Жаңалықтар

Көкжиде кеніші: жалақы көтеріле ме?

Кәсіподақ

Облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев Темір ауданы аумағындағы Көкжиде кенішіндегі «КМК Мұнай» компаниясы АҚ  жұмысшыларының жалақыны көтеру туралы өтінішіне байланысты олармен кездесу өткізді. Кездесу ашық диалог түрінде өтті. Оған жұмыс беруші тарапынан компанияның вице-президенті Аманкелді Әлқуатов қатысты.

Жұмысшылар  жалақы мөлшерін көбейту туралы өтініштерін ортаға салды.

«Біздер еліміздегі азық-түлік бағасының өсуі мен инфляция деңгейіне байланысты қымбатшылыққа орай лайықты еңбақы талап етеміз, жалақымыздың мөлшерін көбейтуді ұсынып, 140 жұмысшы қол қойып, бас директор Ван Цзиньбаоға хат жолдадық. Осы өтінішіміздің жайын білгіміз келеді, егер мәселе шешімін таппаса облыс әкіміне, одан әрі Премьер-Министрге шыққымыз келеді» деп кәсіподақ мүшелерінің өтінішін жеткізді бастауыш ұйым төрағасы — Ержан Еламанов.

Қазіргі таңда жұмыс берушілерден кәсіподақ мүшелері мұнайдан түскен, яғни өндірілген өнімнің табысынан түсетін түсімнің жалақыны өсіруге мүмкіндігі жететіндігі туралы толық ақпарат берулерін сұраған болатын. Егер компания тарапынан жетекшілер қаржылық түсім жалақыны көтеруге жететінін айтып, нақты есебін беріп, түсіндірсе, еңбек дауының туындамауы әбден ықтимал деп көкейіндегі ойларын айтты.

Алайда, жұмыс берушілер тарапынан бұл сауалға жауап мардымсыз болды. Компанияның вице-президенті А.Әлқуатов АҚ жетекшілерінің жұмысшыларға жалақыны биыл көтермейтінін, мәселені тек келер жылдың басында қарайтындықтарын жеткізді.

Ашық диалог түрінде өткен кездесуде мұнайшылар бұған келіспейтіндіктерін білдірді. Олар жұмысшылардың жұмыс ауқымының көптігіне, жұмыс күшінің жетіспеушілігіне қарамастан аса ынталылықпен ұмтылып еңбек етіп жатқанын айтты.

«Кәсіподақтың басты мақсаты — әрқашан жұмысшының, еңбек азаматтарының құқығын қорғау. Сондықтан, қазіргі қымбатшылық жағдайында олардың лайықты еңбекақы алуларына заңнама аясында қолдау танытамыз. Бұл мәселені облыстық үшжақты комиссия қарауына ұсынып отырмыз», — деді кездесуді қортындылаған облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев.

Н.ДАБЫЛОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button