Жаңалықтар

Техниканың тілін білетін Тимур

Қандыағаштық көлік жүргізушілері темір тұлпары бұзылып қалса, бірден ТимурӘбдіровті іздейді. Техниканың тілін жақсы білетін жігіт бұл шеберлігін кәсіпке айналдырған. Мемлекеттік«Бастау-Бизнес» жобасына қатысып, техникалық қызмет көрсету стансасын ашқанын айтады.

— Бұл кәсіпті бастамас бұрын жеті жылдан астам уақыт біреудің техникалық қызмет көрсету стансасын жалға алып, жұмыс істеп жүрдім. Осы уақыт аралығында қаражат жинап, жер сатып алып, ғимарат салдым. Өкінішке қарай, ғимараттың ішкі жұмыстарына және құрал-жабдық сатып алуға  қолымдағы қаржы жетпеді. Жеке бизнесті бастауға «Бастау-Бизнес» жобасы көмектесті. Менің бизнес-идеямды «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы директоры қолдап, кәсіпкерлік негіздерін үйрететін курсты оқып алуды ұсынды, — дейді ол.

Бүгінде автосервис қызметіне сұраныс жоғары. Себебі көлік көп. Тимурға кәсіп бастамас бұрын бұл нарықты зерттеудің қажеті болмады. Себебі өзі осы салада бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандықтан, сұраныстың күн сайын артып келе жатқандығына көзі жетті.

—  Менің бұл саладағы тәжірибем жеткілікті. Клиенттерім де баршылық. Оқу барысында бизнес-тренер Мейірхан Жангелдіұлы бизнес-жоспар құруды, жұмысшылармен жұмыс істеуді үйретті. Курсты аяқтаған соң тыңғылықты дайындаған бизнес-жоспарымды сәтті қорғап, көптен күткен сертификатымды алдым. Бизнес-жоспарымдыкәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы мамандары құптап, кәсіпкерлік негіздерін оқып алған соң ғана техникалық қызмет көрсету стансасын ашуға тәуекел еттім, — дейдіжас кәсіпкер.

Курстан соң Тимур Әбдіров кепіл қойып алатын несиеге өтініш береді. Сөйтіп, 4 миллион теңге көлемінде несие алып, оны бітпей қалған жөндеу жұмыстары мен қажетті құрал-жабдық алуға жұмсайды. Салық органында жеке кәсіпкер болып тіркелген ол жеке кәсібін жүргізуге құлшына кіріскенін айтады:

— Біздің басқа автосервистерден айырмашылығымыз —көліктің қозғалтқышын жөндейміз. Оны кез келген жерде жөндей алмайды, — дейді өз ісінің шебері.

Сондай-ақ кәсіп ашқысы келетін адамдарға жеке бизнесті сауатты жүргізуге үйрететін «Бастау-Бизнес» жобасының көп көмегі барын айтты. Ол кәсіп бастауға жол көрсетіп, белсенді жастарды қолдап жүрген өңірлік кәсіпкерлер палатасының Мұғалжар аудандық филиалының басшысы Бернияз Длимовке ризашылығын білдірді.

Әсел АБДАНБАЕВА,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button