Экономика

Ақтөбе барлық сала бойынша көш бастап келеді!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев:

Ақтөбе барлық сала бойынша көш бастап келеді!

Өткен аптада облысымызға жұмыс сапарымен келген  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өңірдің даму қарқынына жоғары баға берді

Әдетте ел Президент сапарынан үлкен үміт күтеді. Өйткені Елбасы әр сапарында өңірде жасалып жатқан жұмыстарға баға беріп, алдағы күндерге бағыт сілтейді.

Нұрсұлтан Әбішұлы соңғы жылдарда Ақтөбе өңіріне жиі ат басын тіреп жүр. Өйткені Ақтөбе, Елбасының өзі айтқандай, ел экономикасының локомотивіне айналып қана қоймай,  ірі бастамаларға дем беретін қуатты орталыққа айналды.

Сонымен Президент сапарынан не түйдік?

Былтыр Елбасының тікелей мұрындық болуымен жалпыұлттық үдемелі  индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы қанат қаққаны мәлім. 2020 жылы Қазақстанды әлемнің ең қуатты мемлекеттерінің қатарына қосатын бұл бағдарлама аясында 144 жоба жүзеге асырылуы тиіс болса, оның 33-і Ақтөбе облысының еншісіне тигені белгілі. 33 жобаның 12-сі республикалық, қалғандары өңірлік картаға енді. Былтыр облысымызда 43 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Оның 24-і — ірі жобалар. Сондықтан да былтыр облысымызға жасаған жұмыс сапарында Елбасы: «Индустриялық бағдарламаның дамуы бойынша ең алдыңғы шепте Ақтөбе облысы келе жатыр» деп жоғары баға берген  болатын. Былтыр маусым айында жалпыұлттық үдемелі  индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 72 ірі жобаның тұсауы кесілген «Қуатты Қазақстанды бірігіп құрамыз!» атты Елбасының қатысуымен өткен телекөпірде  таныстырылған аса ірі 5 жобаның бірі «Ақтөберентген» АҚ-ында жасалып жатқан жұмыстарға Президент ерекше ризашылық білдіріп, жобаның болашағына қатысты оң пікір айтқан. Сол телекөпірде де Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе өңіріне қатысты жылы лебіз білдірген-ді.

Ақтөбенің экономикалық әлеуеті жыл санап қарыштап дамып келеді. Тек қана өткен жылдың өзінде ішкі жалпы аймақтық өнімнің жалпы көлемі  1 триллион 115 миллиард теңгеге жетті. Бұндай қуатты қарқын жұмысты дұрыс ұйымдастыра білу, өндіріске осы заманғы технологияны ендіру және инвестиция тарта білудің арқасында болып отыр. Сондықтан да Ақтөбе облысының 2020 жылға дейінгі даму стратегиясында белгіленген межені 5-6 жылда бағындыруға толық мүмкіндігі бар.

Осы жолғы сапарында Елбасы үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан полиэтиленді құбырлар өндіретін «Актюбхимстроймонтаж» ЖШС-на бас сұққанын газетіміздің өткен санында  хабарлағанбыз. Зауыт директоры Серік Ахметалиннің Елбасына мәлімдегеніндей, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және мұнай-газ салаларында қолданылатын диаметрі 20-дан 630 мм-ге дейінгі жоғары және орта қысымдық полиэтиленді құбырларды шығарумен айналысатын бұл кәсіпорын болашақта еліміздің батыс өңіріндегі сұранысты өтеп қана қоймай, Ресейдің шекаралас аймақтарын да 50 жылға дейін шыдас беретін сапалы  құбырлармен қамтамасыз етпек.

Оны ықылас қоя тыңдаған Елбасы осы жерде индустрияландыру картасына енгізілген инвестициялық жобалар басшылары бар бизнес құрылымдары өкілдерімен, «Бизнестің жол картасы-2020», «Экспорттаушы-2020» және басқа бағдарламалардың қатысушыларымен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті.

— Ақтөбе өңірі — еліміздің батысындағы өндірісі мен өнеркәсібі дамыған ірі орталық. Өңірдің экономикалық, инновациялық әлеуеті бүгінде тиімді жүзеге асуда. Индустриялық даму бағдарламасы аясында іске асырылған жобалар жөнінен облыс алдыңғы қатарда келеді. Сондықтан, мен сіздермен кездесуге арнайы келдім. Біз әлемдегі озық инновациялар мен жетістіктерді елімізде батыл енгізіп, тиімді пайдалануымыз керек. Осы жағдайда мемлекет отандық өнім өндіруші орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсетуді жалғастыруда. Мен биылғы Жолдауымда шағын несиені ұйымдастыру мәселесіне арнайы тоқталдым. Біздің жаңа әлеуметтік саясатымыз жалпы халықтың, әрбір азаматтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталып отыр, — деді  Елбасы.

