Басты бет » Жаңалықтар » Ит туралы әңгіме

Ит туралы әңгіме

«Ақтөбе»,

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Ойтүрткі

Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезімізде ит туралы шығарма жазатын едік. Әркім өзінің күшігін мақтайтын.

Ауылдың баласы болған соң бала кезіңде міндетті түрде күшік асырайсың. Бос уақытымыздың бәрін сол күшігімізге арнап, тамақ беріп, сайға шомылдыруға апаратынбыз. 4 жасқа толатын жылы әкем маған аппақ күшік әкеп берді. Мен оған Ақтабан деп ат қойдым. Біздің үйге келген күннен бастап Ақтабан барлығымыздың ортақ досымызға айналды. Ақеркенің аппақ күшігіне көшедегі балалар да тас лақтырмайтын. Көрші-көлем біздің үйге еркін кіріп-шығатын.Менің Ақтабаным біреудің тауығын өлтіріп немесе біреуді қапқан емес. Інімді қырқынан шығарған кезде Ақтабанның мойнына кәмпитке толы шүберек байлап, бір топ бала боп артынан қуғанымыз да есімде.

Ақтабан ұзақ өмір сүрді. «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» деген рас шығар, жоғары сыныпта оқып жүргенімде жоғалып кетті…

Одан кейін інімнің Тілектес, Палкан, Балто атты күшіктері болды. Қазір ауылдағы үйде ит жоқ.

Иттің бәрі Ақтабандай момын болмайтынын жақсы білемін. Ауылда біреудің иті байлауынан босап кетіп, біреуді қауып алыпты дегенді де жиі еститін едік. Кейін біраз уақыт бойы әлгі үйдің маңынан өтпеуге тырысатынбыз. Қалаға келгеннен кейін ит туралы мүлде ұмытып кеттік. Бірақ соңғы жағдайларды естігеннен соң адам ғана емес, қоғам болып алфавиттегі екі әріптен өлердей қорқып қалғанымыз рас.

Расында, бүгінде Ақтөбенің көшесінде қаңғыбас иттер көбейді. Қаланың қай бөлігіне барсаң да, топ болып жүрген иттерді көзің шалады. Жүрсе, жүре берсін дер едің-ау, олардың адамға шапқанына не дерсің…

Осы мәселені көтеріп әріптесім Самат Нарегеев газеттің сәуір айындағы нөміріне «Бұралқы иттің мәселесін заң шеше ала ма?» атты мақала жазды. Бірақ ештеңе өзгермеді…

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңның 15-бабы 4-тармағында «егер адамға шабуыл жасап,өміріне немесе денсаулығына зиян келтірсе, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қатер төндіретін өзге де жағдайларда ауланып, жойылатындығы» туралы айтылған. Дегенмен заңның бұл тармағының қаңғыбас иттері біреуді қауып алмайынша қатысы жоқ. Өкініштісі де сол болып тұр.

Әрине бұл мәселеге келгенде қоғамда түрлі пікір туады. Қоғамдағы ит-мысықтың қауіпсіздігі туралы бастама көтеріп жүрген табиғат қорғаушыларын да жақсы түсінемін, бірақ Ата Заңымызда мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі деп көрсетілген емес пе еді?  Сондықтан ең бірінші өзіміздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз етіп алсақ…