Басты жаңалықтарДенсаулық

Қызмет құны қымбаттап барады

Биыл елімізде азық-түлікпен қатар, дәрі-дәрмек, медициналық қызметтердің де бағасы едәуір өсті. Ресми статистикаға жүгінсек, жыл басынан бері медициналық қызметтер бағасы — 6,1 пайызға, ал соңғы 12 айда 9,7 пайызға қымбаттаған. Қазір облыстағы жеке клиникаларға «кіріп-шығу» үшін, яғни дәрігерден кеңес алу үшін қалтаңда кемі 10 мың теңге ақшаң болуы керек. Егер медициналық талдаулар жасатсаңыз, ол ақшаңыз да жеткіліксіз болуы мүмкін. Біз кәсіби мерекелері қарсаңында облыс орталығында орналасқан жеке клиникалардағы медициналық қызметтердің бағасын бағамдап көрген едік…

Дәрігердің қабылдау ақысы 6 мың теңгеден басталады

Биыл елімізде наурыз айында дәрігердің алғашқы қабылдауы —  4,3 пайызға, стоматологиялық қызметтер — 3,4 пайызға, медициналық зертханалар мен рентген кабинеттерінің қызметтері — 3 пайызға, амбулаториялардағы маманданған дәрігерлердің қызметтері 2,4 пайызға қымбаттаған.

Ал жылдық динамикада дәрігердің алғашқы қабылдау бағасы — 12,4 пайызға, амбулаториялардағы маманданған дәрігерлердің қызметі — 12,2 пайызға, медициналық зертханалар мен рентген кабинеттерінің қызметтері — 8,6 пайызға, стоматологиялық қызметтер 7,8 пайызға артқан. Бұл — ресми деректер.

Биыл дәрігердің алғашқы қабылдауы еліміз бойынша орта есеппен 4 мың теңге болды. Бұл қызмет түрі Атырау, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында едәуір қымбаттаған, қазір Қазақстан бойынша ең арзан медициналық қызмет — Түркістанда (2,5 мың теңге). Ал іш қуысының ультрадыбыстық зерттеу қызметі еліміз бойынша орта есеппен 4,3 мың теңге тұрады. Мұндай қызмет көрсетудің ең жоғары бағасы биыл Ақтауда (5,8 мың теңге) тіркелген. Сондай-ақ еліміз бойынша орта есеппен алғанда қанның жалпы талдауы — 1,4 мың теңге, ал зәр талдауының құны орта есеппен 777 теңгеге жеткен. Бұл талдаулар бойынша ең қымбат баға Өскемен, Семей, Шымкент және Ақтөбеде тіркеліпті.

Біз медициналық қызметтердің бағасын бағамдау үшін Ақтөбе қаласындағы халық көп баратын «Әйгерім» клиникасына бас сұқтық. Бұл жерде іш қуысының УДЗ қызметінің ең төменгі бағасы — 2500 теңге. Ең қымбаты — құрсақ қуысының ультрадыбыстық зерттеу қызметі (6000 теңге). Ал қан талдауларының ең төменгі бағасы 1700 теңге (жалпы қан талдауы) болса, зәр талдауы — 900 теңге. Тар бейінді дәрігерлердің алғашқы қабылдау ақысы 6000 теңгеден басталады.

Клиниканың коммерциялық директоры Данияр Налкомбаевтың айтуынша, жыл басында еліміздегі басқа клиникалар сияқты «Әйгерімде» де медициналық қызметтер құны 5 пайызға көтерілген.

Мұның басты себебі — шығын материалдары бағасының өсуі. Атап айтсақ, биыл елімізде зертханалық тексерулерге қажет реагенттердің құны қымбаттады. Осыған орай қазір еліміздегі барлық клиникаларда баға өсіп жатыр. Егер біз бағаны көтермесек, шығынымызды өтей алмаймыз.

Жалпы, біздің клиникада басқа клиникаларға қарағанда мұқтаж жандарға, зейнеткерлерге, көпбалалы аналарға, тұрақты түрде медициналық қызмет алушыларға 10 пайыз жеңілдік қарастырылған. Сондай-ақ жергілікті емханалармен арадағы келісімшарттың аясында тегін келіп қызмет алатын тұрғындар да бар, — дейді ол.

Оның айтуынша, қазір қаламыздағы жеке клиникалардың арасында салыстырмалы түрде алғанда қолжетімді баға «Әйгерімде» ғана.

