Денсаулық

Қарғалы ауданында бала туу көрсеткіші өскен

Аудандық аурухананың бас дәрігері Берік Жаржановтың айтуынша, мұнда жылына орта есеппен 250-ге жуық сәби дүниеге келеді.

Аурухананың перзентхана бөлімінде жүкті әйелдермен қатар, жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсету үшін барлық қажетті құрал-жабдықтар бар. Ал ананың сәбиін қолына аман-есен алуына білікті акушер-гинекологтар ТамараӘбрахманова,Равана Оруджова, Саяжан Исаева және неонатолог Раиса Қайсарова  көмектеседі.

— Еліміздің медицина саласын жақсартудағы ең маңызды міндеттердің бірі — ана мен бала денсаулығын қорғау. Ел Үкіметі мен Денсаулық сақтау министрлігі бұған үлкен көңіл бөліп отыр. Бүгінгі таңда жүкті әйелдерге құрамында йод және темірі бар препараттар тегін беріледі. Жаңа туған нәрестелерге арналған дәрі-дәрмек қобдишалары мен сүт қоспалары үлестіріледі, — дейді бас дәрігер.

Қарғалы аудандық ауруханасында перзентхана бөлімінен бөлек терапия, хирургия, балалар және жұқпалы аурулар бөлімі бар. Сондай-ақ емхана жанында жедел жәрдем бекеті жұмыс жасайды. Берік Жаржанов хирургиялық, урологиялық, травматологиялық, гинекологиялық оталардың барлығы өздерінде жасалатынын айтты. Ол үшін маман да жеткілікті, құрал-жабдықтар да бар.

Бүгінгі таңда ауруханада 39 дәрігер, 116 медбике жұмыс жасайды. Биыл тамыз айында жалпы тәжірибелі 2 дәрігердің келуі жоспарланып отыр.

Аурухана соңғы үлгідегі медициналық техникалық құралдармен жабдықталған. Мұнда заманауи цифрлық үлгідегі рентген — диагностикалық кешен, қан сақтауға арналған тоңазытқыш, вакцина сақтайтын тоңазытқыштар, анатомиялық материалдарды сақтайтын мұздатқыш, науқастарға арналған және феталді монитор, өкпені желдету аппараттары, мүгедектерге арналған арбалар, электрокардиограф, трансформер босану кереуеті мен функционалды кереуеттері бар. Сондай-ақ жылжымалы флюорокар, стоматологиялық және жылжымалы диагностикалық медициналық кешен жұмыс істейді.

Сонымен бірге аудандық аурухана мен барлық дәрігерлік амбулаторияларда бейнекамералар орнатылған.

Аудан тұрғындарына Бадамша ауылындағы 54 кереуеттік аурухана мен емханадан бөлек, 6 дәрігерлік амбулатория, 7 медициналық пункт қызмет көрсетеді.

Іргетасы 1954 жылы қаланған аурухана ғимараты 2017-2018 жылдары күрделі жөндеуден өткізілген. 2020 жылы инфекциялық бөлімшесінің сыртқы қасбетіне жөндеу жүргізілді. Дәл сол жылы Әлімбет пен Ш.Қалдаяқов ауылдарындағы амбулаториялар күрделі жөндеуден өтті. 2021 жылдың маусым айында Желтау селолық округінің Петропавл ауылында жалпы құны 60 млн теңге тұратын жаңа дәрігерлік амбулатория ғимараты сатып алынды. Алдағы уақытта жоспар бойынша емхананың функционалды-диагностикалық және лабораториялық бөлімшелерін дербес ғимаратқа ауыстыру мақсатында емханаға іргелес құрылыс салу көзделіп отыр.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button