Басты жаңалықтар

Бабалар рухына тағзым — ұрпақ парызы

Әбілқайыр хан — халқымыздың тарихындағы аса бір күрделі кезеңде ел басқарған тұлға. Қазақ тарихшылары оны сол қиын заманда елдік пен жердің тұтастығын сақтап қалуға зор еңбек сіңірген қайраткер ретінде атайды.

Кеңестік заманда Әбілқайыр ханның (1693-1748 жж.) ел-жұртына еткен қызметіне берілген баға саясаттың ықпалымен сан мәрте құбылды. Алайдабүгінгі ұрпақ тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ Әбілқайыр ханды бағалауға әділеттілік тұрғысынан келді. Белгілі тарихшы ғалым, академик Манаш Қозыбаевтың: «Ұлт мүддесі үшін ғасырлар бойы күрес жүргізген Әз Жәнібек хан, Керей хан, Қасым хан, Әз Тәуке, Әбілқайыр хан сияқты тұлғалардың дәуір тарихында шоқтығы биік-ақ» деген сөзі — осының дәлелі.

1993 жылы төл теңгеміз алғаш рет айналымға шыққанда, оны бейнелеу үшін ұлттың ең қадірлі деген жеті тұлғасы таңдап алынған еді. Солардың бірі — Әбілқайыр хан болды.

Алдағы 2023 жылы Әбілқайыр ханның туғанына 330 жыл толады. Оның мәңгілік мекеніне айналған Ақтөбе өңірінде ерлігін, есімін ұлықтау мақсатымен бүгінге дейін атқарылған істер көп. Біз солардың бірқатарына тоқталсақ…

Бас көшенің атауы

Ақтөбе қалалық мәслихатының 1997 жылғы 23 қазандағы №251 шешімімен Ленин даңғылының аты өзгеріп, бұдан былай Әбілқайыр хан есімімен аталатын болды.

Бұл — облыс орталығындағы бас көше. Өткен ғасырдың ортасында пайда болған көше 1951-1967 жылдар аралығында — Жеңіс даңғылы, 1967 жылдан бастап Ленин атындағы даңғыл атанған екен.

«Елу жылда ел жаңа» дегендей, Әбілқайыр хан есімінің облыс орталығындағы бас көшеге берілуі азаттықтың алғашқы жылдарындағы зор қуанышты оқиғалардың бірі ретінде жұртшылықтың есінде қалды.

«Ескерткіш болып оралды»

2000 жылдың 11 желтоқсанында, Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында облыстық әкімдік ғимаратының алдындағы алаңда Әбілқайыр ханның ескерткіші қойылды. Оның ашылу салтанатына сол кездегі ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Оралбай Әбдікәрімов қатысып, сөз сөйледі. «Біздің тарихымыздағы рөлі зор, қазақтың ұлы перзенттерінің бірі Әбілқайыр хан бүгін Ақтөбе жеріне ескерткіш болып қайта оралып келді… Әсіресе оның ұлы қолбасшылық дарынын ерекше айту керек» — дей келіп, Сенат Төрағасы Әбілқайыр ханның Бұланты, Аңырақай шайқастарына үш жүздің біріккен әскерін бастап шығып, қазақ жерін басқыншылардан азат ету тарихына кеңірек тоқталды. «Осы жеңіспен-ақ ол Қазақ елінің тарихында, ел жадында мәңгі ұмытылмас тұлға болып қалды», — деп атап өтті.

Әбілқайыр хан ескерткішінің жалпы биіктігі — 12,3 метр, авторы — мүсінші Е.Сіргебаев, сәулетшісі — Б.Егімбаев.

«Хан моласы» қорымындағы зерттеулер

2000 жылдардың басында Әбілқайыр ханның жерленген орнын нақты анықтап, оның басына кесене қою үшін әзірлік жұмыстары қолға алынды.

Айта кету керек, Әбілқайыр хан жерленген қорымның өзі нақты белгілі еді: бұл — Әйтеке би ауданы аумағындағы ел аузында «Хан моласы» аталған қорым. Өткен ғасырдың 70-80 жылдарында бұл жерді Әбілқайыр хан жерленген қорым ретінде белгілеп, құжатта, өз еңбегінде жазған зерттеушілердің бірі тарихшы ғалым Серік Әжіғали болса, тағы бірі— Әбілқайыр заманы жайлы тарихи шығармалар жазған Әбіш Кекілбаев еді.

