Жаңалықтар

Бүлдіршіндер қуанышқа бөленді

Ойыл ауданының екі ауылдық округінде ойын алаңдары салтанатты түрде ашылып, ауыл балалары үшін нағыз мереке алаңы болды.

Олардың бірі Қараой ауылдық округінің орталық көшесінен жергілікті бюджет есебінен салынды. Қуанышты сәтпен ауыл әкімі Айбек Сұлтанов құттықтап, салтанатты түрде ашты. Ауыл балаларын қуанышқа бөлеген алаңның лентасын ауыл үлкендері Амангелді Темірмұқанов пен Айжан Досбаева қиып, ақ баталарын берді. Сондай-ақ ауыл жастары мен мектеп оқушылары өз өнерін көрсетіп, концерттік бағдарламасын көпшілік назарына ұсынды.

Осындай ойын алаңының ашылуы Сарбие ауылдық округінде де өтті. Ауыл орталығындағы Молдағұлова көшесі бойынан салынған ойын алаңының құрылысына 6 миллион теңге жұмсалған. Ашылу салтанатында ауыл әкімі Дәурен Бисебаев тұрғындарды құттықтады. Үлкендер бата беріп, ақ жаулықты әжелер шашуларын шашты. Ал жергілікті кәсіпкерлер бүлдіршіндерге тегін балмұздақ пен түрлі тәттілер таратып, шара соңы ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Мұның бәрі Балалар жылы аясында есте қаларлық сәттердің біріне айналғаны анық.

А.БОЛАТБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button