Денсаулық

Спорттық жаттығу жан сергітеді

Ақтөбе қаласындағы №5 қалалық емханада «Саламатты өмір салтын бірге сақтайық!» атты акция ұйымдастырылып жатыр.

Әр аптаның сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері емхана ауласына жиналған тұрғындар денсаулықты нығайту мақсатында спорттық жаттығулар жасайды. Ашық аспан астында өтетін түрлі жаттығулар адамның тыныс алуын жақсартып, өзін сергек сезінеуіне сеп болмақ.

Бүгінде аталған акцияға әсіресе, егде жастағы кісілер тұрақты түрде қатысып, өз ризашылықтарын білдіріп жатыр.

— Емханада осындай шара ұйымдастырылып жатқанына өте қуаныштымыз. Үйде бос отырмай, бір уақыт осында келіп жаттығумен айналысамыз.  Денсаулығыма оң әсерін тигізіп жүргенін байқап жүрмін. Өзімді жақсы сезінемін. Жаттығуды таза ауада жасаған денсаулыққа екі есе пайдалы.

Бәріміздің басымызды қосып, шараны ұйымдастырушы, емхананың жалпы тәжірибелік дәрігер меңгерушісі Гүлайна Ізімоваға алғысымды білдіремін. Әрі барша абзал жандарды келе жатқан медицина қызметкерлері күнімен құттықтаймын, — дейді зейнеткер Сара Қалиева.

Қимыл белсенділігі мен организмді шынықтыру — салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі. Адам әрдайым қимыл-қозғалыста болса, организмнің жұмыс жасау қабілеті жоғарылап, белсенділігі артады және ағзасы кез келген аурумен өздігінен күресе алады. Сондықтан спорттық жаттығулардың пайдасы орасан зор.

Айта кетейік, аталған шара жыл бойы жалғасатын болады. Акцияға барлық емхана емделушілері қатыса алады.

Мөлдір ИСПОЛОВА,

№5 қалалық емхананың жалпы

тәжірибелік дәрігер медбикесі.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button