Әбіш Кекілбаев «Хан моласына» 1979 жылы келіп, сол маңайдағы ауылдарда тұратын Рамазан, Байназар, т.б. ақсақалдардан дерек алса, Серік Әжіғали алғаш рет 1983 жылы келген. Алғашқы сапары жөнінде ғалым кейін: «Хан қорымына» жолымыз 1983 жылы түсті. Экспедиция құрамында 4-5 адам болдық. Рычков, Левшин, князь Эристовтердің еңбектерін оқығам, білетінмін. Сондықтан ол жерде қайткенде де хан мавзолейінің, басына отырғызған ағаштардың бір белгісі бар шығар деген ойда болғанмын. Сөйтсек, алдымыздан тек төмпешіктер шықты. Мұның өте қиын іс екенін сонда түсіндім. Біз бір жарым күн болып, сақталғанқұлпытас, қабіртастарды, қираған қоршауларды есепке алдық», — деген еді.

Тәуелсіздік алғаннан кейін «Хан моласы» қорымындағы зерттеулер қайта жанданды.Ел ауызында сақталған деректер бойынша ханның өзі осы қорымның маңында қаза тапқан. Зерттеушілер қорым аумағынан бір мыңның шамасында нысан тауып, тізімге алған. Негізінен, ХІХ-ХХ ғасырлардағы құлпытастар табылған.

2009 жылы қорымды тағы бір аралап көріп, соған дейінгі зерттеулерді қорытындылау мақсатымен, «Хан моласына» құрамында Әбіш Кекілбаев, Серік Әжіғали, басқа да зерттеушілер, өлкетанушылар, сол кездегі облыс әкімі Елеусін Сағындықов бастаған өңір басшылары, журналистер бар үлкен топ барды.Осы сапарда берген сұхбатында Әбіш Кекілбаев: «Оның осы қорымда жатқаны анық. Бірақ нақты зираты қайсы? Бұл жағы әзірге белгісіз. Өйткені ханның өзіне салынған кесенеден еш белгі қалмаған. Оның жұқаналары соғыстың алдыңғы жылдарына дейін сақталған деген дерек бар. Бірақ оған көзі тірі куәгер жоқ. Негізінен, бұрынғы Торғай облысы қазақтарының айтуына қарағанда, ханның зираты жолдың жиегінде екен. Бірақ қазір ол қай жол деген сауал бар. Өйткені бұл жерде екі жол жатыр: біріншісі — қазіргі автокөлік жолы да, екіншісі — заманында Орынбормен сауда байланысын нығайтқан «Сәтбайдың жолы» дейтін қара жол.Ғалымдар енді бұл екі жолды да кеңінен, мұқият зерттеулері қажет», — деді.

Өлкетанушы, сол жылдары облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекциясын басқарған Бекарыстан Мырзабайдың айтуынша: «Соңынан Әбіш ағаның болжамы шындыққа айналып, расталды. Рычковтың жазба деректері негізге алына отырып, мұндағы жүздеген бейіттердің арасынан бірнеше нысан таңдап алынды. Одан кейін осы нысандар бойынша тағы да сараптау жүргізіліп, 178-ші және 92-нысандар Әбілқайыр ханның құлаған бейіті болуы мүмкін деген болжаммен, 2009 жылы қазба жұмыстары басталды».

Қабірлерден табылған сүйектерге тиісті зерттеулер жүргізілді, соның ішінде генетикалық зерттеулерге Әбілқайыр ханның Нұралы, Ералы және Айшуақтан тарайтын ұрпақтары қатысқан. Зерттеулер92-нысанда жерленген мүрденің олардың арғы бабасына тиесілі екенін айғақтады. Сәйкестік деңгейі 99, 355 пайыз болды.

Жалпы, Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» қорымын зерттеу барысында  архивтік-библиографиялық, фольклорлық, этнографиялық, картографиялық,  геофизикалық, археологиялық, антропологиялық және генетикалық, сондай-ақ топырақтану, өсімдіктану саласы мамандарының қатысуымен жан-жақты жұмыстар жүргізілген. Ал Венгр жаратылыстану музейінің қызметкерлері Андраш Биро, Эвенгер Шандор және Жолт Бернерд Әбілқайыр ханның антропологиялық бет-бейнесін қайта қалпына келтіріп, жасап шығарды.

Хан кесенесі

Ханның бейіті нақты анықталғаннан кейін «Хан моласында» Әбілқайыр ханға арналған мемориалды кешен тұрғызу қолға алынды. Бұл үшін республикалық деңгейде конкурс жарияланды. Қазақстан Республикасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссия келіп түскен жобалардың арасынан белгілі сәулетші Бек Ыбыраев ұсынған нұсқаны мақұлдады. Кешен Әбілқайыр хан кесенесі мен үш бөлікті алып ескерткіштен тұрады. Ескерткіштің биіктігі — 23 метр. Әр бөліктің астыңғы жағында «Әбілқайыр хан» деген жазу бар және Ұлы даланы жайлаған барлық қазақ руларының таңбалары салынған. Кесененің биіктігі 15 метрге жуық. Диаметрі — 8,5 метр. «Құрылыс Консалтинг ұлттық орталығы» АҚ мамандарының айтуынша, кесене құрылысын бастар алдындағы сараптамалық жұмыстар кезінде, тереңдіктен көне кесененің де қалдығы табылған. Оны сақтап қалу үшін жаңа кесененің диаметрі артығырақ алынып, сегіз қырлы етіп салынған. Құрылыс жұмыстарына Маңғыстаудан әкелінген ағылай тасы пайдаланылды. Құрылыс жұмыстарын «Әлиханойл» компаниясыжүргізді.

