Басты жаңалықтар

41-разъездегі жолдың жыры түбегейлі шешіледі

Жол азабын ақтөбеліктер жақсы біледі. Облыс пен ауданаралық қатынасты былай қойғанда, қала көшелеріндегі шұрқ тесік жолдар тұрғындарды әбден шаршатты. Жол мәселесіне келгенде өзге облыстарға қарағанда төменгі орында тұрғанымызды облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің өзі де айтып отыр. Осы олқылықты жою мақсатында бүгінгі таңда облыс аумағында қарқынды жұмыстар қолға алынған. Бұрын-соңды жөндеу көрмеген жолдарға асфальт төселіп, қала көшелеріндегі жолдар кеңейтіліп жатыр. Жұма күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин қала маңындағы жолдардың жағдайымен танысып, бірқатар нысандарды аралады.

 Алдымен облыс әкімі Ақтөбе-Қандыағаш тасжолының 19-шақырымында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмысымен танысты. Жоспар бойынша көпшілік күткен жолдың құрылысы келер жылы аяқталуға тиіс. Бірақ жолшылар биыл күзге дейін жолдың бір жағын пайдалануға беретіндерін айтты. Қайта жаңарту жобасына сәйкес жол 4 жолақты етіп салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарының Ақтөбе қаласынан Алғаның Тамды ауылына дейінгі аумағын, яғни 11-52-шақырымын аралығын «SineMidasStroy» БК»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  жүргізсе, Тамдыдан Қандыағашқа дейінгі жерді «AссанаДорСтрой»,«Ақжол Құрылыс» БК», «AzVirt» компаниялары салып жатыр. Асфалть төсеу жұмыстарын мамыр айында бастаған «SineMidasStroy» БК»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жолдың 3 шақырымына асфальт төсеп, жол белгілерін орнатқан. Аталған учаске бүгін-ертең ашылады. Ал тасжолдың 19- шақырымын мердігерлер екі аптаның айналысында бітіріп, оны да пайдалануға беретіндерін айтты. Қандыағашқа дейінгі салынып жатқан жолдың жайын облыс әкіміне «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Марат Махамбетов баяндап берді.

Бұдан соң өңір басшысы 41-разъезд маңындағы Оңтүстік айналма жолға барды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, 2017 жылы басталған бұл айналма жолдың ұзындығы 13,5 шақырымды құрайды. Бүгінде оның 9 шақырымына асфальт төселген. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жолшылар бүгінгі таңда айналма жолдың Ясный ауылы маңындағы учаскесіне асфальт төсеу жұмыстарын бастағалы жатыр. Басқарма басшысы осы айдың жиырмасына дейін жолды асфальттап, уақытша пайдалануға беретіндерін айтты.

Сондай-ақ дәл осы күні Оңдасын Оразалин 8 жолаққа дейін кеңейтіліп жатқан Тәуелсіздік көшесіне барып, мердігерлермен тілдесті. Алдағы уақытта Әлия Молдағұлова даңғылы мен Ғазиза Жұбанова көшесін жалғап жатқан Тәуелсіздік көшесіндегі жол 8 жолақты, ал Мұстафа Шоқай көшесіндегі жол 6 жолақты етіп салынады.

Қобда мен Мәртөкті жалғайтын батыс айналма жолының да құрылысымен танысқан облыс әкімі жауапты мердігерлер мен мекемелерге тиісті тапсырмалар берді.

— Өңір тұрғындарын алаңдатқан мәселенің бірі жол екенін жақсы білеміз. Оны шешу үшін тиісінше кезең-кезеңімен жұмыстар жасалып жатыр. Өткен жылы Ақтөбе мен Қандыағаштың арасын байланыстырып жатқан үлкен жолдың құрылысы басталды. Биыл күзге дейін Қандыағашқа барар жолдың бір бөлігін ашып береміз. Қала тұрғындарының наразылығын тудырған 41 разъездегі жолайрығының мәселесін де түбегейлі шешуді көздеп отырмыз.  Өткен жылы мердігер өз міндетін дұрыс атқара алмағандықтан, тұрғындар мен жүргізушілерге біраз ыңғайсыздық тудырған еді. Қазір құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Сондай-ақ қаладағы кептелісті азайту мақсатында жолдарды кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Енді Тәуелсіздік көшесіндегі жол 8 жолақты болады. Бұл — екі жылдық жоба. Қазіргі таңда мердігерлер жұмысқа кірісті. Биыл Мұстафа Шоқай көшесіндегі жолды 6 жолақты етіп бітіріп берсе, Тәуелсіздік көшесіндегі жол толығымен келер жылы аяқталатын болады. Ал мына біз тұрған батыс айналма жолының құрылысы аяқталса, ауыр жүк көліктері қала ішіне кірмейді. Сондай-ақ қала толық айналма жолмен қамтамасыз етіледі. Бұл жоба да 2-3 жылға жоспарланған.

