдыққандар қатары күрт артқан кезде, әрқайсыңызға ауыр міндет, зор жауапкершілік жүктелді. Халық та сіздердің орындарыңыздың ерекше екенін түсінді. Президентіміз пандемиямен күресте ерекше көзге түскен азаматтарға айрықша құрмет көрсету үшін «Халық алғысы» медалін тағайындады. Міне, өздеріңізбен мереке қарсаңында тағы бір кездесіп отырмыз. Сіздерді алдағы мерекемен құттықтап, еңбектеріңізге жеміс тілеймін. Бүгінгі кездесудің мақсаты — облыс және қала басшылығы атынан марапаттар тапсыру, — деді Айбек Көпенов.

Бұдан кейін қала әкімінің орынбасары медицина саласының қызметкерлеріне облыс, қала басшыларының атынан марапаттар табыстады.

Жарық ауылындағы «Медеткер» медициналық амбулаториясының бас дәрігері Жаухар Қалманова мен қалалық №2 емхананың дәрігері Жанат Алдоңғарова облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің Алғыс хатымен марапатталды.

20-дан астам адамға қала әкімі Асхат Шахаровтың алғыс хаты тапсырылды. Олардың арасында Ақтөбе медициналық орталығының бас дәрігері Ерлан Сұлтангереев, қалалық №2 емхананың бас дәрігері Қайырбек Тоқтаров, «Доверие» медициналық орталығының  физиотерапевті Үрзада Махамбетова, қалалық №4 емхананың терапевті Айнара Әбдірова, қалалық №2 емхананың сурдолог-дәрігері Әлия Айтқалиева, т.б. бар.

Осы жиында қаладағы медициналық мекемелерде еңбек етіп жүрген үздік дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлеріне облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының, ҚР денсаулық сақтау қызметкерлері «Ақниет» кәсіподағы облыстық филиалының Алғыс хаттары да табысталды.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button