Басты жаңалықтарДенсаулық

Ақтөбе медицинасы: батыс аймақта көш бастап тұр

Соңғы бес айда Ақтөбеде 320 жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетілген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 4 есеге жоғары. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевтың айтуынша, облыс медицинасының дамуы үшін инновациялық, заманауи емдеу әдісіне ерекше көңіл бөлінуі керек. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында басқарма басшысы осы бағытта атқарылып жатқан шаруаларды баяндап берді. 

Онкологиялық аурулар азайды

Қазір облыста барлығы 42 стационарлық және 439 амбулаториялық-емханалық ұйым жұмыс істейді. Өткен жылдың 5 айымен салыстырғанда өлім-жітім көрсеткіші төмендеген. Сондай-ақ қант диабеті және онкологиялық аурулар көрсеткішінің төмендегені байқалады.

Өткен жылмен салыстырғанда қай бағытта да медициналық көмектің сапасы артқаны, көрсеткіштің жақсарғаны байқалады. Бұл КВИ бойынша эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталуына да байланысты.

Былтыр эпиджағдайға байланысты күшімізді медициналық көмек көрсетуге және індеттің алдын алуға жұмылдырдық. Жоспарлы операциялар, оның ішінде жоғары технологиялық қызметтер тоқтатылды. Қазіргі уақытта бұрынғыдай жоспарлы режимде жұмыс істеп жатырмыз. Интраоперациялық радиожиілік абляциясын пайдалана отырып, жүрек клапандарын протездеу, бас пен мойынның басқа артерияларының эндартерэктомиясы, теріні аллотрансплантациялау, феталдық тін жасушаларын транспланттау, жамбас және тізе буындарын ауыстыруды ревизиялау және басқа да қызметтер көрсетілді.

Ана мен бала өлімі бойынша да жағдай тұрақты. Өлім-жітімді болдырмау мақсатында қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Жоғары технологиялық көмек көрсетуге күш салынуда. Ақтөбе медициналық орталығы мен медициналық университеттің емдеу мекемелеріндегі және жедел медициналық көмек  ауруханасындағы мамандар жоғары технологиялық ем жүргізудің жаңа әдістерін меңгеруде. Себебі технология дамып, материалдық-техникалық база нығайған сайын дәрігерлер де біліктілігін арттырып отыруы керек.  Күн сайын жаңа дәрі, жаңа технология, жаңа емдеу әдісі  шығып жатыр. Осының барлығын дәрігер меңгеруі үшін басқарма тарапынан мамандарды оқытуға күш салынуда. Нәтижесінде бұрын науқастар кейбір сырқат түрлері бойынша  Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына  баратын болса, қазір облыс орталығынан көмек алып отыр.

Ақтөбе медициналық орталығына тек қана Ақтөбе емес, елімздің батыс аймағы бойынша науқастар келіп, ем алып жатыр, — деді Рүстем Исаев.

Балалар жылы

Балалар жылы аясында да бірқатар іс-шаралар жоспары бекітілген. Балалардың өмір сүру сапасын жақсарту және туа біткен аурулардың алдын алу мақсатында шетелдік мамандардың қатысуымен мастер-кластар (оталар) өткізу жоспарланған.

Сондай-ақ Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы ауруларды ерте анықтау және нозология бойынша уақтылы емдеу үшін шалғай аудандарға барып, балаларға арнайы медициналық тексерулер жүргізуде.

— Биыл облыстық перинаталдық орталық базасынан мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы ашылды. Онда неврология, нейрохирургия, травматология-ортопедия, кардиохирургия қызметтері көрсетіледі. Елбасы Қорының көмегімен 100-ден астам жетекші еуропалық өндірушілердің жоғары сапалы құрал-жабдықтары орнатылды. Атап айтсақ, оңалту кешендері мен биологиялық белсенді байланысы бар тренажерлер, 4D форматындағы интерактивті бөлме, шунгитотерапия, галоионотерапия, иммерсиялық, бальнеотерапиялық ванналар, иппотерапияға арналған тренажерлер бар, — дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 100 кереуетке арналған балалар онкогематологиясының қосымша корпусының құрылысы жалғасуда. Енді қанның онкологиялық аурулары бар балаларға көрсетілетін медициналық қызметтердің көлемі ұлғайтылатын болады.

Облыста Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының «Қауіпсіз жүктілік негіздері» атты халықаралық бағдарламасы енгізілді. Бұл сәбилер өлім-жітімінің деңгейін  төмендетуге мүмкіндік бермек. Бұл бағытта балаларға және жүкті әйелдерге медициналық көмекті ұйымдастыру бойынша мониторингтік топ жұмыс істеп жатыр.

Соңғы 5 айдың қорытындысы бойынша облыста нәресте өлімінің көрсеткіші 25,5 пайызға төмендеген. Сәби өлімінің себептері арасында туа біткен және инфекциялық аурулар бойынша өсім байқалады. Ана өлім-жітімінің көрсеткіші 5,2 есеге азайған.

Жаңа технология, жаңа емдеу әдісі

Басқарма басшысының айтуынша, көрсетілетін жоғары технологиялық медициналық қызмет түрлері жыл сайын артып келеді. Қазіргі уақытта тамыр хирургиясы, трансплантология, аритмология, балалар кардиохирургиясы, нейрохирургия, жалпы хирургия саласы айтарлықтай дамыды.

Ақтөбе облыстық ауруханасында, жедел медициналық көмек ауруханасында және Батыс Қазақстан медициналық университетінің медициналық орталығында заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген аймақтық интервенциялық кардиохирургиялық орталықтар ашылды. Кардиологияға жоғары технологияларды енгізу жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын асқынулар мен өлім-жітім деңгейін төмендетті.

Ми қан айналымының жіті бұзылулары бар науқастарға көмек көрсету үшін жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында инсульт орталығы жұмыс істейді.

Бүгінде онкологиялық науқастарды емдеудің жаңа әдістері енгізілуде. Батыс Қазақстан медициналық университетінің медициналық орталығында «Varian Medical System» америкалық фирмасының «TrueBeam» желілік платформасы жұмыс істей бастады. Бұл арқылы кез келген локализацияның қатерлі ісіктерін емдеуге болады.

—  Алда Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді. Ауруларды ерте және сапалы анықтауға қажетті медициналық жабдықтарды сатып алу жоспарлануда, — деді Р.Исаев.

Облыста «Дені сау ұлт» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде әрбір азамат үшін қолжетімді және сапалы салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында іс-шаралар ұдайы жүргізіліп келеді. Биыл осы бағытта 455 іс-шара өткізіліп, 6696 адам қамтылған. Онкологиялық аурулардың, туберкулездің  алдын алу, дұрыс тамақтануды насихаттау бойынша да тұрақты іс-шаралар, ашық есік күндері өткізіліп тұрады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button