Жаңалықтар

Жұлдызы жанған жанның ғасыр тойы

Ақтөбе өңірінен шыққан белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ұзақ жыл Қобда өңірін басқарып, ел құрметіне бөленген Социалистік Еңбек Ері Алтынбек Әкімжановтың туғанына биыл — 100 жыл.  Осы атаулы датаны ақтөбеліктер  Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Жастар сарайындағы Мәңгілік ел залында атап өтті.

Жиналғандарға алдымен Алтынбек Әкімжановтың өмірі туралы әзірленген деректі фильм ұсынылды.

Облыстың тарихында өзіндік орны бар тұлғаның 100 жылдығына арналған бұл шара — ұрпақтар сабақтастығының көрінісі, рухқа тағзым ету екенін атап өткен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов тұғырлы тұлғаның өмірбаяны туралы айтты.

Алғашқы құттықтау сөзді алған облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова жиналғандарға облыс әкімінің сәлемін жеткізіп, соғыс ардагері, облыстың Шалқар, Жұрын, Байғанин, Қобда және Исатай аудандарында басшылық қызметте болған, облыстық кәсіподақ кеңесіне жетекшілік еткен Алтынбек Әкімжанұлының көшбастаушылық қасиетіне, елге жасаған қамқорлығына, адамгершілік істеріне тоқталды.

Өз дәуірінің лайықты тұлғасы бола білген Алтынбек ағамыздың артында өшпес ізі, көпшілікке үлгі болар өнегелі ғұмыры, мол тәлім-тәрбиелік тағылымы қалды. Көзін көрген жандар Алтынбек ағаны өз дәуірінің ақылшысы, көпшіліктің ағасы, ілгері жолбастаушысы деп таниды.  

Жаратқанның өлшеп берген саналы ғұмырында адамгершіліктің асыл мұраттарын биік ұстап, айналасына ізгілік шуағын шашып өткен, қай жерде жүрсе де қарапайым мінезімен, сабырлы тұлғасымен талай жанға үлгі болған Алтынбек Әкімжанов ағамыз жайлы естелік талай кітапқа арқау болары сөзсіз.

Дінмұхамед Ахметұлы Алтынбек ағамыздың ел басқару қабілетін өте жоғары бағалаған. Ол өзінің «Ақиқаттан аттауға болмайды» деген мемуарлық еңбегінде: «Мол тәжірибе жинақтаған, көпті көрген алдыңғы буынмен қажымас қайраты, ақыл-ойы, өмірге деген құштарлығы, халқына деген қалтқысыз кеуілі бар жас толқынның  сабақтастығын сақтау — біздің барлық табыстарымыздың кепілі. Ірі шаруашылықтарға өндіріс орындарына алға қойған міндеттерді дұрыс әрі мінсіз орындайтын, еңбекке ысылған, өмір тәжірибесі бар кадрларды жіберу өзінің баянды жемісін берді. Солардың ішінде аудандық партия комитеттерінің хатшылары сапында Алтынбек Әкімжанов та бар»,— деп республика бойынша 220 ауданның бірінші басшыларынан небәрі он жеті адамды, оның басы етіп Алтынбек ағамызды атап көрсеткен екен, — деді.

Жиында Қобда өңіріндегі көптеген рухани істердің ұйытқысы болған Ғалымжан Байдербес, облыстың басқару органдарында қызмет атқарған Мәлік Жекеев, Алтынбек Әкімжанұлының тәлім-тәрбиесін көрген шәкірттерінің бірі Николай Дуля, Ырғыздан келген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышбай Кенжебаев және басқалары сөз алып, естеліктер айтты.

Денсаулық саласының еңбек сіңірген қайраткері Ләйлә Алтынбекқызы жиналғандарға алғыс сезімін білдіріп, әке тағылымы туралы толғанысын ортаға салды.

Шара барысында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Нұрмұханбет Дияровтың редакторлығымен жарыққа шыққан Алтынбек аға туралы «Жұлдызы жанған адам» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

Алтынбек Әкімжанұлы 1922 жылы Ырғыз ауданының Қожакөл елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі дүниеден өткен соң анасы дұрыс білім-тәрбие алсын деп, оны Ырғыз аудандық балалар үйіне жібереді. Сонда жүріп Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте оқып, оны үздік бітіріп шығады.  Ол 1947 жылдан 1951 жылға дейін Шалқар аудандық партия комитеті бірінші хатшысының көмекшісі, содан соң бөлім басшысы болып жұмыс жасап, өз еңбекқорлығымен, сауаттылығымен көзге түскен. Содан кейін облыстық партия комитетіне нұсқаушылық қызметке шақырылады. Осында ол саяси жағынан шыңдалады, аудандарда іссапарлармен болып, кадрлармен жұмыс істеу тәжірибесін жинақтайды. Осындай жолдардан өткен оның партиялық және ұйымдастырушылық қабілет деңгейін ескере отырып, 1953 жылы Жұрын ауданының партиялық комитетінің екінші хатшылығына сайлайды. 1941-1947 жылдар аралығында қолына қару ұстап, ел қорғаған, жеңіс туы көтерілген соң да жауынгерлік саптан шықпаған. Әскерде ол тек қатардағы солдат қана емес, сонымен қатар партия ұйымының белсенді мүшесі болған.

Алтынбек Әкімжанұлының саналы ғұмырының елеулі кезеңі Қобда өңірімен байланысты. Ол осы ауданды он бес жыл басқарады.

***

Дәл сол күні Ақтөбе қаласындағы Алтынбек Әкімжанов пен Шәкен Айманов көшесінің қиылысында Қобда ауданының әкімдігінің ұйымдастыруымен, Ақтөбе қаласы әкімдігі мен Алматы ауданы әкімдігінің қолдауымен көше мерекесі өтті.

Тағылымды шара барысында концерттік бағдарламамен қатар, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, мемлекет және қоғам қайраткерінің құрметіне арналған көрме қойылды.

Шара барысында Қобда ауданы әкімі Болат Құлов асыл азаматтың балаларын құттықтап, оның аудан тарихындағы рөлін атап өтіп, көше тұрғындарына естелік сыйлықтар тарту етті.

Сонымен қатар аудан волонтерлері көмекке мұқтаж отбасыларға мекенжайлары бойынша «Мейірімділік — жүректен» атты қайырымдылық акциясы аясында арнайы сый-сияпаттар табыстады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button