Басты жаңалықтар

Қарғалы: оқырман ортасындағы әңгіме

Баспасөз-2022

Қай газет болмасын, ойлы оқырманымен жанды байланыс жасағанда ғана жарқырап көріне түседі. Сондықтан да облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің журналистері алыс ауылдарда, шалғайдағы елді мекендерде болғанда жергілікті тұрғындармен көбірек кездесіп, олардың ой-пікірлерін, күнделікті өмір құбылыстарына көзқарастарын білуге ұмтылады.

Қарғалы ауданына сапар барысында да осындай мақсат қалам иелерінің алдында тұрды. Аудан орталығындағы жүздесуге жергілікті тұрғындар, еңбек адамдары, мәдениет, білім беру қызметкерлері жиналды.

Газет — өмір айнасы

Жиынды ашқан аудан әкімі Асқар Жүсібалиев өңірдегі атқарылып жатқан шаруалар барысымен таныстырып, аяқталып қалған көктемгі егіс, алдағы жұмыстар жөнінде қысқаша баяндап берді.

— Біздің ауданның өзге өңірлерге қарағанда бірқатар ерекшеліктері бар,— деді ол. — Ең алдымен, Ресей Федерациясымен шекаралық аймақта тұрмыз, екіншіден, тұрғындардың ұлттық құрамы да әркелкі. Бірақ, мақсат — бір, мүдде — ортақ. Ол — егеменді еліміздің кемелді келешегіне қызмет ету, тұрғындардың әлеуметтік жағдайларын жақсартуға үлес қосу.

Бізде облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің тұрақты оқырмандары бар. Аталған басылымдарда біздің ауданның жаңалықтары, еңбек адамдары туралы ұдайы жазылып тұрады. Сондықтан бұрыннан қалыптасқан жақсы байланыстың ілгеріде де жалғасын таба беретіндігіне күмәнім жоқ.

Алғашқы болып сөз алған облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттерін және «Үш таған» журналын біріктіретін «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың наурыз айында жарияланған Жолдауындағы басты мәселелерге тоқталып, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты айтқан сөздеріне көпшілік назарын аударды.

— Жолдауда «Бұқаралық ақпарат құралдары  бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін  айрықша маңызды. Мемлекет ашық ақпараттық кеңістік пен сұранысқа ие әрі пәрменді ақпарат құралдарын құруға айрықша назар аударады. Бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтере алады және көтеруге міндетті. Бірақ мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керек», — деп атап көрсетілді.

Біздің жұмыс бағытымыз да осы арнадан өріс алып келеді. Қай кезде болмасын, халыққа шынайы ақпарат керек. Күнделікті өмірде кездесіп қалатын даулы, шынды-жалғанды жайларды боямалап оқырманды тартатын басылымдар даболады. Бұл біздің ұстанымымызға сай келмейді, — деді медиа компания басшысы.

Кездесуде облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібай ғасырға жуық тарихы бар басылымның жүріп өткен жолына қысқаша шолу жасап, уақыт ағымына сай бүгінгі өзгерістерге тоқталды.

— «Ақтөбе» газетінде осы мерзім ішінде журналистердің бірнеше буыны қызмет атқарды. Бұрыннан қалыптасқан жақсы дәстүрлер, аға қаламгерлердің үлгілері сақталып, одан әрі дамытылуда. Біздің мақсатымыз — оқырмандарға мейлінше жақын болу, олардың ойларын қозғау. Осы бағытта жаңадан айдарлар ашылды, тың тақырыптар қозғалуда.

Сіздер тұратын Қарғалы ауданының жаңалықтары да газетіміздің бетінен тұрақты көрініс тауып келеді. Басқа да маңызды тақырыптар назардан тыс қалмайды. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Сәрке батыр туралы танымдық мақалалар сериясы берілді. Кейін осында батырға ескерткіш орнатылып, ас берілгенде жұртшылық біздің газетіміз арқылы көптеген мәлеметтерге ие болғанын білдірді,— деді ол.

— Облыстық «Актюбинский вестник» газеті Қарғалы ауданымен бұрыннан тығызбайланыста, — деді осы басылымның бас редакторы Айгүл Нұркеева.— Өйткені газеттің әр санынан дерлік осы өңірдің жақсы жаңалықтарын беріп тұрамыз. Біздің көптеген кейіпкеріміз газетпен бірге есейді. Аудандық «Қарғалы» газетімен ынтымақтастықта жұмыс істейміз.

Қарғалылық белсенді оқырмандар қатары, шынында да, қай уақытта болмасын, азайған емес. Солардың бірі Тұрсынғали Егібаев өмірден өткенінше облыстық екі газетті де жаздырып алдыратын. Өзінің пікір-ұсыныстарын да жолдап тұратын. Ауданда партиялық қызметте болған ол елдің саяси өміріне белсене араласып, насихат, үгіт жұмыстарын жүргізуде баспасөздің рөлі жоғары екенін үнемі айтып жүруші еді.

Бүгінде Тұрсынғали ақсақалдың қызы Ләззат Буханова — «Актюбинский вестник» газетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі. Жерлестерімен кездесуде Ләззат Тұрсынғалиқызы көпшілікпен ашық әңгімелесіп, ойларымен бөлісті.

Журналистер ауданға көшпелі көрме ала келді. Онда облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің әр жылдардағы тігінділері, соғыс жылдарында, одан кейінгі кезеңдерде журналистер пайдаланған техникалық құралдар, басқа да құнды жәдігерлер топтастырылған. Оқырмандар қойылымдармен қызығушылықпен танысып, жақсы әсер алды.

