Жаңалықтар

Аяқкиімді қолдан тоқиды

Жиырма бес жылдан астам уақыт ұстаздық етіп келе жатқан Гүлмира Саттарова бүгінде репетиторлықпен қоса тоқыма тоқып, өзінің жақсы көретін ісін табыс көзіне айналдырып отыр.

Тоқыма өнерінебала кезден қызыққанын айтады. Оқушы кезінде анасынан әуелі қолғап, шұлық тоқып үйренеді. Есейе келе ересектерге жеңсіз жейде, кішкентай балаларға түрлітүсті жіптерден әдемі киімдер тоқуды ермек қылады. Өзінің айтуынша, ілмекті екі жыл бұрын ғана ұстап көріпті. Оған дейін тоқыма бұйымдарын тек бес сым темірмен тоқыған.

— 2020 жылынаурызда коронавирустың таралуына байланысты карантиндік шектеулер басталғанда уақытты босқа өткізбеуге тырыстым. Әлеуметтік желіні ақтарып отырып, аяқкиім тоқудың түрлерін және табыс табудың жолдарын түсіндіріп жатқан онлайн вебинарға көзім түсті. Тоқыма ермегім болғандықтан онлайн сабақтарды бірден сатып алдым. Алайда бұл ілмекпен тоқу сабақтары екен. Содан қалай тоқитынын үйреніп, аяқкиімнің табандары мен жіптерге тапсырыс бердім. Алматыдан тапсырысым келгенше, сабақтарды мұқият қайталап қарап жүрдім. Ілмекті сонда ғана қолыма бірінші рет ұстадым. Оған дейін бәрін бес сым темірмен тоқитынмын. «Аяқкиімді ілмекпен тоқи аламын ба?» деген қорқыныш пен қобалжу болды. Ең әуелі немереме үйге киетін сүйретпе тоқып бердім. Балаларым инстаграм желісінен @sheberqol деген парақша ашып берді. Сол жерге ілмекпен тоқыған сүйретпенің фотосын салып қойдым. Алғашқы тапсырыс берушілерім — өзімнің айналамдағы туысқандарым мен достарым, таныстарым болды, — дейді Гүлмира Жалмұханқызы.

Бүгінде ол тұтынушылардың сұранысына сай сыртта киетін сүйретпе, кеды, мокасин, тіпті кроссовка да тоқи береді. Шебердің айтуынша,бастапқыдай емес, тапсырыс берушілердің аясы кеңейген.

Шебер тоқымаға қажетті құралдарды Алматыдан, шетелден алдыртады екен. Мәселен, балетканыТүркия, Ираннан алдыртқан жіптермен тоқитынын айтады. Дәл қазір мокасины, кеды мен кроссовкалардықытайдан алдыртқан жібекжіптерментоқыпжатыр екен.

— Желім пайдаланбаймын,  аяқкиім тігетін бізді қолданамын. Кейбір табандардың жіп өткізуге арналған тесіктерін бізбен тесіп, дайындап аламын.  Жіптердің сапасы жақсы, созылып кетпейді, түктенбейді. Сондықтан тоқыған аяқкиімдерімді ұялмай ұсынамын. Кір машинаға салып жуып алуға да болады. Жіптердің қай түрі де өңін бермейді, жуғанда бояуы да шықпайды, өте жұмсақ.Әсіресе кез келген аяқкиім сай            келе қоймайтын адамдарға өте ыңғайлы. Әуелі клиенттерімнің дені әйелдер болды, қазір ер адамдардың да кедыларын тоқып жатырмын. Арасында киілген аяқкиімдерді жөндеп, қайта тоқып беремін. Тапсырыс берушінің қалауына қарай кейбір аяқкиімді моншақтармен сәндеймін. Балалар аяқкиімін тоқуға енді кірісіп жатырмын. Оған керек заттарды алдыртып қойдым. Түріктер өндірген аяқкиім табандары жеңіл әрі су өткізбейді,— дейді тоқымашы.

Гүлмирадан тоқылған аяқкиімдердің бағасын сұрадық. Балеткалар 3 мың теңгеден басталады екен. Үйге киетін шәркейлерін 4-4,5 мың теңгеден ұсынса, сыртқа киетін сүйретпелердің бағасы 8-10 мың теңге аралығында. Аяқкиімнің бұл түрін көбіне емхана, балабақша қызметкерлері сұрайтын көрінеді.

Шебердің 13-15 мың теңгеден ұсынатын тоқылған кеды,кроссовкаларының сапасы фабрикадан шыққан аяқкиімдерден артық болмаса, кем түспейді.

— Тұтынушыларына трендтегі тоқыма «аяқкиімдерді» ұсынып, «Алтын қол» деген брендпен танылған кәсіпкер Күләнда Жөкішқызынан көп нәрсе үйрендім. Оның Алматыда дүкені бар, табандар мен жіптерге де мен сол кісі арқылы тапсырыс беремін. Ақтөбеде ондай заттар сататын дүкенжоқ. Күләнда Жөкішқызының оқытқан шәкірттері әр өңірде бар. Кейбірі дүкен ашып алған. Мен де кәсібімді дамытып, Ақтөбеден «Шеберқол» деген брендпен дүкен ашқым келеді, — дейді қолөнер шебері.

«Еңбектiң көзiн тапқан байлықтың өзiн табады» дейді. Соңғы сегіз жылдан бері бастауыш сыныптың оқушыларына репетитор болып жүрген Гүлмира Жалмұханқызы әуелі ілмекті ермек етіп бастап, кейін кәсіпке шығармашылықпен кірісіп, бүгінде тоқыманы тәп-тәуір табыс көзіне айналдырып отыр. Кәсіпті ерте бастаған отағасы Мереке Жақсылықұлы да табыстың жаңа көзін тапқан тынымсыз келіншегіне дән риза, әрқашан қолдап отырады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button