Біз клиника өкілінің айтқан деректерін салыстыру үшін бірнеше жеке клиникалар мен зертханаларға барып, олардағы бағаны да көрдік.  Расында да, «Әйгерімдегі» бағалар біршама арзан екен. Мәселен, тар бейінді дәрігерлердің бағасы бұл мекемеде 6000 теңгеден басталса, өзге клиникаларда 6500-7000 теңге тұрады. Ал өзге зертханалардағы бағалар мұндағыдан

100-200 теңгеге қымбат.

  • Мен «Әйгерім» клиникасының тұрақты пациентімін. Көп жағдайда осында келіп қан, зәр талдауын тапсырамын. Сондай-ақ окулист, кардиолог мамандардың да қызметіне жүгінемін. Бұрын бұл мамандардың қабылдауы 3 мың теңге тұратын. Қазір екі есеге қымбаттапты. Алайда денсаулық бәрінен қымбат, кеше алған зейнетақымды жұмсап отырмын. Жалпы, пандемиядан кейін елімізде азық-түлік те, дәрі-дәрмек те біраз қымбаттады. Біз сияқты бір зейнетақыға күн көріп отырған адамға бұл қиын болып тұр, — дейді зейнеткер Бибі Төлеқызы.

Ырғыз ауданында тұратын ол қалаға келген сайын қан, зәр талдауларын тапсырып, денсаулық жағдайын қадағалап отыратынын айтады. Аудандағы зертханаларға көңілі толмайды екен.

— Ауданда зертхана болғанымен, кейбір талдауларды облыс орталығында тапсыруға жібереді. Тіпті дәріханаларда дәрі таппай қалатын жағдайлар да болады. Сондықтан аурудың алдын алу үшін өзім келіп «Әйгерімге» қан тапсырамын. Бұл жерде бір күннің ішінде нәтижесін шығарып береді. Жалпы қызмет бағасы қымбат болғанымен, сапасы жақсы, — дейді Бибі Төлеқызы.

Ал Ақтөбе қаласының тұрғыны Галия Иванова жеке клиникалардағы медициналық қызметтердің құны шарықтап кеткенін айтады. Бұл бір еңбекақымен күн көріп жүрген азаматтарға өте қиын. Қазір ай сайын бір жағынан азық-түлік, екінші жағынан медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмек бағасы қымбаттап жатыр.

  • Мен қаралатын қалалық емханада компьютерлік томография жоқ. Жолдама бергенімен, оны бірнеше күн күту керек. Денсаулығымды ойлап, уақыт жоғалтпайын деп бүгін жеке клиникаға келіп отырмын. Мұнда томография бағасы да қымбаттап кетіпті. Енді не істесем екен деп ойланып отырмын, — дейді қала тұрғыны.

Жеке клиникалардың біреуін мақтап, екіншісін даттаудан аулақпыз. Біздің мақсат — медициналық қызмет құнының шарықтап бара жатқанын нақты мысалдармен көрсету.

Бағаны кім бақылайды?

Біз облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтан облыстағы медициналық қызметтердің бағасын кім бақылайтынын сұрадық. Бағаны реттеу, бақылау біздің құзыретімізге жатпайды. Біз медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне ғана жауап береміз. Ал жеке клиникаларға келсек, біз оларда мемлекеттік тапсырыс аясында көрсетілетін қызметтер сапасын ғана бақылаймыз. Қызмет бағасын клиника басшылығы реттейді. Жалпы бұл мәселені  Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті қадағалайды, — деді ол.

Бұдан кейін біз ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне хабарластық.

Департамент басшысының орынбасары Еркін Боранқұлов медициналық қызметтердің бағаларына мониторинг жүргізу мекеменің құзыретіне жатпайтынын айтты.

— Департамент құзыретіне медициналық қызметтер көрсету, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы салаларында мемлекеттік саясатты, мемлекеттік бақылау-қадағалауды жүзеге асыру жатады.

Біз мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын және қолжетімділігін, көрсетілген медициналық қызметтердің (көмектердің) сапасына қатысты азаматтардан келіп түскен арыз-шағымдарды, департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қараймыз. Мәселен, биыл жыл басынан бері департаментке дәрілік заттардың шекті бағасының өсу дерегі бойынша азаматтардан шағымдар келіп түскен жоқ. Егер шекті бағаның өсуі дерегі анықталған жағдайда тұрғындар біздің департаменттің 50-39-97 телефонына хабарласуына болады. Сонымен қатар бөлшек саудадағы дәрілік заттардың шекті бағаларын Dari.kz мобильді қосымшасы арқылы анықтай аласыздар, — деп жауап берді ол.

