Жаңалықтар

Шалқарлық полицейлердің қамқорлығы

Қайырымдылық

Шалқар ауданы бойынша жыл басынан бері ойын жасындағы балалардың кенеттен қайғылы қазаға ұшыраған үш оқиғасы тіркелді. Оның екеуі — балалардың ауладағы суға және әжетхана құдықтарына абайсызда түсіп кетуінен болды.

Жер аяғы кеңіген мезгілде үш жасар ұлын ауласындағы құдықтан өлі күйінде тауып алып, жүрегі қарс айырылған анна І.Төкешованың төрт баласы бар еді. Жолдасы өткен жылы мезгілсіз қайтыс болған. Өзінің туған әке-шешесі де өмірден өткен. Қазір ата-анасынан қалған үйде үш баласымен тұрып жатыр.

Балаларымды көзден таса қылмайтынмын. Бірақ үйімізге ауыз су қондырылмағандықтан, суды бір көше асып барып бұраннан әкелемін. Сондай сәттерде балаларымды ойлап жанұшырып тұрамын. Өзегімді өртеген сол күн есімнен кетпейді. Аулада шегенделген, беті ағашпен жабылған тереңдігі үш метр құдық бар еді. Үш жасар ұлым ойнап жүріп, соның ішіне ойыншық қалағын түсіріп алған. Соны аламын деп ішіне үңіліп,түсіп кеткен болуы керек, — дейді өкініші өзегін өртеген ана.

Бұл оқиға барысы полиция қызметкерлерінің де жіті назарында болды.  Жас ананың үйінде болған қайғылы оқиғаға жергілікті тәртіп сақшылары да бейжай қарай алмады. Қазақстан полициясы құрылғанына 30 жыл толуына орайластырылған «30 игі іс» аясындағы игілікті істерінің шарапатын осы әулетке де тигізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт КемелұлыТоқаев биылғы жылды Балалар жылы деп жариялағандықтан,Қазақстан полициясы құрылғанына 30 жыл толуына орай өткізілетін іс-шараларды негізінен балаларға арнағанды дұрыс көрдік. Олардың қатарында жалғызбасты аналардың балаларына көмектесу, лагерьлерге жолдама беру, балаларды өлкеміздегі тарихи орындарға саяхаттату сынды қайырымдылық істер бар.

Үш жасар ұлынан айырылған ауылдасымыздың үйінде орын алған оқиғаға бәріміздің қабырғамыз қайысты. Шалқар аудандық полиция бөлімінің ұжымы жақында жалғызбасты ананың үйіне ауызсу кіргізіп берді. Алдағы уақытта ата-анасының атында тұрған үйді өз атына рәсімдеп беруге құжаттарын реттестіруге көмектесеміз және үйге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді ұйымдастырамыз, — дейді Шалқар аудандық полиция бөлімі бастығының кадр жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Алтыншаш Жасанова.

Алайда сәбиін жоғалтқан ананың жүрегіндегі өкінішті ешкім емдей алмас. Тәртіп сақшыларының бұл қамқорлығы — көңілі қаяу жанға қарлығаштың қанатымен су сепкендей ғана медеу. Ал ізгілік тұрғысынан бағаласақ — үлкен үлгілі іс.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button