Марапат — жанашырларға

Баспасөздің белсенді жанашырлары медиа компания басшылығы тарапынан үнемі қолдау-құрметке ие болып отырады. Осындай ізгі дәстүр Қарғалыда да жалғасты.

Ең алдымен «Ақтөбе Медиа» ЖШС тағайындаған Сәрке батыр атындағы сыйлық арнайы жасалған мүсіншесімен ауыл шаруашылығының белгілі ұйымдастырушысы, «Степное» ЖШС-ның директоры Аманғос Төлеуовке тапсырылды.

Аманғос Сансызбайұлы басқаратын шаруашылық тұрғындары облыстық екі газетті де көптеп алдырады. Ал директордың өзі әр күнгі қызметін басылымдарды қараудан бастайды.

— Рухани азық деген болатынын ұмытпауымыз керек,— дейді ол. — Газет-журналдарды оқу бізде жас кезімізден қалыптасқан. Қазірде де солай. Газеттің әр жаңа санын оқығаннан кейін көкірек көзіміз ашылып, жан сарайымыз кеңіп қалғандай сезінеміз.

Қарғалы аудандық ауруханасының дәрігері  Айнагүл Бержановаға халыққа қалтқысыз қызметі, денсаулық сақтау саласындағы ізгілікті еңбегі үшін берілген Алғыс хат оқырманның жүзінде мақтаныш сезімін тудырды.

Осындай құрметке аудандық білім бөлімінің кабинет меңгерушісі Күлзипа Шайбулдақова, аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Клара Нағыметова, Велихов ауылының тұрғыны, зейнеткер  Мария Федоровна Полтарева, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітапханашысы Гүлмира Бисембаева және аудандық «Қарғалы» газетінің бас редакторы Кәмшат Байханова ие болды.

Олар бүгінгі кездесуге келген журналистерге әсерлі әңгіме, ықыласты пейілдері үшін алғыс сезімдерін білдірді.

Шаруа жайы бір басқа…

Бұл ауданның тарихына үңілсек, сонау 1930 жылы Степной атауы ізашар ретінде көрінеді. Одан кейін шамалы уақыт Мирзоян атауын иеленген. Кейін Степной атауын қайтып алған өңір 1970 жылдан Ленин ауданы болып аталады.

1997 жылы тәуелсіздігіміздің тұғыры нығая бастаған тұста ғана Қарғалы атауы берік орнығады.

Қарғалы ауданы өзінің табиғи көркем көрінісімен көз тартады. Мұндағы әйгілі сарқырама еліміз бойынша ең әдемі жерлер тізіміне енген. Ақтөбеліктер арасында танымал өлкеге шетелдік туристердің қызығушылығы арта түсуде. Арнайы демалыс аймағын салу көзделуде.

Ауданда басқа да кәсіпшілікпен бірге, егіншілік пен мал шаруашылығын дамытуға баса назар аударылуда. Бұл ретте Аманғос Төлеуов басқаратын «Степное» ЖШС серпінді даму үстінде. Мұнда мал тұқымын асылдандыру, оның өнімдерін молайту бағытында көптеген ауқымды жұмыстар атқарылуда. Егіншілік саласында жаңа технологиялар енгізіліп, алқап өнімділігін молайту тұрғысында агротехникалық шаралар іске қосылуда.

Ең бастысы, еңбек адамдарының әлеуметтік мәселелерін шешу, оларға жан-жақты қолдау мәселелері кеңінен ойластырылған.

Шаруашылық басшысы бізге көктемгі егісті уақытында аяқтағандарын айтып, көңілдері бірленгенін білдірді.

Аудандағы шаруасы ілгерілеп тұрған ұжымдардың бірі — «Велиховка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестіктің директоры Юрий Баранов көптеген жұмыстардың мемлекеттік бағдарламалар көмегімен жүзеге асып жатқанын айтады. Бұл ауылда мал шаруашылығымен шұғылданушыларға да, егін егемін деушілерге де жақсы мүмкіндіктер жасалған, табиғат та қолайлы.

Егіншілікке басымдық беріп отырған шаруашылық өткен жылы «ҚазАгро Қаржы» акционерлік қоғамы арқылы 220 миллион теңгеге шаруаға қолайлы, кейінгі үлгідегі технологиялармен жабдықталған «John Deere» маркалы тракторын сатып алған. Серіктестік биыл да «ҚазАгро» көмегіне сүйенбекші. Енді 150 миллион теңге тұратын егіс кешенін сатып алу жоспарлануда.

Аталған техника түрлері былайынша қарағанда қымбат болып көрінгенімен, өзін-өзі молынан ақтайтындығын уақыт өзі көрсетіп отыр.

Бүгінгі күні «Велиховкада» жалпы аумағы 6243 гектар жер бар, онда жұмыс істейтін 30-дан астам техника әрқашанда жарақты қалпында ұсталады. Биыл 2600 гектарға бидай, 1000 гектарға арпа, 204 гектарға судан шөбі егілді.

Серіктестікте ірі қара өсіріледі. Таяу жылдарда оның санын көбейту, одан алынатын өнім сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 

Аудандағы басқа елді мекендерде де ілгеріге ұмтылу байқалады. Биыл Әлімбет, Ащылысай ауылдарына газ желісі қосылмақшы. Сондай-ақ Әлімбет ауылында келер жылы Мәдениет үйі құрылысы жүргізілмекші.

* * *

Журналистер үшін іссапар барысында жақсы жаңалықтарға, оңды өзгерістерге куә болу қашанда көңілге қуаныш сыйлайды. Қалам иелері Қарғалы ауданында болғанда да осындай әдемі әсерді сезінді. 

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button