Мәдениет

«Алтын-ай» бағындырған тағы бір белес

Шымкент қаласында өткен халықаралық-шығармашылық «Star way» фестиваль-байқауында «Алтын-ай» би ансамблінің үлкен тобы бас жүлдені  жеңіп алса, кіші тобы 1-орынды қанжығасына байлады.

«Алтын-айдың» қыздары бұған дейін Ақтөбе қаласында өткен республикалық «Festlive» хореграфиялық бишілер байқауында да бас жүлдені иеленіп, Түркияға  жолдама алған болатын.

Республикалық, облыстық дүбірлі додаларда аудан атын абыроймен қорғап жүрген «Алтын-ай» би ансамблінің құрылғанына  биыл 12 жыл толды.

Құрылған уақытында көркемдік жетекшісі Жансұлу Аңсатова болған би тобына бүгінде  Мөлдір Ілиясова жетекшілік етіп жүр. Ұйымшыл ұжым 50 қыздың басын біріктіріп отыр.

Халықаралық би күніне орай аудандық Мәдениет үйінде би ансамблі «Ұлттық биім — елге сыйым» атты есеп беру кешін өткізді. Мерекелік кешке аудан әкімінің орынбасары Нұрлыгүл Бердіханқызы қатысып, Ж.Аңсатова мен М.Ілиясоваға аудан әкімі С.Аманбаевтың Алғыс хатын табыстады. Ал Мәдениет үйінің директоры би ұжымының белсенді ата-аналарын Алғыс хатпен марапаттады.

                                                                                  Назерке ТАЛҒАТҚЫЗЫ,

Аудандық мәдениет үйінің бұқаралық іс-шара жүргізушісі.

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button