Мемориалды кешеннің ашылуыҚазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді.2015 жылдың 2 қазанында мемориалды кешеннің ашылу салтанаты өтті. Осы жерде және қорымға ең жақын Толыбай ауылында ондаған киіз үйлер тігіліп, еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған қонақтарға ас берілді. 100-ден астам музыкант, оның ішінде көршілес облыстардан, Ресейдің Таулы Алтай, Хакасия өңірлерінен келген өнер шеберлері қатысқан «Ұлы дала жауһарлары» аттыхалықаралық фестиваль, бірнеше қашықтықта ат жарыстары мен ұлттық ойындар өтті.Сондай-ақ Толыбай ауылында Әбілқайыр хан музейі ашылды.

Әбілқайыр хан мемориалды кешені «Қазақстанның жалпыұлттық киелі нысандары» жобасына енген.

«Елім деп өткен еңіреп…»

Ақтөбеліктер Әбілқайыр ханның 325 жылдық мерейтойын да елеусіз қалдырған жоқ.

Бұл мерейтой2018 жылдың сәуір айында Ақтөбеде өткен республикалық ақындар айтысына арқау болды. Айтысқа қатысқандардың арасындаРинат Зайытов, Болатбек Оразбаев, Иранғайып Күзенбаев, Дидар Қамиев, басқа да белгілі ақындар бар.

Жетісулық Болатбек Оразбаевтың айтысынан алынған үзіндіде айтылғандай:

«Әбілқайыр ханымыз,
Марғасқа еді мақтаулы.
Қол бастаса, жоңғарды
Қойдай қылып ақтарды.
Жорыққа талай аттанды,
Жар етіп жалғыз Жаппарды.
Елім деп өткен еңіреп,
Найзасын алып саптаулы…
Жезтырнақ жаудың қолынан,
Жеріңді қанша ап қалды?» — десіп, ақындар Әбілқайыр ерлігін жарыса жырға қосты.

Тамыз айында, Әйтеке би ауданының Ақтөбедегі күндері аясында, осы мерейтойға арналған ақпараттық-танымдық конференция өтті. Оған қатысқан ғалымдар, өлкетанушылар Әбілқайыр ханның қайраткерлік тұлғасы ғана емес, оның ұрпақтары арасынан шыққан белгілі тұлғалар, олардың елге сіңірген еңбегі  туралы да сөз қозғады.

Мерейтой аясында басқа да бірқатар шаралар ұйымдастырылды.

Бопай ханымның мерейі

Әбілқайыр ханның өзі ғана емес, оның сүйікті жары, сенімді серігі Бопай ханымның есімін ұрпақ жадында қалдыру мақсатымен де Ақтөбеде жыл сайын түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді.

Бопай Сүйіндікқызы — Әбілқайыр ханның ақылшысы ғана емес, Нұралы, Ералы, Айшуақ хандардың анасы ретінде және мәмілегерлік қызметі арқылы да тарихқа енген тұлға. Оның өз заманындағы елдік істерге қосқан үлесі соңғы жылдары көптеген зерттеулерге арқау болды. Бопай ханымның бейіті — Ресейдің көршілес Орынбор облысының Дмитревка селосында. Ол жерге де қоғамдық ұйымдардың тарапынан бірнеше экспедиция барды. Бүгінде ханымның сүйегін елге әкеліп, Әбілқайыр ханның қасына жерлеу туралы ұсыныс та айтылып жүр.

Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Бопай Сүйіндікқызының заманы, өмірі мен қызметін зерттеп-зерделеу мақсатымен тарихи-танымдық шаралар, жиындар ұйымдастырылды.

2019 жылы тамызда, Конституция күні мерекесінде Ақтөбеде Бопай ханым есімін иеленген балабақша ашылды. Оны «Әлиханойл — З» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Бопай ханым есімін есте қалдыруға арналған істерге үлкен үлес қосып жүрген Қожаевтар әулеті тұрғызды. Балабақша 150 орындық, 6 топқа есептелген. Мұнда музыка залы, спорт алаңы, логопед, психолог кабинеттерімен қатар, тұз шахтасы, тігін бөлмесі де бар. Балабақша ашылған күні Бопай ханым рухына арнап ас та берілді.

Әзірлеген А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button