Жастар

Жаңа маусым және жастар

Жасыл ел

Бейсенбі күні Ақтөбеде «Жасыл ел» еңбек маусымы салтанатты түрде ашылды. Облыс бойынша биыл «Жасыл елге» 3700 жасты тарту жоспарланған.

Триатлон паркінде өткен шараның ашылуына қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева жастарды жаңа еңбек маусымының басталуымен құттықтап, сәттілік тіледі.

— Мемлекеттің жастар саясатын іске асырудағы негізгі міндеттерінің бірі — олардың рухани-адамгершілік дамуын қалыптастыру, патриотизмге, еңбек етуге тәрбиелеу. Елімізде жастарға арналған көптеген бағдарламалар бар. Соның бірі — «Жасыл ел» бағдарламасы.

Еңбек маусымы басталған 2005 жылдан бастап облыста 60 мыңға жуық жас студенттік отрядтарда жұмыс жасап, еңбек мектебінен өтті.  Осы жауынгерлердің күшімен 900 мың тал-көшет егіліп, 10 мың тонна қоқыс шығарылды, Ақтөбе қаласы мен аудандарда 2520 гектар саябақ, гүлзар көгалдандырылды. 5300 километр орман және жол жиектері тазартылып, 1200  құрылыс ғимараты салынды. Еңбек отрядтарында белсенді жұмыс жасаған 2 мыңнан астам  жас Нұр-Сұлтан қаласына қыдыруға тегін жолдама алды.

Ақтөбе облысының штабы — жауынгерлер саны жағынан, жалақы төлеу, ұйымдастыру жағынан республика бойынша ең алдыңғы орында. 2021 жылы «Үздік республикалық штаб» атағына ие болды. Бұл —  сіздер сияқты жастардың еңбегінің көрінісі. Биылғы еңбек маусымында да облыс әкімдігі тарапынан жауынгерлердің алаңсыз жұмыс жасауына барлық жағдай жасалатын болады.

Жаңа еңбек маусымында сәттілік пен табыс тілеймін! — деді Ләззат Оразбаева.

Облыс бойынша жазғы каникулда құрылыс отрядтары мен көгалдандыру, туған өлкені абаттандыру бағытында еңбек етуге құлшыныс білдірген жастардың саны көбеймесе, азаймапты. Мәселен, өткен жылы 3500  жас «Жасыл елде» еңбек етсе, биыл бұл көрсеткіш — 3700.

«Атамекен» студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасағының төрағасы Нұржан Шаңғытбаевтың айтуынша, жылдағы дәстүр бойынша биыл да «Атамекен» студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасағының үздіктері қосымша марапатталатын болады. Маусым қорытындысы бойынша ең үздік жұмыс жасаған 30 жасқа Нұр-Сұлтан қаласына саяхаттауға жолдама беріледі. Айлық жалақылары да едәуір өсіпті. Жасақ жауынгерлері шамамен 100 мың теңгеге жуық жалақы алады.

Шара барысында туған өлкенің көркеюі жолында еңбек етіп жүрген жастармен тілдесудің де сәті түсті.  Биыл 10-сыныпты аяқтаған Назым Амангелді жазғы каникулда «Жасыл елде» еңбек етуді жөн көріпті.

— «Жасыл ел» жауынгерлерінің қатарына енгеніме өте қуаныштымын. Өткен жылы жасым 16-ға толмаған соң жұмыс жасай алмадым. 1 маусымнан бастап тәлімбақта еңбек етіп жатырмыз. «Жасыл ел» — еліміздің жастары үшін жасалған үлкен мүмкіндік. Туған өңіріміздің таза болуына, гүлденуіне өз үлесімізді қоса отырып, бұл жерден жаңа достар табамыз әрі сол үшін ай сайын жалақы алып отырамыз. Жаңа маусымда жасақ жауынгерлеріне сәттілік тілеймін, — деді Назым.

Мерекелік шара барысында эстафеталық жарысқа қатысқан командалар марапатталып, соңы би кешіне ұласты.   

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button