Жаңалықтар

Қаңғыбас иттің қасіреті

Ақтөбеде 9 маусым күні қайғылы оқиға болды. Есет батыр тұрғын алабының №3 шағын ауданы аумағында орналасқан құрылыс нысандарының маңынан 12 жастағы ер баланың мәйіті табылды. Болжам бойынша баланы бұралқы иттер талап өлтірген.

Қазіргі таңда облыстық полиция департаменті  істі қолға алды. Сараптама жұмыстары жүргізілуде. Бұл — 10-15 күнге созылатын жұмыс. Істі облыс әкімі Оңдасын Оразалин және тиісті құзырлы мекеме өкілдері бақылауына алды.

Қазір қаңғыбас иттер мен мысықтардың саны бұрынғыға қарағанда өскенін байқап отырмыз. Осыған байланысты 25 мамырдан бастап түскен арыздар бойынша 274 бұралқы иттің көзі жойылды. Алайда иттердің саны азаймай отыр, — деді облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов.

Жергілікті полиция бөлімінің басшысы Ардана Саймағамбетовтың айтуынша, оқиға кешкі уақытта болған. Департаментке түнгі сағат 12:00 шамасында баланың жоғалғаны туралы хабар түскен.

— Құрылыс алаңында баланың мәйіті табылды. Бала көп қан жоғалтқан. Денесінің басым бөлігі, яғни басы, қолы мен аяғы жарақаттанған. Болжам бойынша ит талап өлтірген. Аталған факті бойынша бірқатар медициналық сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Жалпы Есет батыр тұрғын алабы бойынша итке шағымданған 14 хабарлама келіп түсті, — дейді ол.

2 наурызда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» туралы Заң қабылданғаны белгілі. Жақсығали Иманқұловтың сөзінше, Заңға сәйкес нормативтік актілер Әділет департаментінде тіркелген. Бірақ 60 күннен кейін, яғни биыл 18 шілдеден кейін ғана күшіне енеді. Содан кейін қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылмақ.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button