Сонымен, зерттеп білгеніміздей, облыста медициналық қызметтердің бағасын қадағалайтын, оларға бақылау жүргізетін ешқандай құзырлы мекеме жоқ. Жоғарыда аталған департамент дәрілердің бағасына қатысты ғана шағым қабылдайды.

 Емханаға барсаңыз…

Біз жеке клиникаларды аралап шыққан соң, мемлекеттік емханалардағы қызмет құнын білу үшін №2 қалалық емханаға бардық. Білгеніміздей, бұл жерде тұрғындардың дені міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы келіп қаралады екен.

— Біз тұрғылықты жері бойынша тіркелген тұрғындарға тегін қызмет көрсетеміз. Тұрғындардың көбі міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне ай сайын төлем төлеп отыр. Қазір біз бірқатар медициналық қызметтер үшін «Сенім», «Әйгерім» клиникаларымен келісімшартқа тұрып, қызмет көрсетіп жатырмыз. Мәселен, қазір қала бойынша 5 жасқа дейінгі балаларды магниттірезонансты томографияға (МРТ) түсіруде қиындықтар бар. Сондықтан келушілерге жолдама беріп, жеке клиникаларға жібереміз. Оларға қызмет ақысын емхана төлейді.

Сондай-ақ біздің емханада тұрмыс жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі адамдарға кейбір ультрадыбыстық зерттеулер мен томографиялардан өтуге жеңілдіктер қарастырылған. Ал ақылы қызметке келсек, қазір біздің емханада жұмысқа орналасу үшін жүргізілетін медициналық тексеріс пен стоматологтың қызметі ғана ақылы. Мәселен, жұмысқа орналасу үшін медициналық тексерістен өткен кезде азаматтар жалпы құны 4200 теңгенің қызметтер пакетін сатып алады. Оған флюорография, кардиограмма, қан талдауы, сондай-ақ лор, хирург,  окулист, невропатолог, терапевт мамандардың қызметі кіреді. Ал тіс емдеу қызметінің бағасын стоматологиялық кабинет өзі белгілейді. Жалпы, тіс жұлу, емдеу қызметтері міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне кіргізілмеген, дейді №2 қалалық емхананың медициналық қызметтер жөніндегі менеджері Сағыныш Нұрбаев.

Айта кету керек, биыл 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мен айлық есептік көрсеткіштің артуына байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін жарналар мен аударымдар мөлшері өзгерді. Бұрын қызметкер үшін жалақы деңгейінің 2 пайызын ғана төлеп келген жұмыс беруші биылдан бастап 3 пайызын төлейді. Бірақ оның мөлшері 18 мың теңгеден аспайды. Сондай-ақ мемлекет тарапынан 15 санаттағы азаматтарға төлем аударылады. Қазір еліміздегі мұндай адамдар саны 11 миллионнан асады. Бір адам үшін қазіргі жарна мөлшері — 3 614 теңге.

Емхана өкілдері кез келген тұрғын үшін жеке клиникаларға емес, мемлекеттік емханаға барып тексерілген ұтымды екенін айтады. Себебі ақшаң қалтаңда қалады. Тек кезекке тұрып, оған уақытында баруың керек. Ал дәрігерлердің біліктілігіне келсек, жеке клиникада да, мемлекеттік емханада да қабылдайтын мамандардың білімі мен тәжірибесі бірдей.

Р.S. Қалай десек те, денсаулықтан артық ештеңе жоқ. Сол үшін кейде тәнің ауырғанда мемлекеттік емхана ма, жеке клиника ма, қалай жүгіріп жетіп барғаныңды білмей қаласың. Дегенмен бүгінгідей қымбатшылық «қысып» тұрған кезде айлығы шайлығынан ауыспайтын жандардың не болса да учаскелік емханаға барғаны дұрыс сияқты. Себебі жеке клиникалардың қызметіне «қол жеткізу» үшін қалтаң қалың болуы керек.

Сөз соңында оқырманға айтарымыз: ауырмаңыздар, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеңіздер!

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button