Денсаулық

Пациенттерге қолайлы жағдай жасалған

Төрт жүзден астам қызметкердің басын қосып, 37 мыңнан астам тұрғынға медициналық көмек көрсетіп отырған Ақтөбедегі №7 қалалық емхана 2021 жылы Ақтөбе медициналық орталығының құрамынан шығып, өзара дербес мекеме ретінде қайта  құрылған болатын. Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Авиақалашық пен Сүт зауыты аудандарының тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетіп отырған емхана тынысымен танысып қайтқанбыз.

Емхана ғимараты 2009 жылы мемлекеттік «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған. 2017 жылы Ақтөбе медициналық орталығының құрамына енген қалалық емхана кейін «Өңірлерді дамыту»бағдарламасы аясында орталықтан бөлек шықты. Бүгінде өз ісінің кәсіби шебері Нұрлан Қожин басшылық етіп отырған ұйымшыл ұжымның негізгі миссиясы — пациенттің сеніміне қол жеткізу арқылы оған сапалы медициналық көмек көрсету.

Бас дәрігер жаңа емхана келушілер үшін барынша ыңғайлы етіп жасалғанын айтады.

— Дәрігерлердің сапалы медициналық қызметінен бөлек, емханада пациенттер үшін барынша қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Біздің емханада мамандардың кабинеттерін орналастырудың жаңа тәсілі қалыптасты. Мәселен, ең көп сұранысқа ие дәрігерлердің кабинеттері төменгі қабаттарға көшірілді. Ал әкімшілік бөлім  мен келушілері аз мамандардың бөлмелерін екінші қабатқа көшірдік. Пациенттерді қабылдауға арналған кабинеттер ыңғайлы жиһазбен жабдықталған. Сондай-ақ қызметкерлерге арналған демалатын  бөлме бар, — дейді Нұрлан Қожин.

Емхана маммограф, рентген аппараты, УДЗ аппараттары, функционалдық диагностика секілді соңғы үлгідегі медициналық-техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сондай-ақ мұнда компьютерлік томограф, денситометр (сүйек тінін зерттеуге арналған аппарат), сараптамалық кластағы УДЗ аппараттары бар.

Емхана қарамағында жылжымалы медициналық, маммографиялық кешендер бар. Аталған жылжымалы кешендер облыстың әрбір ауданы мен ауылында болып, 70 мыңға жуық тұрғынға көмек көрсеткен.

Қолымыздан келгенше аудандық ауруханалардағы әріптестерімізге де көмектесіп тұрамыз. Осы уақытқа дейін біздің емхананың жылжымалы кешендері 139 ауыл-аймаққа барып, ондағы тұрғындарға 284 625 консультативтік қызмет, 3 652120 аспаптық-диагностикалық қызмет көрсетілді. Оның ішінде 29125 адамның диагнозы анықталып, 2 955 тұрғын диспансерлік есепке алынды, — дейді  емхананың бас дәрігері Нұрлан Қожин.

Емхана құрылымында гепатологиялық, сурдологиялық, ерлер денсаулығы және  4 санатты шұғыл медициналық көмек көрсететін орталықтар бар. Ерлер денсаулығы орталығы 2015 жылдан бастап жұмыс жасайды. Ал гепатоорталықта 946 науқас есепте тұр.

Ауысымына 500 келушіні қабылдай алатын емхананың қызмет көрсету аумағында 6 мектеп, 4 балабақша, қалалық сүт зауыты, авиажөндеу зауыты, 35 қызметкерді қамтитын «зағиптар қоғамы», 225 адамы бар қарттар үйі бар.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button