Жаңалықтар

Ұлттық ұландағы кездесу

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланына қарасты «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 6655 әскери бөлімінде болды.

Өңір басшысы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың армияның жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру туралы тапсырмасының орындалуы жөнінде білді. Мұнан соң бөлімнің әскери инфрақұрылым нысандарын салу, пайдалану және жөндеу жұмыстарының барысымен жақынырақ танысты.

Облыс әкімі сондай-ақ 6655 әскери бөлімінің командирі, полковник Мирас Тұрдалиннің бөлімнің атқарған қызметтік-жауынгерлік тапсырмалары мен түйткілді мәселелер туралы есебін тыңдап, сарбаздармен кездесіп, әңгімелесті.

Сонымен қатарәскери қызметшілердің қызмет беделін арттыру мәселелері талқыланды.

Облыс басшысы Ұлттық ұлан сарбаздары полиция қызметкерлерімен бірге Батыс өңіріндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша аса маңызды міндеттерді атқарып жатқанын ерекше атап өтті.

Кездесу барысында полковник Мирас Тұрдалин жеке құрам атынан облыс басшысына алғыс айтып, Ұлттық ұлан сарбаздары қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауға, құқықтар мен бостандықтарды қорғауға үлес қосуға әрқашан дайын екеніне сендірді.

 Н.ДАБЫЛОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button