Мердігер мекемелерге жұмыстарын уақтылы әрі сапалы орындау міндеті қойылды. Тұрғындарға қолайсыздық тудырмау жағын қарастыруды да тапсырдым, — деді облыс әкімі.

Тағы бір ірі сауда орталығы ашылады

 Бұдан соң облыс әкімі Нокин даңғылында бой көтерген  «Dalida Center» көпфункционалды сауда орталығының жұмысымен танысты. Жобаның бастамашысы — бұған дейін өңірде бірнеше білім беру ұйымының құрылысын жүргізген кәсіпкер Зәмзәгүл Баймағамбетова. Бірер күнде ашылу салтанаты өтетін сауда орталығынан киім-кешектен басқа тұрмыстық-техника құралдары мен түрлі  жиһаздарды таба аласыз.  Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, сауда орталығын салған кәсіпкер «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 3 млрд теңгеге жуық жеңілдетілген несие алған. Сауда үйі ашылғаннан кейін 200-ге жуық жаңа жұмыс орны іске кіріседі. Орталықтың инфрақұрылы да «Жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізіледі.

Балаларға базарлық

Балалар жылы аясында кішкентай ақтөбеліктерге арналған тағы бір аквапарк өз есігін ашпақшы. Жаңа жоба бұған дейін көпшіліктің сүйікті демалыс орнына айналған «Yurtapark» ойын-сауық кешені алаңында болады. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған аквапаркпің есігі балалар үшін 1 шілдеде ашылады. «Yurtapark» ойын-сауық кешенінің бас директоры Ботагөз Танабаева облыс әкімі Оңдасын Оразалинге жаңа алаңның жұмысын таныстырды.

Мұнда 3 төбешігі бар екі бассейн болады. Демалушылар үшін барлық жағдай жасалмақ. Қауіпсіздік шараларына да, санитарлық талаптарға да баса назар аударылады. Аймаққа кіру құны ересектер үшін — 5000 теңге,  балаларға — 3000 теңге. Ал көпбалалы отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар мен мүгедектігі бар балаларға жеңілдік қарастырылған.

Бұл жобаны іске асыру үшін кәсіпкер  «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 500 миллион теңгеге жуық жеңілдетілген несие алып, мемлекеттік бағдарлама аясында қажетті инфрақұрылымдарын жүргізген.

Кәсіпкер бұдан басқа қала аумағында тағы бір ірі жаңа жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Келер жылы Ақтөбеде жастарға арналған демалыс орталығы ашылады. Негізгі қаражат көзі өздерінен болатындығын айтқан Ботагөз Танабаева бұл орталықтың жұмысын жүзеге асыру үшін де мемлекеттік бағдарламаға қатысатындығын жеткізді.

Туристік ақпараттық орталық

Қаланың орталығында жаңадан ашылған «Visit Aktobe» туристік ақпараттық орталығының мақсаты — ішкі туризмді дамыту, саяхатшыларға ақпарат беру. Мұнда 15-ке жуық адам жұмыс жасайтын болады. Сондай-ақ ұлттық дәстүрімізді, құндылықтарымызды насихаттау мақсатында түрлі шеберлік сағаттары ұйымдастырылатын бұрыш та жасақталған.

Орталық қызметкерлерімен тілдесіп, ішкі туризмнің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген жас кәсіпкерлердің жобаларымен танысқан өңір басшысы жаңа туристік ақпараттық орталық жұмысынан экономикалық тұрғыда нәтиже күтетінін айтты.

— Туризм — көптеген жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін сала. Бұл орталыққа келген адам туристік орындар туралы осы жерден толық ақпарат ала алатындай болуы керек. Бізде табиғаты сұлу жерлер де, киелі жерлер де баршылық. Тек соны өз деңгейінде насихаттау қажет, — деді ол.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button