Елбасы шағын бизнесті несиелендіру барысына қатты назар аударды. Біз осы мәселе жөнінде Нұрсұлтан Әбішұлымен еркін сұхбаттасқан «БТА Банк» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Дания Еспаевамен әңгімелескен едік.

— Елбасымен сұхбатымда мен банк саласында қызмет етіп келе жатқан отыз жылдық еңбек тәжірибемде Мемлекет басшысының бастамасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Бизнестің жол картасы – 2020» секілді ірі кешенді бағдарламаның болмағандығын айттым. Расында, бұл бағдарлама бизнестің дамуына даңғыл жол ашты, — дейді Дания Мәдиқызы. Ең алдымен, бұл бағдарлама несиені төмен пайыздық ставкамен алуға мүмкіндік берді. Екіншіден, біз бұрын кәсіпкерлердің жобаларын қарау барысында кепілге қойылатын ештеңесі болмағандығы салдарынан қаржыландыра алмайтын едік, бағдарлама бұл мәселені де шешіп берді, яғни ендігі жерде кепілдікті «Даму» қоры арқылы алуға болады. Үшіншіден, егер бұрын инфрақұрылымды дамытуды қаржыландыруға кәсіпкердің мүмкіндігі көбіне бола бермейтін болса, бүгінде оны да мемлекет өз қолына алып отыр. Бұл — қазір кәсіпкерге өз бизнесін бастауға барлық мүмкіндік бар деген сөз.

Былтыр облыстағы банктер тарапынан 114 млрд. теңге несие берілді, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 есеге көп. Тұрғындардың салымдары да үш есеге артты. Бизнесті бастауға ниеттенгендер мен тұрғындар салымының артқаны — ел экономикасының қарқынды дамып келе жатқандығының айқын дәлелі. Мен Елбасымен сөйлескенде осы мәселелер туралы айттым.

Сөзімді мұқият тыңдаған Елбасы Ақтөбеде және басқа облыстарда жүзеге асырылып жатқан ірі-ірі жобалардың ел экономикасының айтарлықтай дамуына ықпал етіп отырғандығын айтып, қоғамның түрлі саласында жасалып жатқан игі істерге тоқталды. Нұрсұлтан Әбішұлымен сұхбаттасқан аз ғана уақытта мен қазір Қазақстанның үлкен экономикалық дүмпудің алдында тұрғанын түсіндім. Еліміздің болашағы зор. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бұл әңгімесін кездесуге жиналған шағын кәсіпкерлер тобы, банкирлер ғана емес, әрбір қазақстандық естуі керек еді. Өйткені елімізде жасалып жатқан жұмыстарды бұқаралық ақпарат құралдарынан оқу, телеарналардан есту бір бөлек те, Елбасымен бетпе-бет сөйлесу арқылы ұғыну бір бөлек.

Зауытты екі сағатқа жуық аралап, бизнес өкілдерімен әрбір мәселені егжей-тегжейлі  тиянақтаған Нұрсұлтан Әбішұлы атқарылып жатқан  жұмыстарға дән риза болды. «Ақтөбе — индустриялдық-инновациялық жобалар шеңберінде ғана емес, барлық салада көш бастап келеді!», — деді ол.

Бұл — Президент саясатын елге етене жеткізіп қана қоймай, облыс жұртшылығына оның жемісін жегізіп отырған облыс әкімі Елеусін Сағындықов пен оның командасына берілген жоғары баға.

Өткен жылы Елеусін Наурызбайұлының тікелей бастамасымен облысымызда «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» атты жастар марафоны дүниеге келген болатын. Осы марафонның жабылу салтанатына келіп, белсенді еңбек еткен жастарға өз қолымен сыйлық ұсынған Елбасы бұл тәжірибені еліміздің барлық аймағына тарату туралы ұсыныс айтқан болатын.

Сол ұсыныс республика жастары тарапынан ерекше қолдауға ие болып, енді күллі қазақстандық кеңістікті қамтитын бұл шара өткен аптада Елбасының батасымен Ақтөбеден бастау алды. Жастар қоңыр күзде атқарылған жұмыстар туралы Президентке рапорт беретін болады. Демек, Ақтөбе — игі бастамалардың да Отаны!

Елбасының облысымызға жасаған сапарынан біз түйген қорытынды осындай.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button