Әдебиет

Ақын оқырманымен кездесті

Мерей

Ақын, көсемсөзші, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Мырзан Кенжебай биыл 75 жасқа толып отыр. Өңірімізге арнайы келген қаламгер Ақтөбе қаласындағы бірнеше мәдениет орталығында болып, жырсүйер қауыммен кездесті.
Қазақ өлеңінде өз қолтаңбасы бар қаламгердің қазақ әдебиеті мен мәдениеті туралы жазған мақалаларын көпшілік сүйсініп оқиды. Мырзан Кенжебай есімі оқырманға Әбубәкір Кердері шығармаларының насихатшысы ретінде де жақсы таныс.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен кешті белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Ертай Ашықбаев жүргізді.
Сөзін қаламгер ағасы Мырзан Кенжебайдың әдебиетке жаңадан келген кезінен кейбір деректер келтірумен бастаған Ертай Ашықбаев одан әрі лебізін кеш иесінің бүгінгі әдебиеттегі орнын әңгімелеумен жалғастырды. Ол әр кезеңдерде қазақ сөз өнеріндегі ірі тұлғалар — жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов, қазақ әдебиеті теоретигі, сыншы Зейнолла Қабдолов, драматург Қалтай Мұхамеджанов тәрізді ағалары Мырзанның ақындық таланты туралы жылы лебіздер білдіргенін айта келе, қазақтың көрнекті қаламгері Мұхтар Мағауин «Жұлдыз» журналының бас редакторы болып тұрған кезінде өзі басқаратын осы басылымда жарияланған топтама өлеңдеріне дән риза болып, Мырзан інісін сол «Жұлдыз» журналына қызметке шақырғанын, сөйтіп, олар біраз жыл пікірлес қызметтестер болғанын да назарға салып өтті.
— Әлбетте ақындар, тіпті жақсы ақындар да, түгелдей қоғам қайраткері бола алмайды. Бұлай болу үшін талантқа қоса, ақынның азаматтық позициясынан айырылмайтын берік ұстанымы болуы керек. Мәселеге осы тұрғыдан келетін Мырзан Кенжебайдың республикалық басылымдарда еліміз тәуелсіздік алғалы бері жарияланып келе жатқан әрқилы тақырыптағы мақалаларын оқырман қай кезде де ықыласпен қабылдайтыны бәрімізге де мәлім, — деген Е.Ашықбаев кеш иесінің мақалаларындағы мәселелердің өзектілігін айтып, кейбір өлеңдерінен үзінді келтірді, ақынның жыр жинақтарына қысқа да нұсқа шолу жасап шықты.
Шарада сөз алған Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айбек Көпенов ақынды облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан құттықтап, ақ тілек, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ ол қаламгерге облыс басшысының құттықтау хаты мен ақшалай сыйлығын табыс етті. Ақтөбеде былтыр ұйымдастырылған «Әдебиет. Рух. Қоғам» форумында Мырзан Кенжебай «Т.Ахтанов атындағы сыйлықтың иегері» атанған болатын. Жиын барысында қала әкімінің орынбасары ақынға төсбелгі тағып, куәлік табыс етті.
Кездесу барысында ақын өлеңдері оқылып, ән мен жырдан шашу шашылды.
Айта кету керек, облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен кешке облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйытқы болды.
Ақын Мырзан Кенжебаймен кездесу С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап- ғылыми кітапханасының «Қаламгер» әдеби қонақжайында да өтті. «Ақын — ардың айнасы» атты кездесу кешіне Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Ертай Ашықбаев, ақындар Жақсылық Айжанов, Нұрлыбек Қалауов, Гүлсамал Аймаханова, Бижан Қалмағанбетов, оқырмандар, кітапханашылар қатысты. Кешті ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Талғат Тілеулесов жүргізді. Шара барысында Мырзан Кенжебай қазақ әдебиеті, оның ішінде поэзиясы туралы сөз қозғап, өз шығармашылығынан өлеңдер оқып, оқырмандардың сұрақтарына жауап берді. Мерейтой иесіне арналып әсем сазды әуен шырқалды. Мырзан Кенжебайдың шығармашылығына арналған «Өнермен өрнектелген өмір жолы» атты кітап көрмесі оқырман назарына ұсынылды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button